7062
Фотосурет: ҚазҰУ

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 90 жылдық белесіне қадам басты. Тарихы XX ғасырдың бірінші жартысынан бастау алатын қара шаңырақ қазіргі таңда қазақстандық жоғары оқу орындары арасында көш бастап келеді. Ірі ғылыми жетістіктері, заманауи білім бағдарламалары, ұлттық кадр даярлаудағы жаңашылдығымен ерекшеленіп, әлемдегі озық университеттердің қатарына қосылды.

Өткен кезеңге көз жіберсек, Қазақ мемлекеттік университетінің жасақталуына 1933 жылдың 20 қазанындағы КСРО Халық комиссарлары кеңесінің шешімі негіз болды. 1934 жылы 15 қаңтарда алғаш 54 студент қабылданып, олар физика-математика және биология факультеттерінде білім алды. Білім мекемесі бірте-бірте ауқымын кеңейтіп, соғыс басталғанға дейін білім бағдарламаларын 14 мамандыққа жеткізді. 1945 жылдан бастап университет қайта қанат жайып, жаңа факультеттер қатары көбейе бастайды. Білім ордасын әр жылдары Иван Лукьянец, Төлеген Тәжібаев, Асқар Закарин және Темірбай Дарқанбаевтар басқарып, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды қазақтың көр некті тұлғалары дәріс оқығанын мақтанышпен еске аламыз.

Қазіргі ҚазҰУ қалашығының бой көтеріп, қалыптасуына басшылық жасаған халқымыздың қайраткер тұлғасы Дінмұхамед Қонаев екені баршаға аян. 1966 жылы 17 маусымда ҚазМУ қалашығын құру, жаңа оқу ғимараттарын салу бойынша арнайы қаулыға қол қояды. Мұндағы мақсат республикадағы университеттік білімді жетілдіру, Қазақ мемлекеттік университетінің оқу-материалдық базасын жақсарту болатын. Осы қаулы негізінде 1966 жылдың 6 тамызында Қазақ КСР Министрлер кеңесі ҚазҰУ қалашығы құрылысына арнайы жер бөлу жөнінде шешім қабылдайды. Ал 1971 жылдың сәуірінде мемлекеттік университеттің бас ғимаратының іргетасын қалау салтанаты өтіп, 1972 жылдың 24 шілдесінде Қазақ КСР Министрлер кеңесі ҚазМУ кешені құрылысының бірінші кезегін бастау жөнінде кезекті қаулы шығарады. ҚазҰУ қалашығын салуда профессор Асқар Закарин, академик Өмірбек Жолдасбековтің еңбегі зор.

Тәуелсіздік кезеңінде академик Көпжасар Нәрібаевтың басқаруымен университет дамудың жаңа сатысына көтерілді. 1991 жылдың 23 қазанында білім орнына ғұлама ғалым әл-Фараби есімі, 1993 жылдың 9 қаңтарында «мемлекеттік ұлттық жоғары оқу орны» мәртебесі берілді. 2004 жылдың 8 қыркүйегінде университеттің 70 жылдық мерейтойы аясында академик Төлеген Қожамқұловтың мұрындық болуымен «Әл-Фараби» ғылыми кітапханасының іргетасы қаланды. Төлеген Қожамқұлов 2004-2008 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры қызметін атқарды. 2007 жылы қоладан құйылған Әл-Фараби ескерткіші орнатылды. 2007-2010 жылдары мемлекет қолдауымен жаңа оқу ғимараттары салынып, пайдалануға берілді. Бұл уақытта жаңашыл ректор ретінде Бақытжан Жұмағұлов ҚазҰУ қалашығын жаңа белеске көтеріп, көркейтуге зор үлес қосты.

Академиялық бедел айтарлықтай жақсарды

Бүгінгі таңда университет ұжымы ұлы тұлғаларымыз бастаған игі істерді жаңа бағытта жалғастырып келеді. Халықаралық QS рейтингінде 230-орында, Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ғана емес, Орталық Азия мен ТМД елдерінде өзінің көшбасшылық позициясын орнықтырды. QS Asia University Rankings бойынша Азиядағы үздік алғашқы 30 жоғары оқу орнының қатарында. 2022 жылғы 25 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №516 қаулысымен қара шаңыраққа «зерттеу университеті» мәртебесі берілді. Қазіргі таңда 16 факультетте 554 білім бағдарламасы бойынша дәріс берілуде. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаудың жоғары сапасы мен тиімділігін жүзеге асыратын 3354 оқытушы-профессор табысты еңбек етуде. Оның ішінде ҚР ҰҒА 11 академигі, ҚР Жоғары мектебінің 3 академигі, ҚР Жоғары мектебі Ғылым академиясының ­8 академигі, 7 ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі бар. Сондай-ақ 603 доктор, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD жұмыс істейді.

Оқу орны «зерттеу университеті» мәртебесін алғаннан кейін академиялық саясатына тиісті өзгертулер енгізді. Ғылыми қызмет нәтижелерін оқу үдерісіне интеграциялау, білім беру сапасын арттыру, инклюзивті білім беруді жетілдіруге ден қойылды. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде ғылыми қызмет пен білім беру үдерісі басты бағдарға алынды. 25 126 білім алушының 20 499-ы бакалавриатта (12 776-сы грант); 3404-і магистратурада – (2913-і грант); 1223-і докторантурада – (грант –1048) оқиды. 2023-2024 оқу жылына 10 719 талапкер қабылданды. Бұл университет тарихындағы үлкен көрсеткіш. Білім алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 3000 студентке артты.

Академиялық саясатты іске асыруда жасанды интеллектіні пайдалану қарқынды жолға қойылмақ. Бұл желілер мәтінді, кескінді, бейнені және мультимедиалық ақпаратты қоса алғанда, сан алуан мазмұн түрлерін жүзеге асыруға қабілетті. Осы арқылы студенттер мен оқытушыларға білім берудің тың әдістері мен шығармашылық тәсілдерін әзірлеуге және зерттеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Мысалы, студенттер GenAI көмегімен оқу материалдарын, интерактивті оқыту қолданбаларын және мультимедиалық презентацияларды жасай алады. Оқытушылар уақыты мен күш-қуатын үнемдей отырып, оқу тапсырмаларын құру және бағалау үдерістерін автоматтандырады.

Университет қызметіндегі басымдықтардың бірі – түлектерді сапалы жұмысқа орналастыру. Барлық білім беру бағдарламалары тәжірибеге негізделген. Әр оқу курсында университет студенттері кәсіби тағылымдамадан өтеді. Қазіргі уақытта тәжірибелер базасында 1500-ден астам ұйымдар мен кәсіпорындар бар. Еңбек нарығында сұранысты арттыру мақсатында ірі және табысты компаниялармен жоспарлы кездесулер мен дәрістер өтеді. Сондай-ақ әр семестрде бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Түлектеріміздің бірінші жылы жұмысқа орналасудағы орташа көрсеткіші – 82 пайыз.

Университеттің академиялық қызметіндегі жетістіктер оқытушы-профессорлық құрамның жоғары әлеуетіне тікелей байланысты. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2023» республикалық байқауында ҚазҰУ-дың 32 оқытушысы жеңімпаз атанды.

Халықаралық келісімдер кеңейді

Оқу орнының халықаралық қызметі де университет дамуында стратегиялық маңызға ие. ҚазҰУ мемлекетаралық диалог, мәдени алмасу және ғылыми ынтымақтастық алаңы ретінде жаһандық проблемаларды шешуге ықпал етеді. Университет қызметін интернационалдандыру еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа индустриялар мен нарықтардың дамуына, ғылым, технология және инновация саласында сыртқы байланыстарды жандандыруға мүмкіндік береді.

Мемлекетаралық байланыстар арқылы университетте ғалымдар мен оқытушы кадрлармен алмасу, халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларды игеру жүйелі жолға қойылған. Сонымен қатар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру, академиялық ұтқырлықты дамыту бағыттары да жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы 650-ден астам жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста. Оның 80-нен астамы өткен жылдың үлесінде. Бұл ретте негізгі басымдық ғылыми зерттеулерге бағытталған жоғары дәрежелі университеттерге берілген.

Білім ордасында 120 мамандық бойынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады. Студенттеріміз Еуропаның жоғары оқу орындарымен қатар, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея т.б университеттерде білімін жетілдіруде. 2023 жылы 451 бакалавр мен магистрант шетел университеттерінде оқып, біліктілік арттырды. 325 PhD докторант Еуропада (Ұлыбритания, Австрия, Германия, Франция, Испания), Солтүстік Америкада (АҚШ), Азия (ҚХР, Корея, Жапония) және Түркия мемлекеттерінде шетелдік жетекшілермен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әлемнің озық университеттерінде тәжірибе алмасты.

Соңғы жылдары университетке академиялық ұтқырлық және тағылымдама бағдарламалары бойынша АҚШ, Жапония, Германия, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Нидерланды, Бельгия, Қырғызстан, Словакия елдерінен 250-ге жуық шетелдік студенттер келді. Америкалық халықаралық білім беру кеңестерімен (АҚШ) келісім аясында филология және халықаралық қатынастар факультеттерінде орыс тілін оқып жатқан 125 АҚШ азаматы қабылданды. Жалпы ҚазҰУ-да әлемнің 54 елінен 3928 шетелдік студент білім алуда.

Халықаралық ынтымақтастықтың қазіргі бағыттарының бірі – оқу орны базасында беделді шетелдік университеттердің филиалдарын құру. Бұл жұмыстарды іске асыруда да ҚазҰУ нақты нәтижелерге қол жеткізді.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия мен Қырғызстанға ресми сапары аясында Ыстамбұл, Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалдары ашылды. Бішкек филиалында төрт елден (Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Ресей) 329 студент білім алуда. Оқыту бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша бөлінген. Құқық, ақпараттық технологиялар, биология және биотехнология, шетел филологиясы, экономика және бизнес жоғары мектебі, философия және саясаттану, халықаралық қатынастар мамандықтары жоғары сұранысқа ие.

2022 жылы университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істеуге кірісті. 62 бакалавр және 19 магистрант ядролық физика және технология («Элементарлық бөлшектер физикасы және космофизика»), информатика және компьютерлік технологиялар («Қауіпсіз жоғары өнімді есептеу жүйелері»), информатика және компьютерлік технологиялар («Қауіпсіз жоғары өнімді есептеу жүйелері мен технологиялары») бағыттарында оқытылуда.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы мамыр айында Қытайға мемлекеттік сапары барысында ҚазҰУ базасында Қытай Халық Республикасының Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды. 12 қазанда салтанатты ашылу рәсімі өтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы зертханалық сыныптар жұмыс істей бастады. Филиал электроника және коммуникациялық технологиялар, материалтану және инженерия, компьютерлік ғылымдар және технологиялар бағытында қос диплом береді.

Бүгінгі халықаралық күн тәртібіндегі басты мақсат – тұрақты даму. 1996 жылдан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тұрақты даму мәселелеріне белсене араласып, белгілі мамандар мен ғалымдарды, соның ішінде Нобель сыйлығының лауреаттарын бірлескен жұмысқа шақыруда. Соңғы үш жылда ҚазҰУ тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында халықаралық ұйымдардың барлық құрылымдық бөлімшелерімен өзара қарым-қатынасты жалғастыруда. Атап айтқанда, ҚазҰУ бірқатар ірі халықаралық іс-шараларды ұйымдастырды: Орталық Азия ректорларының форумы, дәстүрлі ІХ Фараби форумы, ИЫҰ елдерінің 15-ші отырысы. Ауқымды шараларда әлемдік сарапшылар жоғары білім және ғылым саласында тәжірибе алмасты.

ҚазҰУ университеттердің жаһандық әлеуметтік жауапкершілік желісінің (USRN) қызметімен, сондай-ақ Жібек жолындағы университеттері Альянсымен (SUN) бірлесе жұмыс атқаруда.

Өткен жылы ҚазҰУ-да Қытайдың Цзяотун Сиань университетімен бірлесіп ұйымдастырылған «Төртінші өнеркәсіптік революция: индустрия мен білім берудің интеграциясы» тақырыбында Қытай – Орталық Азия жоғары білім саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форум өтті. Аталған ірі шара «Бір белдеу – бір жол» бастамасының 10 жылдығына арналды.

Сонымен қатар Қазақстан – Франция жоғары оқу орындарының VIII форумы, Қытай университеттерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ал ҚХР білім вице-министрі Сунь Яоның Қазақстанға сапары аясында ҚазҰУ ұжымы Қытай жоғары оқу орындарының делегациясымен кездесті.

Ғылымнан түскен табыс екі есе өсті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу университеті мәртебесіне сәйкес, ғылымды дамытуға да айрықша басымдық беріп отыр. Соңғы үш жылда университет ғылымынан түскен табыс екі есеге жуық өсіп, 8,5 миллиард теңгені құрады.

Қазіргі сәтте 290 гранттық қаржыландыру жобасы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 11 жоба, «Ғылым қоры» АҚ арқылы 1 коммерцияландыру жобасы және 47 бірлескен жобаны жүзеге асыруда. Соңғы жылдары ғалымдарымыз 300-ден астам халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен іргелі жобаларды орындады. Олардың ішінде ISTC, INTAS, TEMPUS, МАГАТЭ, НАТО бағдарламалары бар.

