Алға қойған межелі міндеттерімізді жоғары деңгейде жүзеге асырамыз

748

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында: «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс», – деді. Шындығында, елдің әл-ауқаты, жағдайы түзелмей, өзге салада жетістікке жетуіміз мүмкін емес. Әрине, бұл жолдаудың ерекшелігі сол – елді дамытудың негізгі тетіктеріне нақты мәселелер қойылды.

Мемлекет басшысы жаңа Қазақстан құрудың жаңа міндеттеріне тоқталып, халықты ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырды. Ел дамуындағы айрықша бетбұрыстар әр салада жаңа, креативті шешімдер қабылдауды қажет етеді. Кез келген реформаны іске асырудың кілті ғылым мен білімде екені сөзсіз. Сондықтан өркениетке ұмтылған жаңа Қазақстанның кескін-келбетін білімді жастар мен еңбекқор мамандар жасайтыны анық. Бұл орайда, жоғары білім беру жүйесіне жаңаша талаптар мен жауапты міндеттер жүктеп отырғанын түсінеміз.

«Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады» Қасым-Жомарт Тоқаев

Отандық жоғары оқу орындары сапасының артуына орай, оларда оқу құны да өсетіні анық. Осыған байланысты мемлекет білім беру гранттарын бөлуді жоспарлап отыр, яғни ҰБТ нәтижелері мен өзге де көрсеткіштерге байланысты мөлшері бойынша 30-дан 100 пайызға дейін сараланып, жылдық 2-3 пайызбен оқуға несие беріледі. Бұл мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Білім саласына қатысты келесі өзекті мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл мәселені шешу мақсатында Президент жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін белсенді енгізуді ұсынды.

Қазіргі кезеңде қазақстандық жоғары оқу орындарының бірі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің ең ірі ғылыми-зерттеу және білім беру орталығы. Біздің терең тарихымыз, оқытушылар мен ғалымдарымыздың ғылыми әлеуеті, білім алушы жастарымыздың біліктілігі – университеттің әлемдік бәсекеге қабілеттілігінің негізі. 2022 жылғы 25 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ғылыми-зерттеу университеті мәртебесі берілді. Білім ордасын зерттеу университетіне айналдыру тек қаржылық инвестицияны ғана емес, сонымен қатар дұрыс басқару стратегиясын қажет ететін күрделі жұмыс. Біз қазақстандық және халықаралық тәжірибемен салыстыра отырып, өз көрсеткіштерімізге жан-жақты талдау жасадық. Нәтижесінде ҚазҰУ-дың 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасы әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде әзірленді. Бағдарламада біздің мүмкіндіктеріміз, қазіргі заманғы үрдістер мен еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі мемлекеттік саясат ескерілген.

ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу университетіне трансформациялануы отандық ғылым мен білімнің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, жаңа зияткерлік өнімдерді, инновацияларды құру арқылы өңірлік және республикалық инновациялық экожүйелерді дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді. 2021-22 оқу жылы университетіміз үшін өте табысты жыл болды. Университет QS WUR жаһандық рейтингі бойынша Топ-200 ішінде 25 позицияға жоғарылап, 175-орыннан 150-орынға көтерілді. Жаңа 2023 оқу жылында да алға қойған межелі міндеттерді жоғары деңгейде жүзеге асырамыз деген үміт бар.

Бүгінгі таңда университет еліміздегі ғылыми жобалар мен ғылыми жарияланымдар саны бойынша көшбасшы болып табылады.

Пірімбек Сүлейменов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, саяси ғылымының кандидаты

Саяси реформалар – салиқалы саясаттың нәтижесі

Бүгінгі күні біздің ел қоғамдық-саяси өмірдің барлық салаларын кезең-кезеңмен демократияландыруды жүзеге асыруға ұстанған стратегиялық бағытынан ауытқымай, әлем жұртшылығын өзінің керемет кемел саясатымен таңғалдырып отыр. Соңғы бір жылдың көлемінде Қазақстанда жаңа екпінмен қарқын алған саяси реформалардың барысы мен нәтижесі көңіл қуантарлықтай.

Қазақстандық қоғамда шынайы демократияландыру процестері жүріп жатқанын азаматтардың еркі мен бостандығын қамтамасыз еткендігімізден, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын дамытып, азаматтық қоғам құра алғанымыздан анық байқауға болады. Мұндай тарихи мәні бар саяси бағыттардағы табыстарға қол жеткізу қазақстандықтардың өз елінің бүгіні мен болашағы алдындағы жауапкершілігінен туындады деп нық сеніммен айта аламыз.

