Ұлттық ұлан академиясы курсанттарының ата-аналары Петропавлға гуманитарлық көмек жіберіп жатыр

1004
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

18 сәуірде Ұлттық ұлан академиясының 3 курс курсанты сержант Алдияр Орынбастың Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылында тұратын ата-анасынан Петропавл қаласының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына гуманитарлық көмек жеткізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл көмек тек бір ғана отбасының емес, Түрген, Еңбек ауылдарының және басқа да елді мекен тұрғындарының атынан келіп отыр.

Қызылжар өңіріне жеткізілген бұл жолғы гуманитарлық көмекке тұтас аудан тұрғындары атсалысқан.

- Елімізде болып жатқан табиғи апатты көріп отырған соң жай қарап отыра алмадық. Түрген ауылдық округының қауымдастық мүшесі болғаннан кейін ауыл азаматтарына үндеу тастап, тасқыннан қиындық көріп отырған өңірлерге қолдау білдіргіміз келді. Жан-жақтағы жағдайды бағамдай келе, азды-көпті көмегімізді Солтүстік Қазақстан облысына жолдауды жөн көрдік. Петропавл қаласында орналасқан Ұлттық ұлан академиясында ұлымыз Алдияр Орынбас білім алып жатыр. Әскери саланы таңдаған баламыз қазіргідей кезде облыс орталығына жақын жердегі ауыл тұрғындарына қаруластарымен бірге көмек қолын созып жүр. Сондықтан біз де бұл мәселеге бей-жай қарамай осы өңірге көмектесуге ниеттендік, - деді таутүргендік курсанттың әкесі Бекзат Дүкенбаев.

Қарапайым халық жинап берген қажетті заттарың арасында сумен бетпе-бет келіп, күндіз-түні бөгет соғып жүрген азаматтар үшін ылғал өткізбейтін арнайы киімдер мен құрал-саймандар бар. Сонымен қатар көмекке мұқтаж тұрғындар үшін төсек-жабдық, тұрмыстық өнімдер, азық-түлік секілді өзге де маңызды заттар жиналған. 2 мың шақырым жолды артта қалдырған жүк көлігі Ұлттық ұлан академиясына жақын жерге тоқтады. Қазіргі сәтте курсанттар заттарды қабылдап алуда.

- Петропавл қаласының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына қолдау білдіргені үшін Еңбекшіқазақ ауданының азаматтарына алғыс айтамыз. Ауызбіршілік танытқан ауыл адамдарының бұл әрекеті қандай құрметке болса да лайық. Демеушілік білдірген жандардың арасында біздің курсанттардың ата-аналарының бары да қуантады. Келіп жеткен гуманитарлық көмек жергілікті тұрғындарға жеткізіледі, - деді Ұлттық ұлан академиясының 1 оқу батальонының командирі полковник Рауан Усбанов.

Бүгінде облыс орталығына жақын жердегі елді мекендерде судың деңгейі төмендеп келе жатыр. Алайда жергілікті тұрғындар су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін деп алаңдаулы. Соған қарамастан осындай қиын кезде көмек қолын созған Алматы облысының азамттарына Петропавл қаласының іргесіндегі Заречный кентінің тұрғындары дән риза. Сондай-ақ олар гуманитарлық жүкті тасуға көмек берген Ұлттық ұлан академиясының басшылығы мен курсанттарына да алғыс білдірді.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -