ҚазҰУ ғалымдары мен әлемдік сарапшылар АЭС радиациялық тәуекелдерін талқылады

6721
Фотосурет: ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да химия және химиялық технология факультетінің ұйымдастыруымен «Қазақстанда АЭС құрылысының радиациялық тәуекелдері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Өзекті мәселені көтерген іс-шараға қоғам қайраткерлері, оқытушылар мен студенттер, сондай-ақ шетелдік ғалымдар қатысты. Мамандар халықаралық тәжірибе мен ынтымақтастыққа ерекше назар аудара отырып, Қазақстандағы атом энергетикасының радиоэкологиялық тәуекелдері мен перспективаларының негізгі мәселелерін қозғады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің радиоэкологиялық зерттеулерде айтарлықтай тәжірибесі бар. Факультетте жұмыс істейтін Мария Склодовская-Кюри атындағы заманауи радиохимиялық зертхана бұрынғы Семей полигоны мен Орталық Азияның уран кеніштерінің мониторингін қоса алғанда, радиоактивті ластануға кешенді зерттеулер жүргізді. Факультеттің ғылыми қызметінің маңызды бөлігі Жапонияның атом энергиясы агенттігімен және Қазақстанның Ядролық физика институтымен ынтымақтастық болып табылады, оның шеңберінде Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының қызметкерлері радиациялық мониторингтің ұзақ мерзімді курстарынан өтті.

Негізгі баяндамаларды радиациялық экология саласындағы жетекші мамандар, оның ішінде профессор, PhD И.В.Матвеева және аға оқытушы, PhD Е.Ю.Яровая, сондай-ақ шақырылған сарапшы – Йожеф Стефан институтының (Словения) радиохимиялық зертханасының басшысы, PhD Марко Штрок ұсынды.

Жиынға қатысушылар Қазақстанда атом энергиясын пайдаланудың ғылыми және қолданбалы әдіс-тәсілдеріне тоқталып,  оның радиациялық фонға және қауіпсіздік шараларына әсеріне баса назар аударды.

Доктор Марко Штрок Словенияның атом энергетикасы саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, атом реакторларын дұрыс пайдаланған кезде оның радиациялық фонға қосқан үлесі минималды және табиғи фонның жүзден бір бөлігін ғана құрайтынын атап өтті. Ол сондай-ақ радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз кәдеге жарату және қоршаған ортадағы радионуклидтер айналымы мәселелерін шешу үшін радиохимиялық әдістерді әзірлеу мен енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Еліміздегі радиациялық экология зертханасының негізін қалаушы академик Мұхамбетқали Бүркітбаев «уран ресурстарына бай тәуелсіз және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде Қазақстан үшін АЭС салу маңызды міндеттердің бірі болуы тиіс» деп атап өтті.

Панельдік талқылау барысында қатысушылар алдағы онжылдықтардағы атом технологияларының болашағын, әлеуетті технологиялық жетістіктерді және олардың БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлестерін талқылады. Бейбіт атомның пайдасы мен қауіпсіздігі туралы жұртшылықпен тиімді қарым-қатынас мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -