Ұландықтар әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды

6094
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланы

Астанада өтіп жатқан самбодан әлем чемпионатында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Еламан Қойшыбаев елімізге күміс медаль алып келді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген спортшылар жиналды. Додаға қатысушылар спорттық және жауынгерлік самбодан әртүрлі салмақ дәрежесінде 31 медаль жиынтығы үшін күресті. Жарыстың екінші күні тоғыз түрлі салмақ дәрежесінде күрескен жеңімпаздар анықталды. Еламан Қойшыбаев 88 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, сенімді түрде ақтық сынға өтіп, сайыс қорытындысында күміс медаль жеңіп алды.

— Мен самбодан әлем чемпионатында дайындық пен табандылықтың жоғары деңгейін көрсеткен спортшыларымыз Еламан Қойшыбаев пен Болат Сапарды мақтан тұтамын. Мұндай жетістіктер оңай келмейді, оның артында қыруар еңбек, үздіксіз жаттығулар, үлкен күш-жігер мен мызғымас тәртіп жатыр. Еламан еліміздің намысын қорғап қана қоймай, өзін нағыз спорттық рухы бар мықты күрескер ретінде көрсетті. Алда әлі де көптеген жеңістер болатынына сенімдімін, олардың әрқайсысы Ұлттық ұланның имиджін нығайтып, жас ұрпақты шабыттандырады, – деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы полковник Сатжан Әбішев.

Айта кету керек, Еламан Қойшыбаев Ұлттық ұландағы қызмет оның спорттық мансабына қосымша дағдылар мен қатаю әкелгенін бірнеше рет атап өтті. Физикалық және моральдық сынақтарға негізделген жаттығулар рухты нығайтады және әскери қызметшілерді кез келген қиындыққа төзімді етеді.

— Әрбір сайыс — нағыз сынақ. Кілемге шыққанда барыңды салып, назарың да, қайратың да толықтай жеңіске бағытталуы керек. Мені баптап, додаға дайындаған жаттықтырушыларыма және қолдап, қуат берген туыстарыма, сондай-ақ осындай дәрежедегі жарыста еліміздің атынан өкілдік етуге мүмкіндік берген Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековке шын жүректен алғысымды білдіремін. Бұл үлкен жауапкершілік. Спортшы ретінде де, тұлға ретінде де өсуге көмектесетін керемет тәжірибе. Биылғы жыл мен үшін сәтті өтті: Макаода Азия чемпионы атандым және Әлем кубогында жүлделі орынға ие болдым, - дейді ұландық спортшы Еламан Қойшыбаев.

Ол өзінің Әлем чемпионатындағы медалі сияқты жетістіктердің өз мансабының бастамасы ғана екеніне сенімді, өйткені алда бұдан да биік белестерді бағындыруды жоспарлап отыр.

2023 жылы Ереванда өткен Әлем чемпионатында Еламан күміс медаль иегері атанды.

Айта кетейік, