Жетісу өлкесінің орталығы Талдықорған қаласының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін, яғни қаланың тыныштығын күзетіп отырған әскери бөлімнің құрылғанына 23 жыл толды.
Жетісу елінің тыныштығын қамтамасыз ету бұл мемлекеттік стратегиялық міндеттердің бірі. Әуелі, тыныштық жайлы аз-кем ой толғайықшы. «Ел бірлігі ең басты байлық, тыныштық басымыздағы бақ» тыныштықсыз, ел бірлігісіз ел егемендігінің арайлы күндері санаулы, қуаныштың арты бір-ақ тұтатам болары анық. Ал күндіз-түні қалғымайтын қызу өмірі қайнап жататын Талдықорғанның тыныштығын қамтамасыз ету тек айта салғанға оңай шығар.
Сұлулығымен тамсандырған, ақындардың жырына арқау болып, талайларға ән салдырған киелі Жетісуда Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарсты 5514 әскери бөлімі орналасқан. Бұл ұжым қүш-қуат ведомствосының ірі құрылымдарының бірі. Оларға шаһардағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері жүктелген.
Әскери бөлім жеке құрамы ішкі істер органдарымен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша Талдықорған қаласында патрульдік-бекеттік қызмет атқарады. Көпшілік қоғамдық-саяси, спорттық және басқа іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Айдауылдау қызметін де жүзеге асырады. Бұл жауапты міндетті мінсіз атқару үшін құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілеріне қойылған негізгі талап – қырағылық, ұқыптылық, батылдық пен батырлық секілді қасиеттер.
Таңбалы тарих...
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2001 жылдың 5 қарашасында 5514 әскери бөлімі құрылды. Талдықорған қаласында Ішкі әскердің әскери бөлімін құруға сол кездегі Алматы облысының әкімі Құлмаханов Шалбай Құлмаханұлы тікелей мүдделі болды. 2004 жылдың 21 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Ішкі әскерлер қолбасшысы генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов әскери бөлімге Жауынгерлік Туды табыс етті.
Бөлімнің бірінші командирі болып, қазіргі Ұлттық ұланның ардагері полковник Қанат Әлиев тағайындалып, артынша бөлімге подполковник Сергей Агошков басшылық етті. Полковник Асатолла Құлахмедов та осы бөлімде командир болып, қызмет баспалдағынан өткен. Бұдан кейін полковник Дәулет Жолбаев, подполковник Абдұмарат Ташимбетов, подполковник Нұрлыбек Елеусізов, подполковник Ербол Антай, подполковник Данияр Қасымов, подполковник Төлеби Чубаев және полковник Бағитжан Баламбаев әр жылдарда қолбасшылық етті, қазіргі уақытта бөлімді полковник Әмір Мансұров басқарып отыр.
Бөлімнің ширек ғасырға жуық жүріп өткен тарихи жолына назар салсақ, республикалық, облыстық және қалалық ауқымдағы маңызды міндеттер атқарғандығына көз жеткіземіз. Соның ішінде бір-екеуіне тоқтала кетсек:
2010 жылы наурыз айында ел ішін дүр сілкіндірген төтенше жағдай болған еді. Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы су қоймасының бөгеті жарылып, 3,5 мың адам тұратын елді-мекенді су шайып кетті. Жүздеген үйлер қирап, көп адам қаза болды. Төтенше оқиға болған мекенге шұғыл жеткен 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері он шақты күн қызыл судан келген зардаптарды жою бойынша орасан зор жұмыс атқарды. Үшті-күйлі жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарын жүргізді. Халықтың шашылып қалған дүние-мүлкінің талан-таражға түсіп кетуіне жол бермеді.
2011 жылдың желтоқсаны мен 2012 жылдың қаңтары аралығында Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында қоғамдық тәртіпті күзету қызметін атқарды.
2021 жылдың маусым айынан бастап Алматы облысы Полиция департаменті бастығының шешімімен бөлімнің әскери қызметшілері Талдықорған қаласынан бөлек Текелі қаласы және Қарабұлақ, Балпық би елді мекендерінде 60 бағыт бойынша қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзету қызметін атқарды.
2023 жылы жаздың соңғы айында аяқ астынан ауа-райы күрт өзгеріп, нөсерден болған су тасқыны кесірінен Жетісу облысындағы Ешкіөлмес және Абай ауылдарының бірнеше көшелері мен тұрғын үйлерді су басып, жергілікті тұрғындарды біраз әуре сарсанға салды. Құтқару жұмыстарына 5514 әскери бөлімінің 70 әскери қызметшіден тұратын жедел әскери резервтің құтқару жасағы мен бес әскери техника жұмылдырылған болатын.
Ұландық жауынгерлер су жолындағы елді мекендердегі көшелер мен аулаларды топырақ пен құм салынған қаптармен күшейтті, сонымен қатар су басқан тұрғын үй аумақтары мен жолдарды ағын сумен келген лай, батпақтардан тазартып таңнан кешке дейінгі мерзімде құтқару жұмыстарын жүргізді.
Дүйім елді дүрліктірген қаңтар оқиғасы Талдықорған қаласының да мазасын алды. 5-6 қаңтар күні бөлімнің жеке құрамы қаладағы жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге қатысты. Күштік құрылымдар мекемесінен ұрланған қару-жарақты іздеу барысында, қырағылық танытып, қаланың әр жерінен қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тапты. Ұландықтардың қатарында қиындыққа мойымайтын, қандай жағдай болса да, бұғып қалуды білмейтін жауынгерлер жүргенін осы төтенше оқиға тағы бір дәлелдеп өтті. Бұл сарбаздардың, ең алдымен моральдық-психологиялық дайындықтарын көрсетті.
Міне, содан бері 23 жыл бойы әскери бөлімнің жеке құрамы Талдықорған қаласының қауіпсіздігі мен тыныштығын күзетіп келеді, көптеген төтенше жағдайларда жігерлі әрекет етіп, жоғары қолбасшылық тарапынан бағаланып, түрлі марапаттарға да ие болды.
Мақсат – айқын, мүдде - бір.
Қазақ елінің экономикасы өрістеп, қуаты артқан сайын құқық қорғау органдарының инфрақұрылымдары, оның ішінде Ұлттық ұлан тәуелсіздік жылдары лайықты даму жолынан өткеніне тарих куә. Оған ашылғанына бас-аяғы 23 жылдың жүзі болған, азаматтардың алаңсыз қызмет атқарулары үшін мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалғанына 5514 әскери бөлімі және бір дәлел бола алады.
Биыл қасиетті Жетісу төріндегі 5514 әскери бөлімінің құрылғанына 23 жыл толып отыр. Полковник Әмір Мансұров басқарып отырған әскери бөлімнің негізгі міндеті Талдықорған қаласының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 2001 жылдан бастап бөлімнің жеке құрамы өздеріне жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттерді абыроймен орындап, қала көшелерінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып, барлық қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Сонымен қатар жоғарыда атап өткендей апаттар мен зілзалалардың салдарын жоюға да атсалысуда.
Осы жылдар ішінде бөлімде жауынгерлік қызмет атқару үшін барлық жағдай жасалған, сарбаз қажеттіліктерінің барлығы дерлік оң шешімін тапқан. Мұның бәрі қызметті алаңсыз атқаруға, қаланың қауіпсіздігі мен тыныштығын қырағы күзетуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының Ұлттық ұланды сапалық және сандық жағынан ныңайту бойынша тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында қаңтар оқиғасынан кейін таяуда штаттық құрылымға арнайы мақсаттағы отряд енгізіліп, жеке батальон екі есе кеңейіп, полк деңгейіне дейін өсті. Бүгінде бұл бөлініс штатпен толық жабдықталған. Отрядтың шоғырлануына бөлімнің орталығынан бөлек орналасқан 2 жедел мақсаттағы батальон аумағында арнайы модульдік ғимарат салынып, барлық керек жабдықтармен қамтамасыз етілген.
- 05 қараша күні тарих пен дәстүрді ұмытпай әскери бөлімнің 23 жылдық мерейтойын салтанатпен атап өттік. Салтанатты шарада мемлекетіміздің әнұраны орындалып, ел мүддесі жолында адал қызмет етіп жүрген бөлімнің әскери қызметшілеріне және ардагерлерге құрмет көрсетілді. Жиын барысында сөз алған бөлім командирі барша жиналған қауымды мерекелік датамен құттықтап, бөлімнің құрылу жолындағы әрбірінің ерен еңбегін атап өтті.
Мерекеге бөлімде әр жылдары қызмет еткен бірқатар ардагерлер келіп, естеліктерімен бөлісті. Талдықорған қаласының өзара ынтымақтастықта бірлесіп қызмет атқарып жүрген ішкі істер органдарынан, әкімдіктен және басқа да мекемелерден қызметкерлер келіп қатысты. Олар өз жүрек жарды лебіздерін жеткізді.
Бұл атаулы күн болғанымен, жеке құрам әрқашан жауынгерлік қызметте екендіктерін жақсы түсінеді. Бізге белбеуді бос тастауға болмайды. Полктің жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерін әрқашан адал әрі қырағы атқарады, - дейді бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Нұрсұлтан Төлеген.
Құқықтық тәртіп әскері – мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігінің қалқаны дейміз. Ендеше осындай маңызды міндетті атқарып отырған оңтүстіктегі үлкен полктің бірегейі, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен айдауылдау қызметін бірге алып жүрген 5514 әскери бөлімінің атқарып отырған қызметіне тек табыс пен табандылық тілейміз. 23 жылдық мерейтой жауынгерлік қызметте жүрген ұжымның атап өтуге тұрарлық мерекесі болмақ. Олар бұл күнге абыройлы қызметпен, сан сүрлеулі жауынгерлік жолмен жетті. Сіздер қандай құрметке болса да, лайықсыздар! Мерейтой құтты болсын, құрметті әріптестер!
Подполковник Бақыт ӘЛІПБАЕВ, «Оңтүстік» ӨңҚ