2024 жылғы 5-7 тамыз күндері Қарағанды қаласында Ұлттық ұлан тәрбиешілерінің оқу-әдістемелік жиыны өтті. Жиынға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетовтың жетекшілік етті. Үш күнге созылған жиынға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының ұжымы, өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының, әскери құрамалар мен бөлімдер командирлерінің Ұлттық ұлан академиясы басшысының тәрбие жән әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары, «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасақ тәрбиешілері мен психолог мамандар қатысты. Оқу-әдістемелік жиынға әскер бойынша өңірлерден жалпы саны 50-ге жуық офицер келді.
– Бұл іс-шара тәрбиешілердің кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған. Жиында қызмет барысындағы жаңашылдыққа баса мән беріледі. Сонымен қатар өзге де құрылымдардағы әріптестермен тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Жиында әскери қызметшілер мен сарбаздардың тәрбие ісіне қатысты мәселелер мен жасампаз істер жайы талқыланды. Бұл тек жауынгерлерді ғана емес, жас ұрпақты да қазақстандық патриотизм мен ұлттық құндылықтарға жақын өсірудің жолдарын қарастыру үшін ұйымдастырылған шара деуге болады. Ең бастысы мұндай басқосуларда кейбір маңызды оқиғалар мен күрделі мәселелердің шешімі табылады, - деді 6655 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары подполковник Төрехан Төлебиұлы.
Жиынның алғашқы күні «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде өтті. Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі Кайрат Үмбетов кеңейтілген отырыста ІІМ орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың тәртіп пен тәрбие жұмысына қатысты қойылған талаптары мен тапсырмаларын жеткізді. Сондай-ақ жиын барысында Бас қолбасшылықтың Тәрбие және әлеуметтіқ -құқықтық жұмыстар бас басқармасының басшысы полковник Нұрбай Бектұрсынов құқықтық тәртіп әскеріндегі жалпы тәрбие жайын баяндады. Бұдан бөлек өңірлік қолбасшылықтардағы және әскери бөлімдердегі жұмыстарды жақсарту жөніндегі міндеттерді атады.
Осыдан кейін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев жас офицерлерді жұмысқа қабылдау және бейімдеу кезеңіндегі тәрбиешілер тәжірибесі жайлы сөз қозғады. Ал «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салихбаев офицерлер және келісім шарт бойынша әскери қызметшілер арасындағы қылмыстардың алдын алу және ескерту жөніндегі жұмыстар бойынша тәжірибесін ортаға салды. Бұдан бөлек психолог аға лейтенант Камила Жакупова сарбаздардың моральдық-психологиялық жай-күйімен жұмыс жүргізу тәсілдерін айтты. Ал психотерапевт Батыржан Құндақбаев лудоманиядан сақтану жолдарын түсіндірді. Тәулік соңында жиын қатысушылары басшылық құжаттарды меңгеру бойынша сынақ тапсырды.
***
Жиынының екінші күні қатысушылардың физикалық қабілеттерін тексеруден басталды. Офицерлер 100 метрге жүгіруден сынға түсті. Ал сабақтар 5451 әскери бөлімінде жалғасты. Бұл күні тәлімгерлер дәріс өткізу барысында пікір алмасу мен диолог құруға көп көңіл бөлді.
Аталған әскери бөлімге жиналған әскери қызметшілерге жеке тәрбие жұмысының электронды күнделігін пайдалану бойынша дәріс оқылды. Сондай-ақ олар күнделікті қызмет атқару барысында кездесетін мәселелер мен қиындықтар турасында талқылау жүргізді. Сонымен қатар әскери қызметшілердің білім деңгейі мен оқыс оқиғалар кезіндегі іс-әрекеті сөз болды. Әр мәселенің шығу себебі қаралып, оны шешу жолдары ұсынылды. Әр дәріс сайын әскерилер өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.
– Жиын барымында біз тәжірибелік сабақтарға қатыстық. Дәрістер өскелең ұрпақты және әскер қатарында жүрген сарбаздарды патриоттыққа баулып жүрген тәрбиеші офицерлердің біліктілігін нығайтуға бағытталды. Сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердегі өзгерістер мен әскери қызметшілердің тәрбиесіне қатысты заңнамалардағы жаңашылдықтар да түсіндірілді. Бұдан бөлек, әртүрлі әскери бөлімдерден жиналған мамандар бір-бірімізбен тәжірибе алмастық. Жиын жыл сайын өткізілгенімен, уақыт бір орында тұрған жоқ. Сәйкесінше, тәриешілерге жүктелетін міндеттер де арта түсуде. Өте маңыды басқосу болды. Жас жауынгерлерді тәрбиелеу барысында қолданылатын жаңа әдістемелер мен тың тәсілдерді үйрендік, - дейді 5573 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Тимур Рахимов.
Түскі үзілістен соң ұландық әскерилер Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының КарЛАГ музейіне экскурсия жасады. Олар тарихи деректермен және жәдігерлермен танысты. Одан кейін 6505 әскери бөлімінің 2 атқыштар батальонына ат басын тіреді. Мұндағы рота командирлері өз тәжірибелері бойынша жауынгерлік қызметке кірісер алдында және оны орындау кезеңінде жеке құраммен тәрбие жұмысын жүргізу барысын көрсетті. Көрнекі сабаққа қатысқан офицерлер өз пікірлерімен бөлісті.
– Көрнекі сабақта қарауыл қызметіне жауынгерлерді аттандырмас бұрын ұйымдастырылатын тәрбиелік жұмыстар көрсетілді. Көргенімізді өзімізде жүргізілетін жұмыс сапасымен салыстырдық. Мұндай сабақтар арқылы біз жұмыс барысындағы кемшіліктеріміз бен артықшылықтарға көз жеткізе аламыз. Оқу-әдістемелік жиынының бізге берер бір пайдасы – осы, - деді 5513 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Бауыржан Қансейітов.
Пікір алмасу форматында ұйымдастырылған сабақтар Долинка кентінде орналасқан батальонның жауынгерлік қызметтегі үздік әскери қызметшілерін ұлықтау кешімен аяқталды. Екі күн бойы үздіксіз сабаққа қатысқан әскери қызметшілер сарбаздармен бірге әсем ән мен көркем биге елітіп, рухани азық алды. Алайда бұл іс-шара жиын қатысушыларына демалыс сыйлау үшін ғана ұсынылған жоқ. Мұның басты себебін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының басшысы полковник Нұрбай Бектұрсынов былай түсіндіреді:
– Батальонның жеке құрамына Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов пен әскеріміздің бас тәрбиешісі генерал-майор Қайрат Үмбетовтың атынан алғыс айтамын. Бүгінде құқықтық тәртіп әскеріне жауынгерлік қызметті асқан жауапкершілікпен атқару міндеті жүктелген. Ал жауынгерлік қызметтің алғы шебінде сарбаздар мен келісім шарт бойынша әскери қызметшілер жүр. Сіздер – Ұлттық ұланның абыройысыздар. Сондықтан да бүгінгі ұлықтау шарасында жауынгерлік қызметті адал атқарып жүрген үздіктер марапатталды. Ал әдістемелік жиынға қатысушылар осындай бағдарламаларды өткізу барысын бір-бірінен үйренгендері абзал, - деді Нұрбай Кеңесбекұлы.
Іc-шара аяқталғанымен жиынға қатысушылар залдан шығуға асықпады. Олар ұлықтау кешін өткізу барысын өзара талқылап, сын-ескертпелерін және өздеріне ұнаған тұстарын тілге тиек етті.
***
Жиынның соңғы күні тәрбиешілер мемлекеттік тілді меңгеру бойынша сынақ тапсырды. 5451 әскери бөлімінің клубына жайғасқан қатысушылар белгіленген тақырыптар аясында эссе жазып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Сондай-ақ жиын қатысушыларына Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы ТжӘҚЖ бас басқармасының Тіл саясаты және қоғаммен жұмыс қызметінің басшысы полковник Әлішер Әбдірәсіл «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысына арналған дәріс оқыды. Онда ол офицерлерге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың 2024 жылдың 14 сәуірдегі № 145 бұйрығымен бекітілген «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының ережесін жеткізді. Сонымен қатар әскери-патриоттық сабақтар мен жиындар өткізу барысында лауазымды тұлғалар атқаратын жұмыс тәртібін түсіндірді. Дәріс барысында қозғалыстың жұмысын ілгерілету бағытында, кезігетін кедергілерді жою мақсатында түрлі ұсыныстар айтылды. Әртүрлі әскери бөлімдерден келген әскери қызметшілер көкейдегі сауалдарын ортаға тастап, оның шешу жолын қарастырды. Бұдан кейін жиынға қатысушыларға 5451 әскери бөлімінің психологтары әзірлеген көрнекі сабақтар ұсынылды.
– Жыл сайын осындай іс-шара тұрақты ұйымдастырылып отырады. Бұл біздер үшін пікір алмасатын ашық алаң. Мұнда біз өз білгенімізді өзге әріптестерге, олар өздеріңдегі тың тәсілдерді біздерге үйретеді. Осылайша, тәжірибе алмасуға мүмкіндік туады. Мәселен, аталған әскери бөлімнің психолог мамандары көрсеткен көрнекі сабақ өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Сабақ барысында мамандар түрлі дағдарыс жағдайларында жауынгерлік қызмет атқаратын сарбаздардың моральдық-психологиялық жай-күйін мысалға алған. Қарапайым тілмен айтқанда, түрлі жағдайда психологиялық соққы алған жауынгер мен психологтың жұмысы көрсетілді. Көріністі тамашалай отырып, дағдарыс жағдайларында психолог мамандардың қызметі ауадай қажет екенін ұқтық. Сол секілді әскерде әр мамандық иесі маңызды десек, қатарға тәрбиешілер қауымын да қосу керек, - деді 3514 әскери бөлімі командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары подполковник Сәбит Молдабеков.
***
Көрнекі сабақ өткізілгеннен кейін әскери бөлімнің штабында Қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров атындағы мемлекеттік-құқықтық дайындық кабинеті ашылды. Жаңадан ашылған кабинеттің лентасын генерал-майор Қайрат Үмбетов пен жауынгер Мадияр Қайсаровтың әкесі Оразалы Бейісбеков кесті. Енді мұнда офицерлер жас сарбаздарды патриотизм мен елдікке тәрбиелейтін болады.
– Еліміздегі құқықтық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқаратын әскерилердің бүгінгі құрметі үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Менің марқұм ұлым да сіздер атқарып жүрген абыройлы міндетті орындау барысында көз жұмған еді. Бүгінде баламызды ұмытпай, оның атын жас ұрпаққа үлгі етіп жүрсіздер. Сол үшін де сіздерге алғысымды білдіремін, - деді жауынгер Мадияр Қайсаровтың әкесі Оразалы Бейісбеков.
Осы іс-шарадан кейін әскердің бас тәрбиешісі Қайрат Жарылқасынұлы оқу-әдістемелік жиынды қорытындылады. Ол тәрбиешілерге қолға алған жұмыстарды жетілдіруді тапсырды. Сондай-ақ әскерде қылмыс атаулыны болдырмау, жеке құрамның әскери тәртібін қатаң бақылауда ұстау керегін баса айтты.
Айта кетейік, тәрбиешілерді тәжірибелік дайындықтан өткізу барысында барлығы 25 сабақ өткізілді. Сонымен қатар 5573, 6654, 5518, 6505, 6697, 7552, 6655 әскери бөлім командирлерінің орынбасарлары тыңдалды.
– Біздің басты міндетіміз – жауынгерлік қызмет. Қызмет барысында жеке құрамның өмірі мен денсаулығына жіті назар аударылуы керек, - деді Халық қаһарманы.
Қатардағы Жанболат Кенжеғұл, Қарағанды қаласы