Бестемше: Қазақ ұлттық ойынының жандануы

71566

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасында «Бестемше ойынын үйретудің теориялық және әдістемелік ерекшеліктері» атты ашық республикалық оқу-тәжірибелік семинар өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараның мақсаты – қазақтың ежелгі бестемше зияткерлік ойынын жаңғырту арқылы ұлттық құндылықтарды дамытуы.

Семинарға мектепке дейінгі білім беру саласының мамандары, тәрбиешілер, қазақстандық және шетелдік сарапшылар қатысты.

ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова өзінің сөзінде:

«Бәсекеге қабілетті ұлтты тәрбиелеу жастайынан басталады. Ал бұл маңызды мәселеде мектепке дейінгі ұйымдардың рөлін асыра бағалауға болмайды. Балабақшалардың білім беру бағдарламасына бестемше ойнауды үйрету үйірмелерін енгізу өте орынды шешім. Өйткені, бұл біздің ұлттық байлығымыз, мәдени мұрамыз, құндылығымыз. Бұл ойын логикалық ойлауды дамытып қана қоймай, тарихымызды сақтауға көмектеседі» Ботагөз Қайыпова

«Бестемше ойыны қазақтың белгілі ұлттық ойыны тоғыз құмалақтан шыққан. Бүгінгі күні бұл ойынның әртүрлі кіші түрлері бар. Онда тек тақтайша ғана емес, асық немесе кілем қолданылады. Бұл ойын зейінді, ұсақ моториканы және стратегиялық ойлауды, математикалық есептеулер жасай білуді дамытуға ықпал етеді» ҚР МСМ Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Сәбитов Бақдәулет

«Тек Азия елдерінде ғана емес, сонымен қатар Еуропада да жылдам танымалдылыққа ие болуы ойынның қаншалықты бірегей және пайдалы екенін, ата-бабаларымыздың қаншалықты терең зерделі және интеллектуалды дамығанын көрсетеді. Бұл мақтаныш пен бестемшені ел деңгейінде және одан тыс жерлерде кеңінен насихаттау жолындағы жұмысты одан әрі жалғастыруға себеп болатыны сөзсіз» Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Шотаев Мақсат

«Бестемше – жай ойын емес, ол балалар мен ересектердің дамып, білім алуына арналған әдіс. Бұл ойын алғаш рет 2009 жылы Чехияда көрсетіліп, шынайы қызығушылық тудырды. Қазір біз жыл сайын түрлі олимпиадалар, жарыстар, чемпионаттар өткіземіз. Мәселен, биылғы жылдың шілде мен қазан айларында Пардубицеде және Прага қалаларында бестемшеден халықаралық турнир өткізу жоспарлануда» Мангала федерациясының (Чехия) төрайымы Хана Котинова

Алдыңғы спикерді қолдаған Хамысқа федерациясының (РФ) президенті Галина Бочкарева да мангала, тоғызқұмалақ, алтай шатра, бестемше сияқты зияткерлік үстел ойындары балалардың Азия халықтарының мәдениетін тереңірек түсінуіне, салауатты өмір салтын насихаттауға мен көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Семинар барысында қатысушылар өздерінің әдіснамалық әзірлемелерімен таныстырып, тәжірибе алмасты, өскелең ұрпақ арасында ойынды насихаттау шараларын талқылады, шеберлік сыныптарын өткізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -