Астанадағы көлік апталығы: көрме мен форумдағы негізгі іс-шаралар

6270
Фотосурет: Көлік министрлігі

XXVI халықаралық «Көлік және логистика» көрмесі және New Silk Way VI халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумы елордасы Астана қаласында қазақстандық көлік апталығы аясында өз жұмысын бастады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Елімізге ауқымды іс-шараға қатысу үшін 25 елден делегаттар, бизнес өкілдері, министрліктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары келді. Атап айтқанда, Әзірбайжан, Беларусь, Болгария, Германия, Иран, Италия, ҚХР, Қырғызстан, Литва, Латвия, Польша, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Финляндия және Эстониядан келген делегаттар қатысып жатыр.

Іс-шаралардың ресми ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев қатысты.

«Ұйымдастырылып отырған көрме мен форум жұмысы Еуразия құрлығының көлік-коммуникациялық кешенін дамыту перспективаларына арналған. Аталған іс-шаралар өзекті мәселелерді талқылау және оларды шешудің практикалық жолдарын іздеу, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерінің диалогы үшін ең тиімді алаң болып саналды. Сондай-ақ көлік саласын дамыту саласындағы маңызды мәселелерді талқылауға және қазіргі экономикалық жағдайда одан әрі тиімді даму жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді» Марат Қарабаев

Марат Қарабаев Қазақстан материктің маңызды көлік желілерінің торабында орналасып, Азия мен Еуропа арасындағы сенімді серіктес және транзиттік көпір екенін еске салды.

Ол сондай-ақ «Көлік және логистика» көрмесі іс-шараға қатысушылар мен қонақтардың ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестік қатынастарын нығайту үшін пайдалы болатынына сенім білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық көлік апталығы аясында алуан түрлі іскерлік бағдарлама жоспарланған. Бағдарлама барысында New Silk Way VI Халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумы және «Қазақстандағы қойма логистикасы нарығы», «Каспий теңізіндегі порттарды, терминалдарды және кеме қатынасын дамыту» және «Көлік және логистика нарығы» конференцияларын өткізу көзделіп отыр.

Бизнес-форумда сарапшылар мен қатысушылар көлік жүйелерінің ынтымақтастығы мен интеграциясы, орта дәліз бағытын дамыту, сондай-ақ мультимодальды тасымалдау саласындағы жаңа технологиялар мен инновациялар, жүктерді тасымалдау тиімділігін арттыру және жеткізу жағдайларын жақсарту мәселелерін талқылайды. Іскерлік бағдарламадан басқа салалық министрліктер, ведомстволар, қауымдастықтар мен халықаралық компаниялар басшылығының қатысуымен екіжақты кездесулер мен келіссөздер жоспарланған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -