Ақтөбе облысы әкімдігінің алдындағы алаңда Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектерін шығарып салуға арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Салтанатты іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, құрметті қонақтар мен түлектердің туыстары қатысты.
Әскери оқу орнын барлығы 89 жас лейтенант бітіріп отыр. Оның 31-і ұшқыш, 58-і инженер мамандығын алған мамандар.
Түлектерге алғашқы офицерлік атақ берілді. Жас офицерлер елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қосатын білікті маман ретінде қызметке кірісуге дайын.
Бұл оқиға Қарулы күштер үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды болып отыр. Өйткені әскери кадрларды толықтыру мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі болып табылады.