7 сәуір 1995 жыл - тәуелсіз ел тарихындағы алғашқы қайғылы, қаралы күн.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысына сәйкес 1993-1999 жылдар аралығында бұрынғы Ішкі әскердің, қазіргі Ұлттық ұланның жауынгерлері Тәуелсіз мемлекеттер достастығының бірлескен батальоны құрамында өздерінің интернационалдық борыштарын атқарған болатын. Осы аралықта кезекті жауынгерлік міндеттерін таулы елдің аймағында атқарып жүрген Ұлттық ұланның сарбаздары мен офицерлер құрамы бар батальоны тұтқиылдан жасалған содырлардың шабуылына тап болып, қас пен көздің арасында 17 сарбазымыздың өмірі қыршынынан қиылған болатын. Тарихымыздың шежірелі беттеріне қанмен жазылған бұл оқиғада жан-алысып, жан беріскен жауынгерлеріміздің ерлігі мен батылдығы туралы талай сыр да, талай жыр да жазылып келеді.

Сол кездегі қан майданның ортасында болған батырымыз Бахтияр Байтаевпен сұхбаттасқан болатынбыз. Бахтияр ағаны Шымкент қаласындағы Абай саябағында орналасқан тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза болған 17 жауынгерге арналған ескерткіштің жанынан таптым. Алдымен ескерткіштің алдына барып 2-3 минуттай үнсіз тұрып, көзіне еріксіз жас алған Бахтияр аға кейін ғана әңгімесін бастауға ишара білдірді.
- Қайырлы күн, аға! Сіз үшін айтпақ түгілі, есіңізге алу жаныңызға бататын оқиға екенін түсінемін, 28 жыл бұрын болған қаралы күннің тарихын қайта ақтаруға тура келеді. Сұхбатқа келісім бергеніңізге алғыс білдіремін. Әлқиссаны өзіңізден бастасақ, қай өңірдің тумасысыз, әскерге дейінгі балалық шақ пен бозбала шақты қайта парақтасақ?
- Мен Жамбыл облысының Жаңатас қаласында 1975 жылы 5 қазанда дүниеге келдім. Әкем - Сәуірбай полиция қызметкері болды. Анам Ақшай сол кездегі телефон бекетінде оператор болып қызмет атқарды. Отбасымызда ағам, әпкем және інім бар. Қазір олар бір-бір отбасының тірегі. 1992 жылы 11 классты аяқтаған соң әскерге дайындалдық. Ол кезде қазіргідей емес, мектеп бітірген соң әскерге бару – ол біздің парызымыз деп білдік, ата-анамыздың тәрбиесі де солай болды. Ер-жігіт міндетті түрде әскерге бару керек деген бір патриоттық қағида санамызда бала кезден қалыптасты. Ағам Кеңестік кезеңде Украина елінде өзінің мерзімдік қызметін атқарып келген болатын. Осылайша 1994 жылы мен де Жамбыл облысынан Шымкент қаласына бұрынғы Ішкі әскердің қатарына Отан қорғауға алындым. Қазақстан тәуелсіздігін алып егемен ел болғанмен, еңсесін әлі тіктей алмаған кезеңдер болатын. Экономикамыз болсын, әлеуметтік жағдайымыз болсын, әлі тұралап тұрған еді. Сол кездерде әскеріміздің де халі мүшкіл болды, мамандар тапшылығы, соның ішінде кәсіби офицерлер құрамының аздығы көзге ұрып тұратын. Командирлер мен басшылық құрамда тек қана орыс тілді офицерлер болғаны рас. Материалдық жағдай да мәз емес еді. Алайда оған қарамадық, бәріміздің арманымыз солдат болу, ел қорғау еді. Әскерге барып келсек, ер жетіп есейіп кететіндей ерекше сезімде болатынбыз, үлкен мақтаныш болатын. Сондай құлшыныспен әскерге келген едік.

