Елорда төрінде Мемлекеттік Ту көтеру және әскери оқу орындарының түлектеріне шен табыстау рәсімінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
— Бұл сөз барша азаматтарға, күштік құрылымдарда жүрген барлық Отан қорғаушыларға бағытталғанмен, әскери оқу орнын үздік тәмамдап, офицерлер қатарын жаңа толықтырып жатқан бізге ерекше әсер етті. Астарында асыл аманат жатқанын сезіндім. Ашық аспан аясында еліміздің Бас Туы көтеріліп, елдігімізді айшықтаған рәміздің бірі — Елтаңбаға құрмет көрсетіліп, Мемлекеттік Әнұран шырқалды. “Атамекен” этно-мемориалды кешені алаңында Мемлекет басшысының тікелей өз қолынан офицерлік шен алу, ел тыныштығы мен мемлекет мүддесіне қатысты өсиетін есту — біз секілді жас офицерге жоғары мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік жүктейді, - дейді үздік түлектің бірі Жалғас Жеңіс.

Лейтенант Жеңіс Петропавл қаласында орналасқан Ұлттық ұлан Академиясының түлегі. Әскери білім ордасында “Байланыс әскерін тактикалық басқару” мамандығы бойынша төрт жыл білім алып, оқуын үздік аяқтап, қызыл диплом иегері атанды.
Көкшетау қаласында туып-өскен Жалғастың бала күннен бергі таңдауы — әскери қызмет екен. Ол саналы түрде алдына мақсат қойып, спорттық тұрғыдан өзін шыңдап, әскери оқу орнына түсуге жіті дайындалған. Қаладағы Мәлік Ғабдуллин атындағы N3 мамандандарылған мектеп-гимназиясын тәмамдаған соң, құқықтық тәртіп әскерінің оқу ордасына түседі. Әкесі Төлеген Жеңісұлы “Көкшетау жылу” мемлекеттік мекемесінде күзетші, ал анасы Бақыт Есенбекқызы балабақша тәрбиешісі.

Жалғас отбасындағы үш ұлдың ортаншысы. Бокспен және күреспен айналысқан. Әскер академиясының қабырғасында жүрген жылдары да, қазір де, кәсіби тұрғыда болмаса да, дене дайындығын тиісті деңгейде ұстап тұру үшін спорттан алшақтамағанын айтады. Сонымен қатар, ату дайындығы да жоғары екенін білдік.
— Әкем маған адамдыққа тәрбиелейтін игі қасиеттер жайлы жиі айтады. Кейде өмірлік мысалдар келтіреді. Ең жиі айтатын кеңесі — “адамгершілігің мол болсын”, “қолыңнан келгенше айналаңа көмектес”, “достыққа адал бол”. Оң тәрбие берген ата-анама ризамын. Бізге ден қойып, қалыптасуымызға жағдай жасаған, таңдауымды қолдағаны үшін әке-шешеме алғысым шексіз. Әскери орта отбасыдан алған сол тәрбиені одан әрі нығайта түсті. Жинақылық, жауапкершілік, тазалық, ұжымға бейімделу, көпшілдік, тіл табысу сынды қасиеттерге үйретті. Қазір Қазақстанның әрбір өңірінен жиналған жолдастарым бар. Кәсіби тағылымдамадан өтуге өңірлерге барғанда сол жақта жүрген достарым білгенімен бөлісті. Академияда алған біліміммен тылға да, командирлік бағытқа да бара аламын. Айдауылдау немесе қоғамдық тәртіп күзеті болсын, кез-келген бөліністе қызмет ету мүмкіндігі бар. Сол сияқты қандай да бір қабілеті, өнері, спорт түрінен тәжірибесі бар курсанттарды оқу орнының басшылығы үнемі қолдап, одан әрі дамыта түседі. Осы ретте Байланыс циклінің полковник Беккер бастаған, полковник Жақыпбаев, подполковник Щербаков сынды білікті ұстаздарына зор алғыс айтқым келеді. Оқудан тыс та өмірлік тәжірибелерін, ағалық ақылдарын айтып, жол көрсетіп келді. Үздік түлек атанып, ата-ана, жақындарымды қуантып, оқу ордасының мақтанышы болып жатсақ, мұның артында сол кісілердің еңбегі жатыр, - дейді жас лейтенант.

Кешегі курсант, бүгінде Ұлттық ұлан офицерлері қатарын толықтырған Төлегенұлы Жалғас енді офицерлік мансабын Павлодардағы 6679 әскери бөлімінен бастайды. Әскери қызметке кірісуден бұрын, түлектерді Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов қабылдап, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан погон алуларымен құттықтап, офицерлік қызметтеріне сәттілік тіледі. “Біз Сіздерге шен тапсырумен қатар, үлкен жауапкершілік артып, мемлекетімізді қорғауды, халқымыздың тыныштығын сақтауды, еліміздің бейбіт болашағын сеніп тапсырамыз” деді әскер қолбасшысы.

Павлодарлық полктің байланыс взводының командирі лауазымына тағайындалған Жалғастың және Ұлттық ұлан академиясын тәмамдаған барша түлектердің жас жауынгерлерді отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ісіндегі жауапты қызметтеріне табыс тілейміз.
Капитан Мөлдір НӘЛІБАЕВА,
Астана қаласы