Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде экономика ғылымының кандидаты, ардагер ұстаз Мәди Байдәулетұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Есеп және аудит: дамуы және перспективалары» атты дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Халықаралық деңгейдегі шараға Қаржы министрлігінің және еліміздегі ЖОО өкілдері, ҚазҰУ басшылығы, зиялы қауым, Индонезия, Чехия, Польша мемлекетіндегі белгілі ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Дөңгелек үстел отырысын Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова ашып, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен ұжымның атынан мерейтой иесін құттықтады. Сонымен қатар өз сөзінде проректор өзіндік қолтаңба қалыптастырған ардагер ұстаздың еңбек жолына тоқталды.
«Мәди Байдәулетов 1972 жылы Алматы халық шаруашылығы институтына «Ауыл шаруашылығындағы бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша оқуға түсті. Аталған білім ордасын 1976 жылы бітірді. 2005 жылы «Түйе шаруашылығы өндіріс шығындары мен өнімдерінің есебі және аудиті» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Еңбек жолын Орталық статистика басқармасы, Кадрларды дайындау және білім көтеру басқармасында есепті механикаландыру бойынша аға инженер болып бастады. Бүгінге дейін Мәди Байдәулетұлы түрлі лауазымдарда табысты жұмыс істеді. Қазір экономика және қаржы саласына білікті кадрларды даярлау мақсатында университетте жемісті еңбек етіп келеді. Білімді шәкірттер тәрбиелеп, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды» Жәмила Айтжанова
Өз кезегінде Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Лейла Бимендиева:
«Мәди Байдәулетұлы өз жұмысына парасаттылықпен, жауапкершілікпен қарайды. Биыл Мәди Байдәулетұлының ұстаздық қызметіне – 45 жыл. Бүгінге дейін ұстаздықты қатар алып жүріп, бірнеше оқулық пен оқу құралдарын жазды. «Бухгалтерлік есеп», «Қаржылық есеп» «Аудит» пәндерінен сегіз оқулық пен оқу құралдарының, 80-нен астам ғылыми және танымдық мақалалардың авторы. Сол жазылған еңбектер университеттің оқу процесінде жиі қолданылады» Лейла Бимендиева
Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар есеп және аудит саласындағы, сондай-ақ бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды даярлау мәселелерін талқылады.
Жиында Индонезиядағы Ислам экономикасы және құқық колледжінің профессоры Ахмад Афанди, экономика ғылымының докторы, профессор Өтеғали Шеденов, Польшадағы Белосток технологиялық университетінің профессоры Черевач Катажина сөз сөйледі. Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Тұран және Нархоз университеттерінің, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің өкілдері көрнекті ғалымды мерейтойымен құттықтады.
Жиын соңында Мәди Байдәулетұлы жиналғандарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.