Қазақстан азаматтары тиісті сайлау учаскелерінің аумағында тұрғылықты жері бойынша сайлаушылар тізімдеріне енгізілген.
Жалпы жұрттың танысуы үшін сайлаушылар тізімдерін ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде сайлаушы өзінің болу орнын ауыстырған кезде жазбаша өтініші мен жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуы бойынша есептен шығару куәлігін ала алады.
Бұл ретте сайлаушылар тізімінде тиісті белгі қойылады.
Сайлаушы дауыс беру кезінде келген орны бойынша сайлау учаскесінде есептен шығару куәлігін және жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді.
Учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушыны сайлаушылар тізіміне енгізеді және есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень береді.
Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегіндегі басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді.
Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күнінің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де тоқтатылады.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы