Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымының (ЦЕРН) Халықаралық ынтымақтастық департаменті жанындағы қатысушы емес елдер бойынша аға кеңесшілер делегациясы жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚазҰУ мен ЦЕРН жоғары энергетикалық физика, ядролық медицина салаларында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу, ғылыми кадрларды даярлауда тәжірибе алмасу бойынша қол қойылған ортақ декларация шеңберінде жұмыс істейді.
ҚазҰУ-да 2019 жылдан бастап Энергетика министрлігі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің белсенді қолдауымен ұйымдастырылған жоғары энергетикалық физика және үдеткіш техникасы бойынша жазғы мектептер өткізілуде.
Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымының (ЦЕРН) Халықаралық ынтымақтастық департаменті жанындағы қатысушы емес елдер бойынша аға кеңесшілер Кристоф Шефер мен Тадеуш Куртыка Қазақстанға бірнеше рет келген. Олар 2019 жылы Алматы қаласында өткен жоғары энергетикалық физика және жеделдету техникасы бойынша жазғы мектептің ұйымдастыру комитетінің дәріскері әрі мүшесі ретінде қатысқан. Екеуі де ҚР Үкіметі мен ЦЕРН арасындағы ынтымақтастық туралы шартқа қол қоюды дайындау процесіне де қатысқан.
Жиында сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева ҚазҰУ мен ЦЕРН ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
«Біздің университет ғалымдары жалпы білім беру және оқу бағдарламаларына, физика саласында білім алушыларға арналған арнайы жазғы мектептер мен семинарларды ұйымдастыруға қатысады, сондай-ақ докторанттарға арналған оқу бағдарламаларын әзірлейді. Докторанттар ЦЕРН-де өздерінің ғылыми зерттеулерін сәтті жүргізді, қазіргі таңда қорғауға дайындалуда. Мұның бәрі біздің тығыз ынтымақтастығымыздың жемісі. ЦЕРН эксперименттеріне қатысу мен кадрларды даярлауда ғалымдар санының артуы бүгінгі кездесудің нәтижесі болатынына сенімдімін. Біз аталған бағыттарды кеңейте отырып, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қуаныштымыз» Ләззат Еркінбаева
«Біз ҚазҰУ-мен және тұтастай Қазақстанмен ынтымақтастықтың үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Біздің өзара күш-жігеріміз айтарлықтай нәтиже берді және біз болашақта серіктестігімізді кеңейтуді асыға күтеміз» Кристоф Шефер
Кездесу аясында Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымының базасында магистрлік диссертацияларды дайындау, магистранттардың тағылымдамадан өтуі және жазғы мектептерге қатысу, Қазақстанның ЦЕРН-ге қауымдастырылған мүшесі ретінде қабылдануы және басқа да мәселелер талқыланды.