Жұдырықтай жүрегімде мың сарбазға орын бар

341
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Тар құрсағын кеңітіп, түн ұйқысын төрт бөлген перзентіне деген ана махаббаты қашан да ыстық. Ол мейлі бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайған жас өрен болсын, тіпті қару асынып ел тыныштығын күзеткен жауынгер болсын ана жүрегінде әлі де сәбидей аңғал кейпінде қала бермек. Бауыр ет баласы үшін отқа да, суға да түсуге даяр әзіз жандардың әскердегі сарбазы үшін уайымдайтыны айдан анық. Осы орайда ана мен бала арасына дәнекер болған «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің орыны ерекше. Осы орайда қоғамдық бірлестіктің  Абай  өңірлік филиалының өкілі Айнұр Татеровамен сөз өрбіттік.  

- Қайырлы күн Айнұр ханым? Сарбаздар  анасы қоғамдық ұйымының міндетіне тоқталсаңыз?

-  Қайырлы таң! Сарбаздар анасы қоғамдық ұйымы атына затына сай, сарбаздарға анасындай қамқорлық  көрсетуді  мақсат тұтады. 2019 жылы бой көтерген қоғамдық ұйым небары төрт-бес жылдың ішінде бірқатар мәселелердің басын қайырып үлгерді. «Аналардың жүректері» сарбаздар аналар кеңесі республикалық ұйымының төрайымы Лилия Хайрулина осыдан бір жыл бұрын  сарбаздардың несиелік демалыстары туралы сұрақ көтерген бастамашыл топтардың бірі. Қазіргі таңда бұл мәселе оң нәтижесін тапты.   

- Әскери бөлімдерді аралауда әсіресе, басым назарды қайда аударасыздар?    

- Қоғамдық ұйым өкілі ретінде өз басым сарбаздардың тамақтануы мен тұратын үй-жайына ерекше назар аударамын. Үй-жайларда тұру жағдайларымен, жабдықтану түрлерімен етене танысамын. Сондай-ақ, теориялық және практикалық сабақтар өтетін сыныптарды аралауды әдетке айналдырдым. Азық-түлікті сақтау тәртібін және олардың жарамды мерзімін бақылап, медициналық пунктілерге міндетті түрде бас сұғамын. Онда медициналық персоналдың жұмысымен танысып, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің медициналық көмекке жүгіну журналындағы жазбаларын мұқият қадағалаймын. Жалпы, комитет әр сарбаз үшін өз баласындай алаңдайды. Өйткені, әрбір ана балаларының  әскери борышын қалай және қандай жағдайда орындайтындығына баса мән береді. Сондықтан біз әскери бөлімдермен мүмкіндігінше тығыз жұмыс істеуге тырысамыз. Мен жүрген жерлерді әскери бөлім яки өзім әлеуметтік  желілерге салып отырамын. Бұны ата-аналар көріп, парақшаларда пікір қалдырып жатады. «Бәлембай әскери бөлімге барып қайтсаңыз, бәленбай сарбазбен әңгімелессеңіз» деген сынды пікірлерін қалдырып жатады. Жалпы,  жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында сарбаздардың аналары комитеті мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мен ата-аналар арасында байланыс орнатып, әскери ортадағы туындаған мәселелерді уақтылы шешу бойынша сан түрлі шаралар қабылдауда. Өйткені, «Сарбаздардың аналары» комитеті, ең алдымен, мерзімді әскери қызметшілерге қиын жағдайларда сүйеніш болуға құрылған. Ұйым өкілдері Қарулы Күштердің әскери бөлімдеріне, басқа да  тәртіптік әскер мен әскери құрылымдарға, елдің әскери оқу орындарына үнемі барады. Қоғамдық бірлестік құрамының басым бөлігі әскерде мерзімді әскери қызметін өтеген немесе өтеп жүрген баласы бар әйелдерден тұрады.  

- Яғни,  сіздің  ұлыңыз  әскерде ме?

- Әрине, менің ұлым Ұлттық ұлан сапында мерзімді әскери қызметін атқарып жүр. Қарағанды қаласындағы 6506 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері бүгінде түзеу мекемесін күзетеді. Шыны керек, менің осы қызметке кіріскенімнің себепкері жалғыз балам. Мен бұқаралық ақпарат құралдары жариялаған ақпараттарды ой елегінен жиі өткізетін адаммын. Әскердегі болған оқыс оқиғалардан кейін жүрегім түршікті. О басында баламды әскерге аттандырмаудың амалдарын қарастырдым. Алайда, менің ұлым тумысынан бірбеткей еді. Менің қарсылығыма қарамастан, «Мама, мен өз еркіммен барғым келеді» деп дүңк еткізді. Баламның шешімін өзгерте алмасымды түсінген мен басқа жолдарын қарастыруға бел байладым. Осылайша әлеуметтік желі арқылы «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің төрайымы Лилия Хайрулинамен таныстым. Қоғам белсендісі балаңа, жалпы сарбаздарға жанашыр болғың келсе біздің қатарымызға қосыл деп кеңес берді. Сол уақытта енді ғана бой көтерген Абай облысындағы комитеттің өңірлік өкілі болмаған екен. Осылайша, мен 2022 жылы сарбаздар аналары комитеті қоғамдық бірлестігінің Абай өңірі бойынша өкілі болып тағайындалдым.

- Қоғамдық  бірлестік өкілі болу  сізге  не береді?

- Өте орынды сауал. Арнайы комитет төрайымы мені қызметке алмай тұрып, менің ерікті ретінде жұмыс жасайтынымды тәптіштеп түсіндірді. Яғни, мен қоғамдық бірлестіктен бес тиын да алмаймын. Сондықтан, мен төрайымға тек негізгі нәпақа көзіне айналған қызметімнен қолым босағанда ғана, бұл жұмысқа білек түре кірісетінімді жеткіздім. Осылайша, түбегейлі ортақ шешімге келген соң, мен Абай өңірі бойынша сарбаздар анасы атандым. Сенесіз бе? Мен айына он бес әскери бөлімге бір емес, бірнеше рет барып қайтамын. Әмбе, құр қол бармай, тәтті тағамдар мен шағын сыйлықтар алып барамын. Шамасы, осыдан төрт ай бұрын болар. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қорғаныс министрлігіне қарасты Семейдегі 54770 әскери бөліміне бардық. Он шақты сарбаздың  жаңа жылда нені қажет ететіндігін жазып алдым. Сосын жаңа жылда мерейлі мерекелерімен құттықтап, әрқайсының қолдарына өзім бердім. Жоқ. Мен бұны бұлдап тұрған жоқпын. Бұл  менің ізгі ниетімнен туындаған дүниелер. Алғашында қоғамдық бірлестікті қосымша жұмыс деп қабылдаған мен, уақыт өте келе негізгі жұмысымнан гөрі осы бір қызметіме көп уақыт бөлетін болғанымды өзім де аңғармадым. Қайда жүрсем де бір бүйрегім әскери бөлімге тартып тұратынды шығарды. Санамның саңлауында «әнеу күнгі кездесуде, бір сарбаз тұйық отырды. Оған не болды екен» деген ойдың жетегімен, кеше барған әскери бөлімге ертесінде тағы да ат басын бұрып, табалдырығын аттап қайтатын болдым. Яғни, бұл жұмыс бүгінгі таңда мен үшін бірінші орында тұрады.

- Сарбаздар да сізді сағына күтетін болар?

- Мен сізге бір қызықты айтайын. Таяуда Аягөз қаласында орналасқан Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімге барып  қайттым. Сапар барысында әскери бөлімнің инфрақұрылымын тексеріп, бейнебақылау камераларына, жатын бөлмені жайластыру бойынша ішкі қызмет жарғысының талаптарын сақтауға назар аудардым. Әскери бөлім асханасынан бастап, сарбаздар үй-жайына дейін тексеріс жүргіздім. Бұдан кейін әскери бөлім басшылығына  тек сарбаздардың қатысуымен ғана өтетін кездесу ұйымдастырып беруін сұрадым. Мерзімді әскери қызметшілерін еркін әңгімеге шақырып, өзекті деген сұрақтарын тыңдадым. Одан қалса көңіл-күйді көтеру мақсатында түрлі ойындар ұйымдастырдым. Сарбаздардың өтініштерін тыңдап, өзіммен бірге алып келген тәтті тағамдарды үлестірдім. Соңында үзеңгіге аяқ салар уақытта жетіп, іс-шарамыз соңына жеткенде бір сарбаз «сізді құшақтасам болады ма» дейді. Сұрастырып көрсек,  әскери бөлім табалдырығын енді аттап, ант қабылдауға дайындалып жатқан сарбаз екен. «Сіздің сөйлеу мәнеріңізбен, кескін-келбетіңіз менің анамнан аумайды екен, сізді құшақтауға рұқсат етіңізші» дейді құлағыма сыбырлап. Бірден Қарағанды қаласында  азаматтық парызын өткеріп  жүрген өз ұлым есіме түсті. «Келе ғой» деп әлгі Ақтау қаласынан шақыртылған сарбазды бауырыма бастым. Күндердің күні тағы да сол әскери бөлімді бақылап қайтпақ болдым. Алдымнан күтіп алған жарқын жүзді әскери бөлім басшылығы «Аягөздегі ұлыңызды көруге келдіңіз бе» дейді қалжыңдап. Мен кетісімен әлгі сарбазға «сарбаздар анасының баласы» деп ат қойып қойған екен. Ол кезде әлі де әскери үрдіске бейімделмеген болуы керек. Соңғы рет барғанда хас жауынгерге айналған. Кешегі мөлдіреген көздері жасындай жарқырап, болмысынан қайсарлықтың  рухы асқақтап тұрғандай көрінді. Жалпы, алпауыт ойдың иесі Абай Құнанбайұлы «махаббаттыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» дейді.  Шынымен де махаббаттың  құдыреттілігінде шек жоқтай. Мен өңірдегі сарбаздардың анасы қызметін атқарып, жүріп, осыны байқадым. Әсіресе, ана шіркіннің балаға деген махаббаты ерек екен. Мен құдды осы махаббаттың дәнекері тәріздімін. Жалпы, сарбаздарға жауынгерлік әзірлікпен қатар психологиялық қолдау да артық етпейтін  тәрізді.

- Яғни, сарбаздарға  психологиялық қолдау қажет болғаны ма?

- Әскери құрылымдарда психологтарға артылар жүк өте көп. Ал олардың әдістемесі кешегі Кеңес одағының жүйесіне негізделген. Қазіргі психология жаңашыл көзқарас пен жасампаздықты талап етеді. Сондықтан қатып қалған қағида жоқ. Қоғам талабына сай әскердегі психологиялық әдістемелерді қайта түрленту қажет. Осы орайда ақпан айында әскери құрылымдардағы психологтардың басын қосып, әскердегі психология қызметінің қарқынын арттыру мәселесін қарастырып, дөңгелек үстел ұйымдастырдым. Бас қосуда әскери психология әскер қатарына шақырылған жас толымның  әскерге жарамдылығын қадағалаудан бастау алатындығы баса айтылды. Әр жас сарбаз қызметінің бастапқы шағында адам ағзасының жаңа ортаға қалыптасуында өзгерістер туындайдыны баршамызға мәлім. Бұл өзгерістер жүйке жүйесіне әсер ететін факторларға алып келуі де бек мүмкін. Әскери өмірге бейімделу үдерісі тиісті бір уақытты талап етеді. Өйткені, әскери қызмет тәртібі мен талабына жауынгердің жүріс-тұрысы мен мінез-құлқының сәйкестенуі құба-құп абзал болуы шарт. Міне, осы уақытта сарбаздың қоршаған әскери ортамен үйлесім табу жолында  психологиялық қолдау міндетті түрде қажет. Жанұяда еркін өсіп, ұшарын жел, қонарын сай білетін жастық желіктің  әскери ортаға топ етіп, саналы түрде бірден әскери тәртіпті ұстанып кетуі өте күрделі процесс? Әсіресе, қашықта қалған  ет-жақындарына деген  сағыныш сезімін баса білуі, рухани тұрғыда  күйзеліске ұшырамаудың ар жағында  әскери психологтың  ерен еңбегі тұр.     

- Бұл мақсатта сарбаздар арасында қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?

- Әр түрлі шаралар, атап айтсақ, адамның өзіне деген сенімділігін арттыру мақсатында түрлі тренингтер өтеді әскери бөлімдерде. Бұндай тренингтер қатысушылардың коммуникативтік дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға тигізер үлесі зор. Психологиялық тренингтер жауынгердің сергек қалыпта жүруіне сондай-ақ, шырғалаң шақта мардымды жауап табуына мұрындық болады. Бұл өзара коммуникативті қарым-қатынасты жақындатып қана қоймай, жауынгердің қаруластарымен етене жақын тіл табысуларының маңдайалды себепшісіне айналады. Жалпы, әскерилер арасындағы арақатынастың нығая түсуі ұрыс жағдайындағы ұйымшылдықты жоғары дәрежесіне жеткізетінін білесіз бе? Мысалы ұрыстағы ұйымшылдық жауға қарсы шабуылдың жоспардағыдай өтуіне мүмкіндік бермек. Яғни, әскер жасағындағы әрбір механизм тетігінің біркелкі жұмыс атқаруы сондай-ақ бір-бірін емеуріннен тани білуі қызметтік-жауынгерлік  тапсырманың сәтті орындалуына ықпал етпек.        

    

- Сіз барған  соңғы әскери бөлім қайсы?

- Соңғы рет Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мерекесіне орай Ұлттық ұланның Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінде болдым. Мерейлі мереке барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының сарбаздарына ұлттық тағамдар үлестіріп, наурыз көжеден дәм татқыздым. Сондай-ақ ұлттық ойындарды жаңғыртып, Отан қорғаушылар арасында  асық, арқан тартыстан сайыстар ұйымдастырдым. Әріптестерім, мен жайында «жалғыз ұлың бір төбе, мың сарбазың бір төбе» деп айтып отырады қалжыңдап. Менің ойымша, ана махаббатынан асқан ғаламат һәм тылсым күш жоқ. Оның пейілі дархан, шұғыласы шексіз. Сондықтан ақадал сезімге толы сарбаздар анасының жүрегінде мың сарбазға орын бар деп айта аламын.  

- Әңгімеңізге рақмет.

Сержант Рүстем Мұхамет-Рақым

Өскемен қаласы

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -