9075
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Еліміз бой көтеріп, өркендеп даму жолында көптеген естен кетпес қуанышты да, қайғылы да сәттерден өтті. Олардың қайсыбірі болмасын зор мәнге ие.  Сондай-ақ мәңгілік ұмытылмас, жаныңа қанжардай қадалатын күндер де бар. Кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан үшін ол – 7 сәуір. Дәл осы күні 1995 жылы ел үшін кеудені оққа тосқан қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеп, қайтпас қайсарлық, беріспес батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын. Амал қанша, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен шайқаста 17 бауырымыз қаза болып, 33 жауынгер жарақат алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің басты мақсатымыз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында бұл күн жыл сайын «Ерлікке тағзым күні» болып аталып өтеді. Бұл күні Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, Отан үшін қыршынынан қиылған, жат жерде көз жұмған Қазақстан азаматтарын еске алуға арналған шаралар әр әскери бөлімде өткізіледі. Мұндағы мақсат – жауынгерлердің қысқа ғұмырынан үлгі-өнеге, тарихи тағылым беру, ұрпақты елжандылыққа, отансүйгіштікке, ізгілікке тәрбиелеу.

Осындай ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз де осы сұрапыл соғыста көз жұмды...

Солардың бірі – Жансүгіров Жақсылық Әмірханұлы. Ол 1974 жылы Қызылорда облысы, Арал қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келеді. 1981 жылы Арал қаласында орналасқан №23 мектеп табалдырығын аттап, 1992 жылы 11 сыныпты бітіреді. 1993 жылы Ішкі әскер қатарына шақырылып, Шымкент қаласындағы 5485 әскери бөлімінде Әскери ант қабылдайды.  

Екінші боздағымыз – Ержан Серікұлы Абдиев. Ол 1975 жылы 1 тамызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Шиелі ауылындағы № 47 орта мектепке барып, 1992 жылы 11 сыныпты бітіреді. Ал 1993 жылы Ішкі әскер қатарына шақырылып, Шымкент қаласындағы 5485 әскери бөлімінде ант қабылдайды.  

1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауының Пшихавр шатқалында алты сағатқа созылған қанды шайқа қатысып, жолбарыс жүректі жауынгерлеріміз қапыда шабуыл жасаған оппозициялық пиғылдағы моджахеттер оғынан ерлікпен қаза табады.

Құрама ротаның 1-ші взводының командирі болған офицер Әбиолла Жайлыбеков: «...Бір машинаның арт жағында Ержан Әбдиев, Жақсылық Жансүгіров, Армат Аршабаев, Жанат Несіпов-тер атысып жатқан еді. Бір кезде қарсы жақтан атылған гранатомет гранатасы Ержанның дәл қасына түсті де, дүние төңкеріліп жүре берді...

Соғыста ең жаманы өлейін деп жатқан досыңа еш көмектесе алмайтының екен. Жалынға айналған жасжүректі тасқа сүйедім де, қалғандарына жәрдем беруге ұмтылдым.

...Иә, сол сұмдық шайқаста менің взводымнан қатардағы жауынгер Ержан Әбдиев, Жақсылық Жансүгіров, Еркебұлан Мақажанов, Бауыржан Далабаев қаза тапты. Содан бері арада жылдар өтсе де, менің көз алдымнан жалынға айналған жас жігіттер кетпейді. Кейде түсімнен шошып оянамын...» деп жазады жан ауыртар жайт жайлы «Жалынға айналған жас жүректі көрдім» деген естелігінде.

Бұл күн мәңгі есте қалады. Себебі біздің жаужүрек жігіттеріміз, қайсар сарбаздарымыз нағыз қиын сәтте, жау қыспағында хас батырдың үлгісін көрсетті. Жерлестеріміз Жансүгіров Жақсылық пен  Абдиев Ержанның ерлігі  елеусіз қалмады. «Жауынгерлік ерлігі үшін», «За отличие в воинской службе» І степени, «За особые заслуги», «За службу Таджико – Афганской границе» және «ҚР ІІМ ішкі әскерлеріне – 20 жыл!» төсбелгілерімен және медальдармен марапатталды.

«Ерлік жан дүниенің ұлы қасиеті» дегендей, әскери анттарын ақырына дейін адалдықпен атқарып және сол жолда, жат жерде нағыз ерлікпен қаза тапқан қайран боздақтар-ай десеңші. Сендердің ерліктерің мәңгілікке өшпейді, өйткені өздеріңнен кейінгі жас буын жеткіншектер ерлік істеріңді өнеге қылып айта жүреді.

Ерлік – елдің туы. Ер қуаты – қару болса, ел қуаты – батырлары, сақадай сарбаздары мен сардарлары. Халық қашан да қаһарман ұлдарын пана тұтқан. «Отан үшін күрес, ерге тиген үлес». Халықтың осы даналығы қайда жүрсек те жүрек дәптерінде, сана сахнасында сақтаулы жүрсе, қазақ баласы азаматтық парызын адал ақтауды ұмытпас.

Тұрсынай ШӘРІН,

Қызылорда қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -