Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде қауіпсіздікті күшейтуге келген Көкшетау сарбаздары қаладағы қоғамдық тыныштықты қорғауға атсалысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5510 әскери бөлімінің жауынгерлері Астана қаласының көшелерінде қызмет атқару барысында екі ұялы телефон тауып, иелеріне қайтарды.
Сағат 19:00 шамасында әскери жасақ бастығы кіші сержант Дмитрий Скидан, қатардағы жауынгерлер Ильгиз Ілиясов және Досымжан Оманов қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде жерден "IPhone 14" маркалы ұялы телефон тауып алады.
Олжа туралы бірден әскери жасақтар кезекшісіне хабарлайды. Байланыс құралдарының көмегімен смартфон иесі анықталып, 20 минутта иесіне табысталады.
Сондай-ақ, сол күні сағат 20.20 шамасында келесі бір әскери жасақ бастығы аға сержант Жанғазы Шайхин, қасындағы сарбаздар қатардағы Жан Оспан және Сергей Алексеевпен бірге патрульдік-бекеттік қызмет атқару кезінде тұрғынүй жанынан "Vivo A53" маркалы телефон жатқанын көреді.
— Біз гаджетті тапқанда дереу патрульдік топтың бастығына баяндадық. Көп ұзамай рация арқылы базадан оның иесін тауып, телефон табылған жерге шақырып, мобильді құрылғысын қолына тапсырдық, - дейді жасақ бастығы аға сержант Жанғазы Шайхин.
Қызметтерін қырағы әрі адал атқарғаны үшін жоғарыда аталған әскери қызметшілер тұрғындардың алғысына бөленді.