Freedom Holding Corp. (FRHC) 2025 фискалдық жылғы ІІ тоқсанның қорытындысын шығарды, компания үшін ол 2024 жылғы 30 қыркүйекте аяқталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Холдингтің түсімі 580,9 млн АҚШ долларын құрады. Оның 145,3 млн АҚШ долларына (33%-дан астам) өсуі мынадай факторларға байланысты болды:
- Сақтандыру андеррайтингінен келіп түсетін кіріс негізінен зейнетақы аннуитеті және жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша шарттар санының ұлғаюы есебінен 58 млн АҚШ долларынан 160,3 млн АҚШ долларына дейін (177%-дан астам) ұлғайды.
- Сауда бағалы қағаздары бойынша таза пайда Қазақстанның тәуелсіз облигацияларын сату есебінен 50,8 млн АҚШ долларынан 68,3 млн АҚШ долларына дейін (35%-дан астам) өсті. Сондай-ақ, бағалы қағаздар бойынша позициялар құнының өсуіне байланысты сол кезеңдегі 65,9 млн АҚШ доллары көлеміндегі іске асырылмаған таза пайда танылды.
- Шетел валютасымен жасалатын операциялар бойынша таза пайда таза шығынның 3,7 млн АҚШ долларынан таза пайданың 6,5 млн АҚШ долларына дейін (275%-дан жоғары) дейін ұлғайды. Бұл өзгеріс негізінен 16,9 млн АҚШ доллары мөлшерінде шетел валютасын сату мен сатып алудан келіп түскен пайдаға байланысты, ол 10,4 млн АҚШ доллары мөлшерінде қайта есептеуден болған шығынмен ішінара өтелді, сондай-ақ Freedom Bank-тің шетел валютасындағы операциялардың жалпы көлемінің екі тоқсанда 78%-ға ұлғаюы есебінен өтелді.
- Комиссиялық кіріс негізінен брокерлік қызметтер есебінен 121,1 млн АҚШ долларына (8%-дан астам) дейін өсті.
Холдингтің шығыстары 151,5 млн АҚШ долларына (50%-дан астам) өсті. Мұндай серпін мынадай факторларға байланысты:
- Комиссиялық шығыстар негізінен өмірді сақтандыру бизнесі шеңберінде агенттік сыйақы шығындарының ұлғаюына байланысты 59,2 млн АҚШ долларына (187%-дан астам) өсті.
- Қайта сақтандыруды шегергенде келтірілген сақтандыру өтемақыларының көлемі 32,7 млн АҚШ долларына (96%-дан астам) ұлғайды. Бұл өсім ең алдымен екі тоқсан арасындағы сақтандыру операцияларының кеңеюіне байланысты болды.
- Холдингке кіретін компаниялардағы қызметкерлер санының өсуіне байланысты есепті кезеңде жалақы мен сыйлықақылар 26,2 млн АҚШ долларына (66%-дан астам) ұлғайды.
- Жалпы және әкімшілік шығындар қайырымдылық пен демеушілікті қамтитын 23,6 млн АҚШ долларына (80%-дан астам) ұлғайды.
Freedom Holding Corp. компаниясының таза пайдасы 114,5 млн АҚШ долларын құрады. Холдингтің 59,4 млн дана акциясының базалық орташа алынған мөлшеріне сүйене отырып есептелген табысы 1,93 АҚШ долларын құрады. Холдингтің 60,5 млн дана акциясының сұйылған орташа алынған санына сүйене отырып есептелген акциясының табысы 1,89 АҚШ долларын құрады.
Холдингтің активтері 8,302 млрд АҚШ долларынан 8,816 млрд АҚШ долларына дейін (6,2%-дан астам) өсті. Міндеттемелер 7,135 млрд АҚШ долларынан 7,553 млрд АҚШ долларына дейін (5,9%-дан астам) өсті.
Холдинг клиенттерінің брокерлік шоттарының саны 2024 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша 555 мыңды құрады, бұл бұған дейінгі тоқсанға қарағанда 25 мыңға артық болып отыр.
Телекоммуникациялық бизнесті дамыту шеңберінде Freedom Telecom Holding 2024 жылғы қыркүйекте «SilkNetCom» ЖШС-ны сатып алу бойынша мәмілені аяқтады. Бұл компания провайдерлік қызметтерді ұсынуға, ақпараттық технологияларға және телекоммуникациялық желілерді салуға маманданған. Мәміле сомасы 23,9 млн АҚШ долларын құрады.