Өрт қауіпті кезеңде Ұлытау облысы ТЖ департаменті орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тұрақты мониторинг жүргізеді, сондай-ақ профилактикалық, рейдтік іс-шаралар, халық арасында, орман шаруашылығы мекемелерінің, ауыл шаруашылығы өндірушілері мен шаруа қожалықтарының қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Облыс аумағында орманды дала өрттерін болдырмау мақсатында республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, орман алқаптары мен егіс алаңдарының айналасында жырту жұмыстары жүргізілді. Орман шаруашылығы мекемелерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізіледі.
ТЖ департаментінің күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілді. Табиғи өрттердің белеу алуының басым көпшілігі адамдардың немқұрайлық және мәдениетсіздік әрекеттеріне байланысты.
Ойланбай тасталған темекі тұқылы, сөнбей қалған от – осының барлығы орны толмас үлкен қайғыға соқтырады.
Ұлытау облысы ТЖД сақтық шараларын еске салды және тұрғындарға мына ережелерді сақтауға кеңес береді:
жазғы маусымда құрғақ, ыстық және желді ауа-райында от жағуға, ауылдық елді мекендер мен саяжайларда өрт қауіпті жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді.
желді күндерде қоқысты күйдірмеңіз, жанып тұрған оттықтың толығымен сөніп тұрғанына көз жеткізіңіз.
елді мекендер мен ұйымдардың аумақтары, құрылыстар, ғимараттар, сондай-ақ тұрғын үйге, саяжайға және басқа да құрылыстарға жақын жерлерді жанармай қалдықтарынан, қоқыстан, құрғақ шөптерден, жапырақтардан дер кезіңде тазартылып тұруы қажет.
өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мақсатында жасөспірімдер мен балалар арасында әңгімелер, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
егер сіз табиғи, орман өртін немесе өртті байқасаңыз, дереу өрт сөндіру бөліміне "101" нөміріне хабарласыңыз.
Өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамаған кінәлі тұлғалар, жасаған құқық бұзушылығының ауырлығына сай Қазақстан Республикасының заңнамаларына, яғни Әкімшілік құқық бұзушылар туралы және Қылмыстық Кодекстеріне сәйкес тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылады.