Қазақстан зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және контрафактіге қарсы күрес бойынша ынтымақтастыққа шақырады

23144
Фотосурет: Әділет министрлігінің баспасөз қызметі

Астанада халықаралық сарапшылардың қатысуымен зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға арналған семинар өтуде, деп хабарлайды DKNews.kz.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар контрафактілік өнімдермен күресу тәжірибелерімен бөліседі.

Іс-шаранының ашылуында сөз сөйлеген ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елдегі экономика ауқымды дамуы үшін барлық жағдайды жасау керектігін айтқан болатын. Соның ішінде зияткерлік меншік құқығын қорғауға баса назар аударылуда.

«Зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін құру арқылы ғана инновациялар мен шығармашылық өркендей түспек. Ал қазіргі уақытта дүниежүзілік сауда ұйымының мәліметі бойынша, жаһандық саудадағы контрафактілік өнімдердің көлемі 500 миллиард АҚШ долларына бағаланады» Азамат Есқараев

Шара барысында семинарға қатысушылар әлемдегі зияткерлік меншіктің маңыздылығына тоқталып, контрафактілік өнімдермен бірлесіп күресу қажеттігін айтты. Мәселен 2022 жылы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мүше мемлекеттер аумағында зияткерлік меншік саласындағы алты мыңнан астам құқық бұзушылық пен қылмыс анықталғанын атап өтті. Тәркіленген контрафактілік тауарлардың көлемі шамамен тоғыз миллион дананы құрады.

Солтүстік-Шығыс Еуропа бойынша аймақтық директор Казимерас Сарзицкастың айтуынша, әлемде тәркіленген контрафактілік өнімдердің басым бөлігі - балалар ойыншықтары. Балалар – ең көп контрафактілік өнімдерге тап болатын қоғамның қорғалмаған бөлігі деді ол.

Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бойынша өтіп жатқан семинар қатысушылар мен халықаралық сарапшылардың басын қосып, зияткерлік меншік саласындағы тәжірибе мен білім алмасуға таптырмас алаң екені анық. Осы мақсатта ДЗМҰ, REACT қауымдастығы, Қырғызстанның, Тәжікстанның және Өзбекстанның патенттік ведомстволары, патенттік сенім білдірілген өкілдердің және ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдарының өкілдері шақырылды.

Шараны Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының қолдауымен Әділет министрлігі ұйымдастырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -