5929
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

Егемен еліміздің армиясы – Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, халқымыздың тыныштығын сақтайтын негізгі күш. Ал әскери қызмет – Ата заңымызда әрбір азаматтың борышы деп белгіленген.

Бүгінде байтақ республикамыздың әрбір өңірінен келген жастар Отан алдындағы жауапкершілікті сезініп, өздерінің азаматтық борыштарын атқарып, әскери өмірдің белестерін өткеруде. Бір қызығы биыл ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөліміне шақырылған жастар арасында бір отбасында дүниеге келген ағайынды егіз сарбаз бар.

Құрсақтан бірге келе жа қан ағайынды жұп — Әсембек пен Әлембек 2006 жылы 6 наурызда қарапайым отбасында дүниеге келген. Әсембек өмірге өз сыңарынан 10 минут ерте келіпті. Аз ғана айырмашылық болса да, өз бауырына әрдайым үлгі болып келеді. Болашақ сарбаздар Қарағандыдағы N45 гимназияда білім алып, кейіннен Астана қаласындағы «Индустриялды техникалық колледжіне» түседі. Әсембек «көлік слесарі», ал Әлембек «токарь» мамандығы бойынша білім алады. Жігіттер сондай-ақ оқумен бірге спортты да қатар алып жүреді. Мәселен, Әсембек кикбокспен, Әлембек ММА-мен айналысты. Екі жас – әскери қызметке өз еркімен барып, Отанға адал қызмет етуді мақсат тұтқан болатын. Бүгінде сол мақсат орындалуда.

Келесі егіздер – Қостанай облысынан келген Нұрсұлтан мен Ерсұлтан. Олар 2004 жылы 29 маусымда өмір есігін ашқан, Ерсұлтан сыңарынан жарты сағат ертерек туыпты. Екеуі де Ы. Алтынсарин атындағы мектептен түлеп шығып, Индустриялдық педагогикалық колледжінде білім алып шығады. Оқуды сәтті аяқтаған жұп өз еркілерімен әскерге баруға шешім қабылдайды.

- Қаралы қаңтардан кейін әскерге баруды жөн санадық. Басында ата-анамыздың қарсы болғаны рас. Бірақ әкеміз бен ағамыз таңдауымызды қолдап, баталарын берді. “Отан алдындағы борыштарыңды өтеп келіңдер” деді. Анамызың бойында қорқыныш болғанымен, кейін ол кісі де рұхсат етті. Мақсатымыз — өз Отанымызды қорғау және азаматтық борышымызды атқарып, үлкен абыроймен үйге оралу. Ата-анамыздың, елдің мақтанышы болуды армандаймыз дейді ағайынды сарбаздар.

Мерзімді қызметін өтеуге бар ынта-жігерімен келген олар әскери бөлімде де бір-біріне серік.

Егіздер – қос жүрек, бір тағдыр. Олардың әр қадамы, әр іс-әрекеті елге қызмет ету, туған жердің тыныштығын сақтау мақсатында өтіп жатыр. «Бірлік – берекенің бастауы» дегендей, олар әскери өмірдің қиындығында бір-біріне қолдау көрсетіп, кедергілерді  бірге еңсереді. Бірігіп атқаратын жұмыстар мен ортақ мақсаттары оларды одан әрі шыңдай түсуде.

Елге борыш өтеу – тек міндет емес, сонымен қатар азаматтық парыз. Егіздердің Отан алдындағы жауапкершілігі — жаһандану заманында туған жаңа ұрпаққа ұлтжандылықтың үлгісін көрсету, ел болашағына үлес қосу.

«Бірлік – берекенің бастауы» деген сөздерді өмірлік ұстанымдарына айналдырған егіздер, ортақ мақсатқа жету жолында бір-бірін қолдап, елдің абыройын арттыруға, халқына қызмет етуге әрқашан дайын.

Әскерде егіздердің болуы қалыпты жағдай, бірақ екі бірдей егіздің бір уақытта бір бөлімшеде борышын өтеуі кімді болса да таңқалдырары анық. Оларға қызметте сәттілік тілейміз.

Қатардағы Нұрсәуле Тоқтарова, Павлодар қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -