«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің штаб бастығы ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері подполковник Денис Шемет әскери бөлімінде ардақталды. Сарбаз өміріне араша түсіп, гранатадан құтқарған әскери қызметші жанұясымен бірге құрметтеу кешінің мерейлі меймандарына айналды. Салтанатты шара Ұлттық ұланның Өскемен қаласындағы дағдарысқа қарсы оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шара шымылдығы офицерге арналған бейнетүсіріліммен ашылды. Көрерменге ұсынылған бейнеэкранда подполковник сарбазды қалай құтқарғаны туралы толыққанды баяндайды. Оқиға оқу-жаттығу полигонында болған. Сарбаздың лақтырған гранатасы окоптың қалқасына түсіп, төмен қарай домалап кетеді. Сол мезетте подполковник Денис Шемет гранатаны аяғымен теуіп жіберіп, жауынгерді денесімен қалқалап, жата қалды. Әскери қызметшінің батыл әрекеті мерзімді әскери қызметшіні оқыс оқиғадан аман алып қалды. Ал, офицердің денесіне граната жарықшақтары кіріп, ауруханада ота жасалынды. Бір адамның өмірін ажалдан аман алып қалған офицер осылайша Мемлекет басшысының жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері атанған болатын.
- Бала кезімде кеме тізгіндеп, теңіз-мұхит кешуді армандайтынмын. Ер жете келе әкем сияқты әскери қызметші болуды мақсат тұттым. Мен Ұлы Отан соғысының үздік әскери қайраткерлерінің бірі, КСРО және Польша маршалы Константин Рокосовскийді үлгі тұтамын. Жалпы, әскери қызметшінің еш алаңсыз қызмет етуі жанұядағы берекеге де байланысты. Сондықтан, осы орайда маған әрдайым қолдау танытатын асыл жарыма айтар алғысым шексіз, - дейді 3477 әскери бөлімінің штаб бастығы, подполковник Денис Шемет.
Тағылымға толы шарада жергілікті өнерпаздар патриоттық сарындағы әндер шырқады. Сондай-ақ әскери бөлім командирі кеш қонақтарына түрлі сыйлықтар табыс етті. Еске салайық, жауынгердің өлшеусіз ерлігі үшін «Казцинк» кәсіпорыны да әскери қызметкерге алғыс білдіріп, 1 миллион теңге табыстаған болатын. Денис Шеметтің қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлығы мен ерлігі үшін көпке үлгі болары анық.