NIS түлектері болашақ ұрпаққа қалай көмектеседі

18040
Фотосурет: NIS

19 шілдеде Назарбаев Зияткерлік мектептері түлектерінің «Alumni NIS» қауымдастығы «Назарбаев қоры» жеке қорының қолдауымен жыл сайынғы «Annual III Fundraising Ball: Celebrating Graduates!» қайырымдылық балын өткізді. Ауқымды шараға 150-ге жуық түлек қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Дәстүрге айналған шараның мақсаты – «Өркен» білім беру грантына үміткерлер арасында резервтік тізімде тұрған ауылдық мектептерде оқитын, оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан шыққан 7-сынып оқушыларына NIS түлектері атынан Зияткерлік мектепте оқуға қажетті қаражатты жинау.

Бұған дейін 2023 жылдың тамызында Түркістан облысы Шәуілдер ауылының оқушысына алғашқы грант беріліп, оның толық оқу ақысын төлеу үшін екі қайырымдылық балл өткізілді. Қазір Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте оқып жатқан шәкірт оқу жылын үздік бітірді.

Қайырымдылық балда құттықтау сөз сөйлеген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин іс-шараның маңызына тоқталып, түлектерге алғысын білдірді.

"«Alumni NIS» қауымдастығы – біздің ең үлкен байлығымыз. Біз тәжірибе алмасып, бір-бірімізді қолдау арқылы биік белестерге қол жеткізе аламыз. Біз үлкен отбасымыз және біздің күшіміз бірлікте екенін естен шығармайық. Игі істер арқылы әлемді жақсы жаққа өзгерте алатынымызға сенейік. Бүгінгі бал тек қайырымды іс жасау ғана емес, сонымен бірге жарқын кездесулердің алаңы. Осы залға түрлі саланың өкілдері жиналды. Сондықтан осы шара өзара ынтымақтастық орнатып, қатысушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлайтынына сенемін. Зияткерлік мектептер сіздерге көп мүмкіндіктер берді. Сапалы білім, құнды дағдыларды сіңірдіңіздер. Енді кезек өздеріңізде. Мектептерімізді, оқушыларды жан-жақты қолдайтын уақыт келді" Әнуар Жанғозин

Сондай-ақ жиын барысында NIS ДББҰ мен «SmarTestPrep» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екіжақты келісім Зияткерлік мектеп оқушылары үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Алдағы уақытта жүлде қоры 3 миллион теңге болатын байқау өткізілмек. Сонымен бірге оқушыларға емтиханға дайындалу үшін шағын курстардан (IELTS/SAT/NUET) өту, шетелде оқу және т.б. қызметтер тегін ұсынылады. Компанияның негізін қалаушы әрі бас директоры Семейдегі NIS түлегі Лаура Вайгорова екенін атап өткен жөн.

Қайырымдылық балға Біріккен Ұлттар Ұйымы, ҚР Парламентінің Сенаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, KPMG, Ernst & Young, Deloitte, Binance, Alstom, Dyson, PricewaterhouseCoopers, Kaspi.kz, Beeline және басқа да жетекші отандық және халықаралық ұйымдар мен  компанияларда қызмет ететін түлектер, сондай-ақ Ivy League мен QS рейтингіндегі үздік жоғары оқу орындарында оқитын түлектер қатысты.

Олардың арасында Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS түлегі Аделина Луценко да бар. Бүгінде ол Азаматтық авиация академиясының ұшқыш-нұсқаушысы болып жұмыс істейді, сондай-ақ Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің (EASA) сертификаттауынан өткен. Биыл көктемде Аделина тек қыздардан тұратын, оның ішінде нұсқаушы және студент қыздардан құралған оқу ұшағын әуеге көтерді. Әйелдер экипажы Қазақстанның ұшу оқу тәжірибесі тарихында алғашқы болды.

"Қайырымдылық бал – бұл тек достарымызбен кездесу мүмкіндігі ғана емес, түлектер қауымдастығының бастамаларын қолдауға бағытталған ерекше шара. Мен NIS-те сапалы білім алдым және оны оқуға ынта-жігері бар, бірақ қаржылық қолдауды қажет ететін балаларға қолжетімді болғанын қалаймын. Біздің әрқайсымыз өскелең ұрпақтың дамуына өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Мен осындай маңызды істің басы-қасында болғанымды мақтан етемін" Аделина Луценко

Еске салайық, «Alumni NIS» – 2010 жылдан бастап бүгінге дейін түлектер арасындағы байланысты сақтап отырған қауымдастық. Олар түлектердің кәсіби шыңдалуына жәрдемдесіп, қоғамның дамуына үлес қосуда маңызды рөл атқарады. Бүгінге дейін Зияткерлік мектептерді 20 856 түлек бітірген, олар әлемнің 30-дан аса елінде жоғары білім алуда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -