Аягөз гарнизонының әскери қызметшілері балаларға арнап 1 маусым - балаларды қорғау күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Гарнизон бастығы подполковник Дәулет Сүттібаев балаларды мерекелерімен құттықтады.
Мерекеге арналған шағын сахна мен ойын нүктелері құрылды. Әскери қызметшілердің балалары түрлі ойындарға қатысты. Балалар әсем әнге би-билеп, тамылжыта ән салып өз өнерлерін көпшілік қауымға паш етті.
Сонымен қатар спортқа жаны құмар жеткіншектер әртүрлі спорттық шараларға белсене атсалысып, өзара сынға түсті. Жарыс болған соң жеңімпаздың болуы керек болғандықтан, үздік үштіктің қатарынан көрінген жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, балаларды қуанту мұнымен шектелмеді. Мереке соңында барлық балаларға тегін балмұздақтар мен ойыншықтар таратылды. Осылайша Аягөздік әскерилер балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, айтулы күнді жоғары деңгейде атап өтті.