Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Бразилия Федеративтік Республикасы Ұлттық конгресі Сенаты депутаттарының делегациясымен – «Бразилия-Қазақстан» достық тобының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу барысында тараптар парламентаралық қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Палата Спикері меймандарға ілтипат білдіріп, Бразилия еліміздің Оңтүстік Америкадағы негізгі серіктестерінің бірі екенін атап өтті және екі мемлекеттің көпжоспарлы ынтымақтастығының маңызына назар аударды.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы қос ел арасындағы өзара қарым-қатынастың басым бағыттарының бірі парламентаралық байланыс екенін айтты. Бүгінде аталған байланысты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдеріміз арасындағы достық пен өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға баса мән беріп келеді. Келешегі зор экономикалық байланысымыз белсенді саяси ынтымақтастықты нығайта түсетіні анық. Қазақстан Парламентінің екі Палатасында да Бразилиямен достық тобы құрылған. Мұндай қадам біздің екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін беретіні сөзсіз. Сенат өз тарапынан елдеріміз арасындағы байланысты әрі қарай нығайтып, дамытуға белсенді ықпал етуге дайын» Мәулен Әшімбаев
Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқылады. Бұл ретте екі елдің инвестициялық ахуалы ескеріле отырып, бірлескен жобаларды іске асыруға арналған ұсыныстар айтылды.
Сенат Төрағасы Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді, Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан және Жолдауда баяндалған маңызды реформаларды тілге тиек етті.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев орнықты даму мәселелеріне және Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның қызметіне жеке тоқталды.
Өз кезегінде Бразилия Ұлттық конгресінің депутаттары Анджело Марио Коронель де Азеведо Мартинс пен Чико Родригес көпжақты қарым-қатынастарды дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси өзгерістердің тиімділігіне назар аударды.
Айта кетейік, Қазақстанға сапар аясында Бразилия депутаттары сенаторлармен достық тобының 2-отырысына қатысып, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының және Алматы облысындағы басқа да нысандардың жұмысымен танысты.