Биыл географ-ғалымдарымыз ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 3,8 млрд теңгенің мегагрантын ұтып алды. Үш жылға жоспарланған жоба «Жасыл өсім» тұжырымдамасы аясында Батыс Қазақстан өңірінің тіршілік ортасы мен экологиялық факторларына зерттеулер жүргізуге бағытталған. Ғалымдарымыз өзге де әріптестерімен бірлесе отырып, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының табиғи қорларын тиімді пайдалану, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау, экологиялық дағдарыстарды болдырмау жолдарын қарастырмақ. Сондай-ақ топырақ құрамы мен сапасына талдау жүргізіп, техногендік бұзылулардан, су айдындарының таяздануынан, атмосфераның ластануынан туындаған түйткілдерді анықтайды.

География және табиғатты пайдалану факультетінің профессоры, география ғылымының докторы Мәулкен Асқарованың жетекшілігімен жобаның бірінші кезеңі орындалып, ақпараттық мәліметтер базасы жасалды. Балық және басқа да су биологиялық ресурстарын бағалаудың әдістемелік негіздері әзірленді. Биоалуантүрлілікті, сирек кездесетін әрі құрып кету қаупі төнген балық түрлерінің популяциясын және даму болжамын сақтау шаралары қабылданды. Ғалымдарымыз 2024-25 жылдары аймақтың тұрақты экологиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуын сарапқа салады. 

ҚазҰУ профессоры, Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі Әлмира Құстыбаеваның ұсынысымен оқу орнында құрылған Ми институты да көкейкестілігімен, жаңашылдығымен ерекшеленеді. Қазірдің өзінде орталық когнитивті, клиникалық және молекулалық, есептеу және қолданбалы нейроғылымдар бойынша миға іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуді бастап кетті. Ми қатпарлары мен адам санасының мүмкіндіктерін тануға талпыныс елімізде бұрын-соңды болған емес. Ми институты айналысатын ғылыми зерттеулер ойлаудағы ұтымдылық пен тиімділікті оңтайландыруға, ми белсенділігінің дамуын ілгерілетуге әсер етеді. Сонымен қатар бұл бағыттағы зерттеулер қабылдау, есте сақтау процестерін жеңілдетуге, мінез-құлық ауытқушылығын түзетуге, қартаю кезінде зейіннің нашарлауының алдын алуға көмектеседі.

Университеттің қауымдастырылған профессоры, биология ғылымының докторы Меруерт Құрманбаева бастаған бір топ ғалым елімізде тұңғыш рет көпжылдық бидайды шығару әдісін ойлап тапты. Көпжылдық бидайды бір рет қана егіп, 5-6 жыл қатарынан өнім алуға болады. Аталған жоба экологиялық және экономикалық тұрғыдан өте тиімді. Бұған қоса, топырақтың сапасын жақсартуда, көміртектің сіңуін арттыруда, судың енуін қамтамасыз етуде ықпалы зор. Біржылдық бидай мол өнім бергенімен, шығыны көп, сондай-ақ топырақтың бүлінуіне әкеледі. Ал ҚазҰУ ғалымдары зерттеген көпжылдық бидай топырақтың эрозияға ұшырауынан сақтап, жыл сайынғы жер жырту мен дақылды егу жұмыстарын қажет етпейді. Бүгінде ғылыми жобаға патент алынып, нарыққа шығару жұмыстары жүргізілуде.

Оқу орнының 90 жылдық мерейтойына тарту ретінде ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құру жоспарлануда. Бұл білім ордасы ұтып алған «Өндірістік сектор консорциумдары: құзыреттілік орталықтары» гранттық бағдарламасы аясында мүмкін болмақ. 

ҚазҰУ Tech Garden «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен бірлесіп өнеркәсіптік робототехника және роботтандыру саласындағы жаңа стартаптарға қолдау көрсетеді. Технологиялық операцияларды роботтандыру тұжырымдамаларын зерттеуге, көрсетуге және сынауға арналған бірегей алаң ұсынады. Модельдік фабрика бұл білімді, дағдыларды, мүмкіндіктерді тарату және әзірленген шешімдерді Қазақстанда да, шетелде де өнеркәсіптік компанияларға енгізу үшін негізгі платформа болып саналады. Орталық өз қызметін 2024 жылдың екінші тоқсанында бастайтын болады.

Бұдан бөлек, ҚазҰУ-да ҚХР үкіметімен келісілген Silicon Valley моделі бойынша IT-технопарк құру жөніндегі бірлескен жоба қолға алынуда. Секундына 110 триллион операцияны (110 Тфл) жүзеге асыратын суперкомпьютерге қаражат ҚХР үкіметі есебінен бөлініп, ҚазҰУ-да орнатылады. Жобаны Альянстың атқару комитеті, сондай-ақ «Сколково» Ресей инновациялық орталығының өкілдері қолдады. ҚазҰУ-мен бірлесіп инновация, ғылым және жоғары технологиялар саласында жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның жоғары оқу орындары мен Альянс мүшелері үшін деректерді өңдеудің бірыңғай орталығын құруға, цифрлық қызметтерді ұсынуға және ғылыми жобалар бойынша жоғары өнімді есептеулер жүргізуге жаңа мүмкіндік береді.

Ал химия және химиялық технология факультеті жанынан бүгін гальваникалық қаптамалардың Chemical Coatings Innovations (СhemCoIn) ғылыми-өндірістік орталығы іске қосылады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым қорының қаржылық қолдауымен ұйымдастырылған орталықта машина жасау және құрал жасау қажеттіліктері үшін металл бұйымдары өңделеді.

Жобаны жүзеге асыру өнеркәсіп секторының нақты сұранысына негізделген. Теміржол саласының алпауыты саналатын француздық ALSTOM компаниясының технологиясы бойынша теміржол автоматикасын шығаратын машина жасау зауыты – «ҚазЭлектроПривод» БК ЖШС халықаралық стандарттарға сәйкес қапталатын қорғау қаптамаларын алу технологиялары мен қызметтеріне тапсырыс берді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да электрхимиялық технологиялардың тұтас жүйесі әзірленгендіктен, олардың ішінде әртүрлі мақсаттағы электролиттік қаптамаларды алу технологиялары коммерцияландыруға ұсынылды.

Жоғары сапалы экологиялық таза қаптамалар қолданылу аумағының кеңдігімен ерекшеленеді. Арнайы гальваникалық қаптамаларды қажет ететін аэроғарыш өнеркәсібінен электроникаға дейін тұтынуға бағытталған. Жақсартылған қаптамалар өнімнің қызмет ету мерзімін ұзартады, бұл өндірушіге де, тұтынушыға да пайдалы. Тат басудан қорғаудың жаңа әрі тиімді әдісі. Сондай-ақ батарея, күн батареялары және нанотехнологияларды жылдам дамытады. Chemical Coating Innovations орталығы – металдарды өңдеудің жаңа технологиясын әзірлеу, әртүрлі қаптамаларды қаптау қызметімен шектелмейді. Гальваникалық (электрхимиялық) өндірістің технологі және операторы құзыреттерін меңгеру бойынша мамандар даярлайтын оқу орталығына айналады.

Ғылым саласындағы тағы бір маңызды жаңалығымыз – 2023 жылы ҚазҰУ-дың үш ғылыми журналы, атап айтқанда: «Химия», «Физика», «Математика, механика және информатика» басылымдары Web of Science дерекқорында индекстелген университет басылымдарының тізімін толықтырды. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың International Journal of Mathematics and Physics және Eurasion Chemico-Technological Journal, Physical Sciences and Technology басылымдары әлемдегі ғылыми басылымдардың ең үлкен мәліметтер базасы саналатын Scopus дерекқорына енгізілді. ҚазҰУ журналдарының жетістігін университеттің және жалпықазақстандық ғылымның әлемдік ғылыми кеңістікке одан әрі интеграциялануының жарқын көрсеткіші деп санаймыз.

Қазіргі таңда ҚазҰУ қалашығында Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Коnіса Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei және т.б. жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары мен институттары табысты жұмыс істейді.

Айтулы жыл аясында

Біз еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттырумен қатар, университет қалашығын қайта жаңғыртуға да кірістік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен 2024-2027 жылдар аралығында ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңін салу жоспарланып отыр. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ҚазҰУ қалашығында әрқайсысы 1060 орындық, жалпы 3180 орынға арналған заманауи үш жатақхана құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті.

Жалпы, ҚазҰУ қалашығының ІІ даму жоспары бойынша оқу корпустары, спорттық-сауықтыру орталығы, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк бой көтермек.

Бұдан бөлек, QS рейтингі өкілдерінің, әлемдік сарапшы-ғалымдардың, ғылыми ұйымдар мен ЖОО ректорларының қатысуымен ауқымды халықаралық конференциялар, симпозиумдар, жастар форумдары және ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жетістіктерінің көрмесін өткізу көзделуде.

Айтулы жыл аясында университеттің барлық құрылымдары табысты еңбек етіп, зор жетістікке жетеріне және өскелең ұрпаққа өнегелі тарту жасайтынына сенемін.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректоры

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -