Қаламы қарымды тілшілер тағлымды тәжірибесін бөлісті

1364
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық тәрбие, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде таптырмас құрал екені анық. Ал әскери қызметтің беделін арттырып, абыройын асқақтатуға, жастардың бойына Отанды қастерлеу, ұлтжандылық, патриотизм сезімдерін дарытуға, сонымен қатар әскеріміздің тыныс-тіршілігін, жауынгерлік қызметін, халық амандығы үшін жасалып жатқан істерді қоғам арасында таратуда қызмет атқаратын маман - әскери тілші.

25 сәуірде 6698 әскери бөлімінде штаттан тыс әскери тілші ретінде тағайындалған әскери қызметшілермен  бір күндік оқу-әдістемелік жиын өтті. Әскери бөлімдегі тәрбиеші офицерлер мен ротаның жастар орталығы ұйымынан құралған сарбаздарымыздың штаттан тыс әскери тілші ретіндегі қызметін сапалы ұйымдастыру, олардың қызметтегі біліктілігін арттыру мақсатында өткізілген шара «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің редакциясында кәсіби мамандардың қатысуымен ұйымдастырылды. Алғашқы болып сабағын бастаған журналист, жазушы, драматург Сабырбек Олжабай әскери тілшілерімізбен алдымен өз еңбек жолындағы тағлымды тәжірибесін бөлісті. Қалың елге қаламың арқылы қасиетті сөз айтудың ұтымды тұстарын үйретіп, тақырыпқа арқау болар болар әдемі ойларын тілге тиек етті.

Мәскеуде әскери борышын өтеген журналист, басынан өткен тарихи оқиғаларды тебірене баяндап, әскери журналистиканың тарихын тереңнен қозғады. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Айбын», «Заң және заман» сияқты бөлімдерінің меңгерушісі Дәулет Тұрсынұлы қазіргі кездегі әскери тақырыпты қалың бұқараға ұсынудың тиімді жолдарын, жаңашыл тұстарын көрсетті. Бірнеше сағатқа созылған шеберлік сабағында әскери қызметшілеріміз де өз ойларын ортаға салып кәсіби журналистерден кеңес алды.

Қаламынан қарымды ойлар туындаған тілшілер бүгінде ақпарат майданында цифрландырылған жүйе мен ғаламтордың, әлеуметтік желілердің ролі басты күшке айналған кезеңде оны да өз игілігіміз үшін барынша тиімді пайдалану заман талабы болып отыр. Сондықтан бір мақала жазумен шектеліп қалмай, техниканы пайдаланып, жастарға, қоғамға саналы әсер етудің кез-келген әдісі ұтымды қару болып табылатынын ескеріп, «мобилография», әлеуметтік желілерді жүргізу сияқты мамандықты да әскери тілшілер қатарына қосуға болатынын айтып өтті.

Жиын соңында әскери қызметшілерімізге сапалы сабақ өткізген «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық саяси газетінің тілшілеріне 6698 әскери бөлім командирінің алғыс хаттары табысталды.

6698 әскери бөлімі

капитан  Малика Шынжігітова

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -