Satbayev University әскери кафедрасында ашық есік күні өтті

7425
Фотосурет: Gov

Білім ордасының әскери кафедрасында мамандарды даярлау үдерісімен танысуға талапкерлер, ата-аналар және құрметті қонақтар жиналды, деп хабарлайды DKnews.kz.  

Іс-шараға армия спортшысы, белгілі боксшы, IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Ангелина Лукас қатысты. Былғары қолғап шеберін Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев пен кафедра курсанттары жылы қарсы алды.

Шараға ҚР ҰҚК Шекара академиясының өкілдері де қатысты. Кинологтар мен тексеру қызметінің мамандары төрт аяқты көмекшілермен бірге тыйым салынған заттарды табу, мемлекеттік шекараны бұзу белгілерін анықтау және бұзып өткендерді іздеу жұмыстарын көрсетті.

– Ашық есік күніне біз Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің өкілдерін шақырдық. Студенттерге қару-жарақ пен әскери техника көрсетілді. Олармен танысу әскери кафедрада оқытатын пәндерді жақсы меңгеру үшін қажет, – деді Satbayev University әскери кафедрасы бастығының орынбасары полковник Қайрат Байымбетов.  

Келушілер ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар мен артиллериялық жүйелерге ерекше қызығушылық танытты. Әскери кафедраға жасалған экскурсия барысында оқытушылар кафедрада мамандар даярлауға қатысты сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Соңында қонақтар сарбаз ботқасынан дәм татты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -