2 кезеңнен тұратын 20 минуттық шағын футбол классикалық футболдан тек уақытымен ғана емес, ойыншылар санымен де ерекшеленеді. Ойынға әр командадан 5 ойыншы қатысады. Сондай-ақ қосалқы құрамда 7 ойыншы болады. Әр кезеңде бір минуттық бір реттік тайм-аут алуға болады. Футболдың бұл түрі алғаш Бразилияда XX ғасырда өткен екен. Бүгінде ҚР Ұлттық ұланында да осы спорт түрінен жарыстар өтіп тұрады.
Таяуда Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында спартакиада аясында ұйымдастырылған шағын футболдан турнир өтті. Турнирге 15 команда, 105 ойыншы қатысып, өз бақтарын сынады. Жартылай финалға Арнайы операциялар орталығының командасы; Тыл басқармасының командасы (Мемлекеттік сатып алу басқармасы, Күрделі құрылыс және пәтерлендіру басқармасы); Жауынгерлік даярлық бас басқармасы, Әскер қызметі және әскери қызметтің қауіпсіздігі басқармасының командасы; Құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасы және Бюджет-қаржы басқармасының командасы өтті.
Ұлттық ұланның қызметкерлері өздерінің мықты физикалық дайындықтарымен ерекшеленетінін білесіздер, сол себепті де болар дода өте тартысты өтті. Жеңісті оңайлықпен бермейтін командалар бір-бірінен қалыспай әсерлі ойын көрсете алды. Әйтсе де финалға Арнайы операциялар орталығының командасы мен Тыл басқармасының командасы (Мемлекеттік сатып алу басқармасы, Күрделі құрылыс және пәтерлендіру басқармасы) өтті. Ал жартылай финалда ерекше ойынымен көзге түскен Жауынгерлік даярлық бас басқармасы, Әскер қызметі және әскери қызметтің қауіпсіздігі басқармасының командасы III орынға жайғасты.
Финалда кездескен екі команда арасындағы бас жүлдеге талас Арнайы операциялар орталығы командасының айқын жеңісімен аяқталды. Есеп – 8:0.
Турнирде ойынның әділетті өтуін қадағалаған төрешілер команда ойынын ғана бақылап қоймай, командада ерекшеленген ойыншыларға да көңіл аударды. Үздік шабуылшы – Күрделі құрылыс және пәтерлендіру басқармасының бастығы полковник Руслан Қасенов, үздік бомбардир – Арнайы операциялар орталығы қызметтік-жауынгерлік қолдану бөлімінің аға офицері подполковник Азамат Мүлтенов, үздік шебер ойыншы – Арнайы операциялар орталығы жауынгерлік және арнайы даярлау бөлімінің бастығы подполковник Шәріп Қасенов, үздік қақпашы – Автоматтандыру басқармасының бастығы полковник Амангелді Тойжанов, үздік қорғаушы – Құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының бастығы подполковник Ермек Бүргебаевқа арнайы грамота табысталды.
Шағын футбол тек көрермендерге ғана емес, ойыншылардың өзіне де керемет әсер қалдырды:
"Спартакиада аясында шағын футболдан ұйымдастырылған турнирде I орын алдық. Тартысты ойын болды. Қарсыластарымыз да «тез шағыла қоятын жаңғақ» емес екен. Алда тағы да күш сынасамыз" Майор Рүстем Мұқанов
Өзге де ойыншылар осындай турнирлер жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілегін жеткізді.
"Турнир жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушы топ барлығын жіті бақылап, командалар мен төрешілер жағдайының қолайлы болуын қадағалады. Жарақаттанған ойыншылар болған жоқ" Полковник Руслан Жақыпбеков
Әскери қызметкерлер арасында өткен бұл ойын елімізде спорттың жақсы дамып жатқанын және дарынды спортшыларымыздың көп екенін көрсетеді. Осындай ауқымды ойындар спортқа қызығушылығы бар жандарды шабыттандырады деген үміттеміз.
Аяулым АСЫЛХАН,
ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің студенті