Жаңа нысан қазіргі заман талабына сай. Ауыл тұрғындарының қажетті медициналық көмек алуына барлық жағдай қаралған, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Аққайың ауылындағы жаңа медициналық пункт Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Жобаның құны – 237 млн.теңге.
Пункте әзірге бір медбике жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 3 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Мұнда тәулігіне 20 адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Күндізгі стационар және физиотерапия кабинеттері тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған, сондай-ақ, скринингтен өтіп, уақытылы екпе алуға да жағдай жасалған.
Бүгінде Аққайың ауылында 410 адам тұрады, басым бөлігі - аға буын өкілдері. 33 жылда заманауи әрі жаңа ғимаратқа қол жеткізген олар қуанып отыр. Ауыл тұрғындары медициналық көмекті ауылдық клуб ғимаратындағы арнайы бөлмеде алып келген.