Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында елімізде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан үстел теннисінен XXVII Азия чемпионатының жалауы желбіреді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Чемпионатқа Азия құрлығының 26 елінен келген 210 спортшы қатысып жатыр.
Сары құрлық додасының ашылу салтанатына Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысып, байрақты бәсекеде өнер көрсететін спортшыларға сәттілік тіледі.
«Үстел теннисінен XXVII Азия чемпионатының басталуымен барша спорт сүйер қауымды құттықтаймын! Қазіргі таңда елімізде үстел теннисіне ерекше көңіл бөлініп, бұл спорт түрі қарқынды дамып келеді. Кейінгі бірнеше жылда жерлестеріміз халықаралық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Олардың қатарында үш Олимпиадада ел намысын қорғаған Кирилл Герасименко, әлем біріншілігінің жеңімпазы Алан Құрманғалиев және басқа да спортшыларымыз бар. Бұл чемпионат – біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл Азия үшін маңызды оқиға. Бүгін біз әлемнің ең мықты ойыншыларын қарсы алып, құрлықтағы үстел теннисі әлеуетін танытуға дайынбыз!» - деді ол.
Елордадағы біріншілікте әлемнің үздік ойыншылары, соның ішінде Олимпиада чемпионы Ван Чуцинь (Қытай), күміс жүлдегерлер Мива Харимото мен Миу Хирано (Жапония), сондай-ақ Олимпиаданың алтын жүлдегері Сунь Инша (Қытай) бақ сынайды.
Бұл сында ел намысын Рио-2016, Токио-2020, Париж-2024 Олимпия ойындарының қатысушысы Кирилл Герасименко, 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қатысушысы Анастасия Лаврова, миксте жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Алан Құрманғалиев, сондай-ақ халықаралық турнирлердің жүлдегері Сарвиноз Миркадирова мен Зауреш Акашева қорғайды.
Айта кетейік, үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты 13 қазанға дейін жалғасады. Жарыстар күн сайын 10:00-21:00 аралығында өтеді.