Абыройлы қызметтеріңізге – Алғыс

11627
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Осыдан тура бір жыл бұрын Ұлттық ұлан әскерінің 6656 әскери бөліміне шақыртылған сарбаздардың туған үйлеріне, ата-анасы мен бауырларының ортасына оралатын сәт те келіп жетті.

Еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған сарбаздар бір жыл бойы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөлімінде қызмет атқарып, Ақтау қаласындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, өздеріне берілген жауынгерлік тапсырманы жоғарғы деңгейде атқарып келді.  Ел алдындағы қасиетті борыштарын мінсіз орындаған сарбаздарды әскери бөлімнің басшылығы салтанатты түрде шығарып салды.

Іс-шара барысында сөз алған 6656 әскери бөлім командирі полковник Болатбек Мұхамбетқалиев:

– Аз ғана уақыт ішінде әскери саланың қыр-сырын үйреніп, әскери техника мен түрлі қару жарақтарды меңгеріп, міне, бүгін үйлеріңізге оралғалы тұрсыздар. Енді сіздер еліміз бен жерімізді қалай қорғау керек екендігін білесіздер. Осы әскери өмірден алған тәлім-тәрбиелеріңіз алдағы азаматтық өмірлеріңізге өз көмегін тигізетіндігіне сенімдімін, –деді өз сөзінде.

Шара барысында  6 сарбаз «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткені үшін» төсбелгісімен марапатталса, қалған сарбаздарға мінсіз қызметтері үшін грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

– Тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін қорғау, бойында отансүйгіштік қасиеті мен патриоттық сезімі бар нағыз ер-азаматтардың ісі.  Мен әскер қатарына келіп өз борышымды атқару барысында әскерден көріп, біліп, үйренгенім өте көп. Әскерге барудан қашпау керек, себебі әскерде өткен уақыттың әрбір күні қызықты деуге болады. Әскерге келіп жаңа достар тауып бір үйдің балдарындай болып кеттік. Әскерге бару арқылы тазалықты, ұқыптылықты,
жауапкершілік пен шыдамдылықты үйрендім. Әрине өзімнің туған жеріме барып ата -анамды, достарымды көруге асығып тұрмын, бірақ бір жыл бойы бір үйдің балаларындай болып кеткен қарулас жолдастарым мен  қоштасу өте қиын екен, - деді бірнеше минуттардан кейін жол жүргелі отырған қатардағы Қамит Ақжол.

– Ең алдымен, темірдей тәртіпті, төзімді болуға тәрбиелеп, қолыма қару ұстатқан командирлер мен сержанттарға  алғысымды білдіремін.

Мен Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарғаныма өте қуаныштымын себебі әскерде жүріп көп нәрсені үйрендім, ауылдағы ата-анамның қадірін түсіндім. Үйде сағына күтіп отырған ата – анам мен қарындасым бар. Қазір біраз минуттардан соң солардың ортасына оралу үшін пойызға отырғалы тұрмын. Болашақта өз өмірімді әскери қызметпен жалғастыруды жоспарлаудамын, - деді  қатардағы жауынгер Ильхам Арупжанов.

Бір жыл бойы Ақтау қаласының ішкі тұрақтылығын қамтамасыз еткен сарбаздарымыздың алдағы ғұмырларына тек сәттілік тілейміз.          

Капитан

Ертуған ӘУБӘКІР

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -