ҚазҰУ мен PolyU бірлескен Зерттеу орталығы ашылады

12452
Фотосурет: ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да  Гонконг политехникалық университетінің делегация құрамымен кездесу өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қонақтарды университет жетістіктерімен таныстырып, шығыстану факультеті жанындағы Қытай тілі орталығы мен Конфуций институтының негізгі қызметіне тоқталды. Сондай-ақ Солтүстік-батыс политехникалық университеті филиалының ҚазҰУ-да ашылуы, Жерді қашықтықтан зондтау орталығы, Қытай-Қазақстан қашықтықтан зондтау технологиялары зертханасы, энергияны көп қажет ететін нанотехнологиялар жөніндегі халықаралық Қытай-Қазақстан ғылыми зертханасы және «5G/5.5G коммуникациялық технологиялары» зертханасының негізгі қызмет бағыттарымен таныстырды.

«Біз сіздердің бірлескен орталық ашуға деген ұмтылыстарыңызға қуанамыз. Біздің тарапымыздан барлық зияткерлік және моральдық ресурстар оны қолдауға бағытталатын болады. Бірлескен жоба біздің елдерімізді, халықтарымызды ғылым мен білім саласында жақындастыруға қызмет ететініне сенемін» Еркін Ерманұлы

Қытай және жаһандық даму желісінің директоры, HaK PolyU қолданбалы әлеуметтік ғылымдар кафедрасы, Қытайдағы Бейжің-Гонконг әлеуметтік жұмысты зерттеу орталығының тең директоры Бен Ку QS WUR 2025 рейтингінде 57-орында тұрған Гонконг политехникалық университетінің (PolyU) жетістіктеріне тоқталды. Азияның ең ірі жоғары оқу орны 47 елден 440 оқу орнымен ынтымақтасады. Университеттің танымал түлектері  – кинорежиссер Вонг Карвай, сәнгер Вивьен Там және музыкант Пол Вонг.

PolyU делегациясы PolyU және ҚазҰУ-дың Орталық Азиядағы әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік даму жөніндегі бірлескен зерттеу орталығының жобасын ұсынды. Ол аймақтың ғалымдары, сарапшылары және мемлекеттік қызметкерлері арасында академиялық және кәсіби алмасу үшін үйлестіру орталығы болады.

«Орталық аймақ елдерімен байланыс орнату, зерттеулер жүргізу, академиялық және кәсіби ынтымақтастықты дамыту, келіссөздер мен семинарлар өткізу, студенттік көшбасшылықты және қызмет көрсету саласында оқыту бағдарламаларын дамыту, сондай-ақ түрлі іс-шаралар өткізу үшін ҚазҰУ-дағы негізгі PolyU база болмақ»  Бен Ку

Кездесу аясында тараптар бастаманы стратегиялық тұрғыда қажет деп таныды. Бұл өз кезегінде Қазақстанда, Орталық Азияда және «Бір белдеу – бір жол» жобасын біріктіретін елдер арасында әлеуметтік жұмыс пен әлеуметтік жаңғырудың болашақ дамуын басқаруда шешуші рөл атқарады деп күтілуде. Жүздесу бірлескен орталық құру мәселелерін талқылау мен жобаға қатысушылардың пікір алмасуымен аяқталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -