Азия даму банкінің жаңа есебіне сәйкес, Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2024 жылы мұнай өндірісінің тұралауына байланысты өнеркәсіп өсімінің баяулауы аясында төмендеп, 2025 жылы өндіріс пен инвестициялардың өсуі есебінен қалпына келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгін жарияланған АДБ-ның «2024 жылғы сәуір айына арналған Азияның дамуына шолу (ADO)» жетекші экономикалық басылымына сәйкес, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі 2024 жылы 3,8% деңгейінде болмақ. Келесі жылы Теңіз кен орнында мұнай өндірісінің артуына қарай өсім 5,3%-ға дейін өседі деп болжанып отыр. Болжамның нашарлау тәуекелдерінің қатарына Ресейдің Украинаға басып кіруінің ықтимал теріс салдары, сауда серіктестерінің экономикаларының баяуырақ өсуі және мұнай экспорттау бағдарларында болуы мүмкін іркілістер кіреді.
«Орта мерзімді болашақта Қазақстанның экономикалық өсу болашағының көрінісі оң. Алайда экономиканың шикізат тауарларына тәуелділігіне байланысты мұндай өсім тұрақсыз болады, сондықтан елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін құрылымдық реформалар маңызды» АДБ-ның Қазақстандағы ел бойынша операцияларының басшысы Искандар Гуламов
Салыстырмалы түрде қатаң ақша-несие саясаты мен айырбас бағамының тұрақтылығын сақтау аясында инфляция біртіндеп 2024 жылы 8,7%-ға дейін және 2025 жылы 6,3%-ға дейін баяулайды деп болжанып отыр. Үкімет жариялаған коммуналдық қызмет бағаларының қымбаттауына байланысты 2024 жылы 9,8% және 2025 жылы 8,1% болжамды өсіммен инфляцияның негізгі көзі қызмет көрсету бағалары болады деп күтілуде.
ADO қызмет көрсету саласының өсімі 2024 жылы 4,7%-ға дейін баяулап, одан әрі қарай сауда, көлік мен қонақ үй бизнесі салаларының қолдауымен 2025 жылы 4,9%-ға дейін үдейді деп болжайды. Өнеркәсіп өсімі 2024 жылы 3,5%-ға дейін баяулап, 2025 жылы 5,7%-ға дейін қалпына келеді деген болжам бар.
Есепте 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін кеңінен таралған Қазақстандағы қаржыландыруды мемлекеттің субсидиялауынан туындаған несие нарығындағы бұрмалауларды жою қажеттігі атап өтіледі. Бұл — артық өтімділікті тудырып, ақша-несие саясатын әлсіретеді.
Бұл мәселені шешуге жәрдемдесетін практикалық шаралар ұсынылады. Олардың қатарына субсидияланған несиелеу арқылы ұсынылатын қаржылай қолдаудың көлемін ашу және балама құнын талдау, мемлекеттік субсидияланған несиелеу бағдарламалардан кезең-кезеңімен бас тарту стратегияларын қабылдау, сонымен қатар бұл бағдарламалардың уақыт шектері мен табыстылық критерийлері туралы міндетті ережелерді енгізу кіреді.
Қазақстан 1994 жылы АДБ мүшесі болды. Сол уақыттан бері АДБ үкімет пен жекеше секторға қарыз беру, гранттар және техникалық көмек түрінде 7 миллиард АҚШ долларын берді.
АДБ Азия-Тынық мұхит аймағының гүлденуіне, интеграциялануына, өміршеңдігіне және тұрақтылығына қол жеткізу мақсатына берік, сонымен бірге өзінің ең төмен деңгейдегі кедейлікті жою жұмыстарын жалғастыруда. АДБ 1966 жылы құрылған. Оның акционерлері – 68 ел, оның ішінде 49 ел аймақта орналасқан.