Шымкентте Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) және Freedom Holding Corp. компаниясының қолдаумен KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған беделді турнир – әйелдер арасындағы 2024-2025 жылғы ФИДЕ Гран-приінің екінші кезеңінің қорытындысы салтанатты түрде шығарылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қызықты да тартымды өткен 9 турдың нәтижесі бойынша FIDE Women’s Grand Prix Series 2024-2025 екінші кезеңінде жарысқа ФИДЕ туы аясында қатысқан Александра Горячкина (2533) бәрінен басым түсті (7 ұпай). Одан жарты ұпай аз жинаған әлемнің экс-чемпионы Тань Чжунъи (Қытай, 2551) екінші орынға шықты. Қазақстанның әйелдер құрамасының көшбасшысы, 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері Бибісара Асаубаева (2487) Тбилисиде өткен 1-ші кезеңдегідей жүлдегер атанды, бірақ бұл жолы ол 3-ші орынды иеленді.
«Шахмат ойнаудың бай мұрасына ие Шымкент қаласы ФИДЕ қамқорлығымен өтетін әйелдер арасындағы ең беделді турнирлердің бірін қабылдаған орынға айналды. Осынау жоғары деңгейлі жарыс өткізу арқылы жаһандық шахмат сахнасындағы Қазақстанның позициясын нығайтып, өңір-өңірдегі мыңдаған жас спортшыны жаңа жетістікке жетуге шабыт беріп отырғанымызды мақтан тұтамыз. Турнирдің сәтті аяқталуын әділ жолмен жеңіске жету және осы игі ойынды дамыту үшін федерациялардың, үкіметтің және бизнестің арасында нәтижелі ынтымақтастық орнауының дәлелі деп есептеймін» Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов
29 қазанда дизайнер Аида Қауменова осы жарысқа арнап әзірлеген шахмат тақырыбындағы аса таңдаулы және сәнді әйелдер киімі топтамасының көрсетілімімен ашылған турнирдің барлық 9 турында шахмат жанкүйерлері әсерлі ойынға бар назарын аударып, нәтижесін тағатсыздана күтумен болды. Rixos Khadisha қонақ үйінің турнир залында турнирге қатысудың мол тәжірибесі бар әйгілі 10 шахматшы: гроссмейстерлер Тань Чжунъи (Қытай, 2551), Александра Горячкина (FIDE, 2533), Хампи Конеру (Үндістан, 2530), Катерина Лагно (FIDE, 2527), Элизабет Петц (Германия, 2458) және халықаралық шеберлер Бибісара Асаубаева (Қазақстан, 2487), Ставрула Цолакиду (Грекия, 2439), Дивья Дешмух (Үндістан, 2501), Нургюль Салимова (Болгария, 2405) және Батхуягийн Монгонтуул (Моңғолия, 2344) айналма жүйе бойынша бір-бірімен жарысты.
8 қарашада жарыстың жабылу іс-шарасы да салтанатты жағдайда өтіп, оған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, KazChess бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов, ФИДЕ, федерацияның және оның бас серіктесі – Freedom Holding Corp. команиясының өкілдері, танымал кәсіпкерлер мен беделді тұлғалар қатысты.
«Бүгін біз халықаралық әйелдер шахмат турнирінің сәтті аяқталуына куә болдық. Бұл жарыс тек спорттық бәсекелестік қана емес, әйелдер шахматын дамыту, жаңа таланттарды ашу және өзара достық қарым-қатынастар орнату алаңы болды. Баршаңызға, әсіресе жеңімпаздарға, адал күресіп, тамаша нәтижелер көрсеткендеріңіз үшін үлкен алғыс айтамын. Әрбір қатысушының еңбегі мен табандылығы бізге көптеген жаңа сабақтар берді, және бұл жеңістер мен жеңілістер шахмат әлеміндегі жаңа жетістіктерге жол ашатыны сөзсіз» Қуаныш Асылов
Әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-приі – ақшалай жүлдесінің қомақты болатынымен ерекшеленетін турнир. Алты кезеңнің әрқайсысының қоры 80 000 еуроға тең, бірінші орын алған шахматшыға оның 18.000 еуросы табыс етіледі, екінші орынның жүлдесі – 13.000 еуро. Бүкіл турнир сериясының жалпы жүлде қоры – рекордтық $600 000, оның $120.000 жалпы есепте үздік болған он ойыншыға үлестіріледі. Классикалық шахмат бойынша Гран-при ақшалай жүлдесімен ғана емес, рейтингті жоғарылату мүмкіндігімен де аса құнды, бұған қоса серияда жеңіске жеткен жағдайда әлемдік шахмат тәжін иеленуге жол ашылатын келесі үміткерлер турниріне (FIDE Women’s Candidates 2026) жолдама алуға болады.
Әйелдер арасындағы Гран-Придің 2024-25 жылдар сериясының 2-ші кезеңінің 9 турының қорытынды кестесіне назар аударсақ:
- GM Александра Горячкина (ФИДЕ, 2533) – 7 ұпай;
- GM Тань Чжунъи (Қытай, 2551) – 6½;
- IM Бибісара Асаубаева (Қазақстан, 2487) – 5;
- IM Ставрула Цолакиду (Грекия, 2439) – 5;
- GM Хампи Конеру (Үндістан, 2530) – 4½;
- IM Дивья Дешмух (Үндістан, 2501) – 4½;
- GM Катерина Лагно (ФИДЕ, 2527) – 4;
- IM Нургюл Салимова (Болгария, 2405) – 3½;
- GM Элизабет Петц (Германия, 2458) – 2½;
- IM Батхуягийн Монгонтуул (Моңғолия, 2344) – 2½.