«Раушан гүлі мен көбелектің романы» қойылымы «Үздік балалар спектаклі» номинациясы бойынша UMAI ұлттық сыйлығымен марапатталды. Бұл қойылымдағы барлық партияларды Қазақ ұлттық хореография академиясының білім алушылары орындады, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Желтоқсанның 23-і күні «Астана Опера» театрында Қазақстан Республикасының өнер саласындағы Umai ұлттық сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Umai ұлттық сыйлығы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыруымен өткізіледі, және 2022 жылы Қазақстанның шығармашылық ұжымдарына, жекелеген орындаушыларға, өнер қайраткерлеріне 2020/2021, 2021/2022 екі театрлық (концерттік) маусымдағы айтулы шығармашылық табыстары мен атақты кәсіби жетістіктері үшін берілді.
«Раушан гүлі мен көбелектің романы» спектаклі «Үздік балет спектаклі» және «Үздік балалар спектаклі» номинациялары бойынша жүлденің финалына шығып, екінші номинацияны жеңіп алды. Жүлдені академия ректоры Бибігүл Нүсіпжановаға ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев табыстады.
«Біз үшін бұл жеңіс маңызды және біздің спектакль бірден екі номинация бойынша «Астана Опера», «Астана Балет» және басқа да кәсіби театрлардың туындыларымен қатар жүлде финалистері арасында жарияланғанда қатты қуандық. Өйткені, академия – әлемдік деңгейде білім беретін жоғары кәсіби оқу ордасы болғанымен, театр ұжымы емес, ең алдымен оқу орны. Бұл академия білім алушыларының дайындық деңгейі де, спектаклдің деңгейі де жоғары екенін көрсетеді» Хореография академиясының концерттік қызмет бөлімінің басшысы Гүлнар Әлиева
«Раушан гүлі мен көбелектің романы» – атақты хореограф Василий Медведев өңдеген ұлы Мариус Петипаның соңғы туындысы, бірегей спектакль. Мариус Петипа оны ХХ ғасырдың басында қойғанымен, кәсіби сахнаға шығаруға үлгермей қалды. Бір ғасырдан кейін ғана оның әлемдік премьерасы өтті – Қазақ ұлттық хореография академиясы бұл кішкентай жауһарды 2021 жылы Қазақстанның елордасында Астана балет сахнасында көрермендерге ұсынды.
Әлиеваның айтуынша, бұл қойылым үлкен шығармашылық ұжым жұмысының нәтижесі – хореография, қалпына келтірілген партитура, декорациялар мен костюмдер, репетитор оқытушылар мен сахнада өнер көрсеткен академия тәрбиеленушілерінің де еңбегі.
«UMAI сыйлығының біз үшін маңызы зор, жеңістен кейін қазақстандықтар «Раушан гүлі мен көбелектің романы» туралы көбірек білетін болады деп үміттенеміз, ал эксперттік комиссияның оң бағасы «Сапа белгісі» таңбасы сияқты оның жоғары деңгейде екенін дәлелдейді» Гүлнар Әлиева