Күн өткен сайын Қазақстандағы саяси реформалардың нәтижелілігі, демократия мен саяси тұрақтылық мәселесі азаматтардың саяси мәдениетіне тікелей байланысты екені анық аңғарылып отыр. Қоғамды біріктіру мен саяси тұрақтылық мәселелері біздің қоғам үшін де өзінің өзектілігін еш уақытта жоймайтыны белгілі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басында тұрған еліміздің саяси басшылығы қазақстандық қоғамды біріктіру мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қазіргі мемлекеттік саясатты ұтымды саяси реформалар негізінде жүзеге асырып отырғаны баршаға аян. Себебі нағыз азаматтық қоғам құру үшін саяси реформаларды тек демократиялық қағидаттар арқылы жүргізу – бүгінгі заман талабы.

Тура бір жыл бұрын Қазақстанда орын алған қаралы оқиғалар легі еліміздің басты құндылығы мен идеалы – егемендігіміз бен тәуелсіздігімізге үлкен қатер әрі сын болғаны анық. Осындай сынақтан абыроймен шыққан Қазақстан халқы бүкіл әлемге өзінің саяси тарихындағы жаңа беттердің ашылатынын паш етті.

Президент Қ.К.Тоқаевқа үміт артқан халқымыз оның үш жыл бұрын бастаған саяси және экономикалық реформаларының одан әрі жаңаша сипатта, яғни әділетті Қазақстан тұжырымдамасы негізінде жалғасын табатынына сенім білдірді.

Сол сенім бүкілхалықтық референдумды табысты өткізіп, елімізде өтіп жатқан саяси реформаларды құқықтық жағынан бекемдеп беретін ҚР Конституциясына толықтырулар мен өзгертулер енгізумен сәтті аяқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлкен саяси тәуекелге барып, өзінің өкілеттілігін қысқартып, өткен күзде жаңа президенттік сайлау өткізіп, сол саяси додада жеңіске жетуі және президент өкілеттілігін жетіжылдық бір мерзіммен шектеуі оның мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоя білетінін анық көрсетті.

Қазақстан бүгінгі геосаяси турбулентті жағдайда сырттан төнетін қауіп-қатерлердің алдын алып, әлемдік саясатта өзінің бейбітсүйгіш нық позициясын бекем ұстап отыр.

Әлемдік саясаттың алпауыт ойыншылары АҚШ, Еуропа елдері, Қытай және Ресеймен терезесін тең ұстап, достық қарым-қатынасы мен сенімді серіктестігіне сызат түсірмей, дипломатиялық шеберлік көрсетуде.

Аталмыш мемлекеттердің барлығы, сонымен қатар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және басқа да көптеген халықаралық беделді ұйымдар Қазақстанның саяси бастамаларын жоғары деңгейде толықтай қолдап, ынтымақтастығын арттыра түсуде.

Есенай Іңкәрбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті

Ұстаздың мәртебесі айқындалып, қоғамдағы дәрежесі көтерілді

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында: «Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы омбудсмен тағайындалады.

Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады», – деп атап өтті. Президентіміздің бұл сөзі қазіргі қоғамда болып жатқан көкейкесті мәселелердің барлығын қамтиды. Еліміздің елдігін сақтап, көпұлтты мемлекетіміздің біртұтастығын қорғап, әділетті Қазақстан құру үшін нақты қадамдар жасалу керек екені сөзсіз. Әрине, ол қадамның алғашқысы – халықтың әлеуметтік жағдайын барынша көтеру.

Президент бастамасымен соңғы уақытта мемлекетіміз әлеуметтік мәселелерге барынша назар аударды. Оның ішінде жәрдемақының барлық түрі, зейнетақы, жалақы да бар. Зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана немесе білім алуға жұмсап, тұрғын үй мәселесінің бір тармағын тарқатты. Яғни жылдан-жылға қорланып, құнынан айырылған қаражат салымшының мұқтаждығын қанағаттандырып, әл-ауқатын көтеруге септігін тигізді. 2021 жылдан бастап елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бөлінген 7000 квотаның көмегімен 6000-нан астам әйел ана бақытын сезінді.

Әлемді жайлаған пандемия еліміздің экономикасын есеңгіретіп, тығырыққа тірегені жасырын емес, әсіресе медицина саласының ақсап жатқан тұстарын ашып көрсетіп берді. Президент Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен медициналық инфрақұрылым мен фармацевтика саласын дамытуға ден қойылып, 2020-2025 жылдaрға арналғaн фармaцевтикалық және медицинaлық өнеркәсіпті дaмытудың кешенді жоспaры негізінде біршама жұмыстар атқарылды, атап айтқанда: дәрі-дәрмeк жасайтын кәсіпорындар іске қосылып, отандық өндірушілерді қолдау шаралары жүзеге асырылды. Медицина қызметкерлерінің жалақысы да жылдан-жылға өсуде.