- Бахтияр аға, әскерге келгенде тәжік-ауған шекарасындағы қызмет туралы білетін бе едіңіз, сол кездегі командирлер өздері ұсыныс тастады ма, жалпы таулы елге қызметке баруға дайындық қалай басталды?
- 1994 жылы күзде әскерге алындым. Ол кезде тәжік-ауған шекарасында бітімгершілік міндетін атқаруға сарбаздар, офицерлер барып-келіп жататын, одан хабардар болатынмын. Полктегі шамамен 1200 баланың ішінен іріктеп, 3 ай көлемінде сол жақтағы батальонды ауыстыруға дайындайтын. Сол батальонның құрамына 1995 жылдың көктемінде мен де іліктім. Ақтас оқу жаттығу орталығында дайындықтан өттік. Наурыз айының 3-і күні аэропорттан Душанбеге тікелей рейспен ұштық. Қазақстаннан 3 взвод ұшып барған едік, 89 сарбаз 11 офицер болды.
Душанбеге келіп қонған соң бізге оқ-дәрілер таратты. Ол жерден тікұшақпен Калай-Хумб деген Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасына алып барды, жоспар бойынша біз ары қарай ГАЗ-66 жүк машинасымен жауынгерлік қызмет атқаратын позициямызға баруымыз керек болатын. Сәуір айының басына дейін біз таулы аймақтағы шекарада жауынгерлік қызметімізді атқардық, қаза болған 17 жауынгердің кейбірімен бір жерде қызмет атқарып, бір нанды бөлісіп жесек, кейбірімен етене таныс болмасам да бір сапта қатар тұратын едік.
Осылайша Тәжік-ауған шекарасындағы қызметіміз басталып кетті.

- Сіз үшін ауыр болса да сұрайын, 7 сәуірдегі шабуылды қайта есіңізге алыңызшы...
- Сәуір айының 5-і күні бізге батальон командирі келіп, (аты жөні толық есімде жоқ) позицияны ауыстырасыздар деді. Пшихавр шатқалында орналасқан позицияға баратынымыз туралы айтты. 7 сәуір күні колоннамен позиция ауыстыру үшін жолға шықтық. Жалпы колоннамен жүргенде төбемізде тікұшақ қосымша орынға жеткенше шығарып салатын, бұл күні ауа райы бұлттанып қолайсыз болып, тікұшақ та болмаған еді. Пшихавр шатқалының бір аяқ жолымен жай ғана жүріп отырып, жауынгерлік қызмет атқаратын орнымызға де жетіп қалған болатынбыз. Колоннада шамамен 10 шақты көлік болған еді. 3-ші взвод сол арада қалатын болды да, 1,2 взвод тағы да алға қарай 2,3 км жүретін болып шешті. Сол жерде қалатын 3 взводтың орнын анықтау мақсатында рота командирі мен тағы бір екі офицер жоғары қарай өрмелеп бара жатқан болатын. Кішкене үзіліс деген соң, кейбіріміз машинада болдық, кейбіріміз түсіп тұрған болатынбыз, шамамен 10-15 минут өтер өтпес алғашқы жарылыс басталды. Колоннаның басында тұрған алғашқы машина жарылды. Жерде аңдаусыз тұрған кейбір жауынгерлеріміз сол мезетте-ақ ажал құшты. Бейне бір бала күнімде кинода көрген көрініс көз алдымда орын алып жатты. Тоқтаусыз атылған оқтар, снарядтар қас пен көздің арасында күл талқан етті, алғашында есеңгіреп қалған жауынгерлеріміз тез естерін жиды да, қарсы атысқа көшті, алайда кейбіреулеріміз үшін тым кеш болды. Бас көтергенімізді мергендер сұлатып салып жатты, содырлардың бұл шабуылға жіті дайындығы көрініп тұрды. Бір емес бірнеше жердегі позициялардан қақ төбемізден дәлдеп атып жатты. Олар да осы бір аяқ жолдағы біз үшін ыңғайсыз жерді аңдып отырғаны байқалды. Жан ұшыра айқалаған жаралы қарулас достарым әлі көз алдымда. Таудан қайта төменге жүгіріп келе жатқан командиріміздің «Жатыңдар» деген даусы атылған оқ дауыстарымен бірге шығып жатты. (біраз үнсіз қалды)
Кескілескен соғыс тоқтаусыз 4 сағаттан аса уақытқа созылды. Кейін ғана бізге қосымша күш келді.
- Осыншалықты қиын жағдай көз алдыңызда өтті. Сол кездегі командирлеріңіз капитан Ерлан Алданазаровтың айтуынша, аман қалған сарбаздарды жинап, қызметті тоқтатып, кері елге қайтамыз десеңдер өз еріктерің,ешкімді мәжбүрлеп қалдырмаймыз дегенде, барлық жауынгерлер бір ауыздан қызметтерін жалғастыратындарын айтты деген екен. Осы туралы не дейсіз? Сіздің ойыңыз қандай болды?
- Біздің қызмет ететін 1 ай уақытымыз өткен болатын, әлі алдымызда келісімшарт бойынша тағы 2 ай қызметіміз болды. Басында психологиялық жағдайымыз ауырлау болды, қанша дегенмен моральды соққы болды, біз күнде соғыста жүрген жоқпыз, бірінші рет қан майданның ортасында аман қалдық, ертесінде кеше ғана бір сапта , бір кроватта қатар жатып, ойнап күліп жүрген қаруластарымыздың денелерін елге қарай жөнелттік.
Бірақ біз сол 3-ші взвод қалуы қажет болған Пшихавр шатқалындағы позицияда қалған 2 ай жауынгерлік қызметімізді атқарып аман-есен елге оралдық.

- Мерзімдік қызметтен кейін қызметті жалғастырып, әскери қызметші болу ойыңызда болды ма, әрі қарай немен айналыстыңыз?
- Мен әскерден келген соң, еліме Жаңатас қаласына оралдым. Әскери қызметші болмадым. Менің мамандығым мүлде басқа сала болатын. Алғашында 5 жылдай Қарағанды, Жезқазған қалаларында сауда-саттықпен айналыстым. 2000 жылы үйлендім. Қазір 3 ұл бір қызым бар, Ұлдарым Есен мен Алдияр студент, біреуі туризм саласын оқыса, бірі дене шынықтыру және спорт саласында. Қазір осы Шымкент қаласында тұрып жатырмын. Анда-санда осы ескертткіштің алдына келіп, қарулас достарымды есіме алып, құран бағыштап қайтамын.
Менің жауынгер достарымның ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олар өзге елде жүрсе де өз анттарына адал болып, соңына дейін күресті. Олардың сол кездегі көзсіз батырлығы қазіргі ұрпаққа үлгі –өнеге болса екен деймін. Қазір заман қиын, дана халқымыз айтқан ғой «Жау жоқ деме, жар астында» деп, ұлан-байтақ жерімізге көз алартқан дұшпандарымыз да жоқ емес, бабалар аманаттаған ұлы даланы ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап, аманаттау біздің қасиеті парызымыз, сол үшін жастарға ең бастысы осындай батыр ұлдарымыздың ерен ерлігі жігер беруі тиіс деп ойлаймын.
- Сіз түйіндеген ойдан кейін айтылатын ой артық сияқты. Сұхбатыңызға алғыс білдіремін.
- Ия өзге елде жүріп кеудесін оққа тосқан өр мінезді, айбарлы ағалармыздың ерлігі мен есімдері тарих бетінде терең ойылып, таңбаланып қалары сөзсіз.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылы 20 қарашадағы Жарлығымен ерлікпен қаза тапқан 5 жауынгер ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, 12 сарбаз «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалдарымен наградталған еді.
Аға лейтенант Малика ШЫНЖІГІІТОВА, 6698 әскери бөлімі