Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал – майор Бауржан Абжанов «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінде қызметтік іс-сапармен болды.
Қызметтік іс-сапар барысында жауынгерлік даярлық жағдайын тексеруден басқа, әскери нысандарды аралап, әскери қызметшілердің казармалары мен тұрмыс жағдайымен танысты.

Бөлім командирі подполковник Сағындық Алқайдаров, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасарына әскери бөлімнің қызметтік – жауынгерлік даярлығы, аймақтағы жағдай, атқарылған жұмыс туралы баяндама жасады.

Өз кезегінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал – майор Бауржан Абжанов әскери бөлімнің жауынгерлік дайындығына жоғары баға беріп, іс-сапар барысында туындаған мәселелерді тиімді шешуге тапсырма қойды.

"Әскери бөлімнің жауынгерлік дайындық дәрежесі өте жоғары. Барлық санаттағы командирлердің кәсіби дайындықтары тексерілді, командирлердің көрсеткіштері жақсы. Әскери бөлімде тәжірибелік және далалық оқулардың өту қарқыны жоғары деңгейде болу үшін барлық мүмкіндіктер жасалынған. Әрине, көздеген мақсатқа жету үшін әлде де тынымсыз еңбектену қажет. Бұл талаптар әрқайсымыз үшін бұлжымас қағидаға", - деді генерал – майор Бауржан Абжанов өз сөзінде.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары өзінің Орал қаласындағы қызметтік іс-сапарының соңында, игі дәстүрді жалғастырып әскери бөлімнің оқу орталығына көшет отырғызды.
Ертуған Әубакир,
капитан