Экономиканың негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлікке де баса назар аударылып, қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Мемлекет тарапынан гранттар бөлініп, бизнесті бастауға және кеңейтуге жағдайлар жасалды. Кейбір салық түрлерінен босатылып, мораторий жарияланды.

2022-2024 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыру жүзеге асырылып, талай жас ғалымның болашағын айқындап берді.

Білімді ұрпақ тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп жатқан ұстаздардың да жалақысы 2021 жылдың қаңтар айынан бастап көтерілді. Ұстаздың мәртебесі айқындалып, қоғамдағы дәрежесі көтерілді.

Президент тапсырмасымен нақты жүзеге асып жатқан тағы бір игі іс – мемлекеттік қызметтерді цифрландыру. Оның әсерін әрбір қазақстандық сезініп жатыр, мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырмай, үйде отырып-ақ қызметтерді пайдалануға қол жеткіздік.

«Құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек» Деген Президент Қ.К.Тоқаевты еліміздің бейбітшілігі мен тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын тұғырлы ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген, қандай қиындық болса да мойымай, халқының қасынан табылатын елжанды, Отанын шын сүйген нағыз азамат екеніне билік еткен қысқа үш жыл мерзім ішінде көз жеткіздік

Президент айтқан және қабылдаған елдің әл-ауқатын, экономикасын дамытуға бағытталған шаралар шетінен жүзеге асып жатыр. Сонымен бірге алға қойылған міндеттер мен жоспарлардың да соңына дейін іске асатынына сенімдіміз.

Сәбит Суатай, Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы, фил.ғ.к., қауымдастырылған профессор

Президент жолдауы – жаңа Қазақстанда әділетті қоғам орнатуға бағытталған стратегиялық маңызы зор бағдарлама

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын жариялады. Президентіміз ел тәуелсіздігінің тұғырын нығайту жолында: «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады», – дей келе, елімізде ұлттық табыстың баршаға бірдей тең бөлініп, халық игілігі үшін жұмсалуы қажеттігін атап көрсетті. Басты мақсат – ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ, БІРТҰТАС ҰЛТ, БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ, жаңа Қазақстан құру, сол себепті де ел экономикасын тұрақты дамытатын жаңа экономикалық саясаттың басты басымдық берілетін бағыттарын айқындап берді. Сонымен қатар ұлт сапасын көтеру мәселесінде ең бірінші кезекте денсаулық пен сапалы білім беру ісін саналы тәрбие жұмысымен ұштастыра жүргізу қажеттігін баяндай отырып, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген халқымыздың нақыл сөзінің маңызына тоқталды, еліміздің жарқын болашағының кепілі – жастар әлеуетін тиімді пайдалану секілді іс жүзінде орындалатын әрекеттер болуы керек деді. Еліміздің тәуелсіздігі мен тұрақты дамуына өз үлесін қосатын білікті мамандар мен инвесторлар тарту керектігіне тоқталды. Денсаулық саласы инвестиция салуға қолайлы сала екенін айта келе, медицина саласына қомақты қаржы құйылуы керектігін, бұл қаржы елімізде жоғары санатты медицина мамандары мен клиникаларды жаңадан жабдықтауға жұмсалатынын, осындай игілікті шара арқылы медицина саласын дамытудың басты бағыттарын айқындады. Ұлт сапасын жоғары деңгейге көтеруде білім саласына қатысты ізгілікті бастамаларды ұсынды: техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына қарай бейімделіп, жаңа экономикалық саясаттың бағдары мен міндеттеріне сай білікті мамандар даярлауы тиіс.

Ата-аналар мен оқушылардың игерген білім дағдыларының сапалы болуы мен сұранысқа ие болу үшін өздерінің жауапкершіліктерін сезіну қажеттігі мен осы мақсатта жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланып отырғанын атап айтты. Баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталады, яғни мұны балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты капитал деуге болады. Бұл игі қадамның еліміздің әрбір азаматы үшін бірдей мүмкіндік қағидатын іс жүзінде қолдануға мұмкіндік беретініне тоқталды. Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын, ондағы оқудың төлем ақысы да өсе түседі. Сол себепті де мемлекет Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болатын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де берілетінін және мұндай шаралар білім алғысы келген кез келген талапкерге жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түсетінін атап көрсетті.

Сонымен қатар жоғары және арнайы орта кәсіби білім беру саласындағы маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керектігін, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт екенін айта келе, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған (жекелеген студенттер) санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болатынын, жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім берудің экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс екенін айтты. Біздің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (толығырақ мәліметті сайтынан ала аласыздар) эндаумент-қорларды құру жоспарлары мен әрекеттері оңтайлы түрде жүргізілуде.

ҚазҰУ-дың ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының ұстаздар ұжымы да осы бағытта аянбай еңбек етуде. Бізде білім алатын азаматтардың – шетелдік жастардың дені алыс және таяу шет мемлекеттерден келетін этникалық қазақ жастары. Сол себепті де оларды жатақханаға орналастырады, алаңдамай білім алуы үшін университет факультет басшылығымен бірлесе отырып барлық жағдайды жасайды. Тыңдаушылардың жеке құжаттарын ресімдеу, медициналық тексерістен өту, цифрлық сауаттылықты меңгерту, банк карталарын алу секілді тағы да басқа шараларды жүзеге асыру барысы куратор-эдвайзерлердің тікелей жетекшілігімен жүзеге асады.

Президент жолдауында, қорыта айтқанда, елімізде берекелі де әділетті қоғамды – жаңа Қазақстанды орнатудың негізгі әлеуетті күші жастарға, ұлттық құндылығымыздың басты капиталы – адам факторына басымдық берілген. Президент жолдауы – мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен халқымыздың өмір сүру деңгейін одан ары жақсартуға, ұлт сапасын көтеруге, еліміздің экономикасын жаңа бағдарда өркендетуге жол сілтеп, бағыт беретін стратегиялық маңызы зор бағдарлама.

Наралиева Рахила, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы

Біздің күшіміз – жастардың білімінде

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев биылғы жолдауында атап көрсеткендей, біздің басты мақсатымыз – әділетті мемлекет құру, берекелі ел болу жолында сапалы білім, бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеу. Болашағы жарқын ел адам капиталы маңызды орынға ие болғанда жететін нәтиже. Ұлт сапасын жоғары деңгейге жеткізудің басты шартын Мемлекет басшысы ұлттың денсаулығы мен біліміне дұрыс жағдай жасалғанда болатынын осы жолдауда аса маңызды мәселе ретінде қадап айтты. Бұл тұрғыда «Жайлы мектеп» жобасы бойынша заманауи техникалық базамен жабдықталған мектептер мен балабақшалар салуды тұрақты міндеттердің бірі ретінде жүзеге асыру қолға алынды.

Білім сапасы мен білікті маманды дұрыс іріктеп, ұлт болашағы жолында кәсіби мамандардың кең ауқымда тәжірибе жинақтау жолдарын нақтылап, дамудың жаңа жолдарын ұсынуда. Әсіресе өзім білім алып, еңбек етіп келе жатқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биылдан бастап Қазақстан білім беру бағытында әлемдік аренада үздіктер қатарынан көрінуі бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеу ісінде оң бағытта екеніміздің көрінісі болып табылады. «Біздің күшіміз – жастардың білімінде» деген Президент сөзінің маңызы зор, өйткені бүгінгі таңда өркениетті елдердің санатына ілесуде жан-жақты білімді болуымен қатар, әртүрлі тілді игеру, ғылым мен техниканың заманауи салаларын меңгеру, адамзаттық құндылықтарды дамытуда ұлттық болмысыңды сақтау, төл мәдениетіңді әлемге таныта білу міндеттері тұр. Ұстаздардың алдында осындай зор абыройлы парыз бар. Бұл қай қоғамда да маңызды мәселелер болған, маңызы күн өткен сайын арта түспесе, кемімек емес. Ел тәуелсіздігі мен болашағы үшін сапалы ұрпақ, сау ұлт қалыптастырып, тұғыры берік, мақсаты айқын мықты мемлекет болуымыз керек. Осы жолда біз дұрыс таңдау жасадық. Біз Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың саяси бағдарламасын қолдаймыз, сенеміз. Алға, Қазақстан!

Жанна Әділханова, Тың бастамалар алға қойылды

Соңғы жылдары ел экономикасының жаңа даму белесіне өтіп, экономикалық, қоғамдық, саяси, әлеуметтік мәселелер бойынша тың бастамалар алға қойылып жатқаны белгілі.

Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін соңғы үш жылда мораторий жарияланып, оңайлатылған салық режимін қолданушылар пайдаға салынатын салықтан босатылғаны ел Президентінің халыққа қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге және әл-ауқатының артуына жасалған мүмкіндік болды.

Территориялық ауқымды қамтитын өзгерістер мен жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру өңірлердің қарқынды дамуына бағытталған.

Алдағы жылда Президент Қ.К.Тоқаевтың жаңа бастамалары Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы мен халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қоспақ.

Дәурен Тұраров

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -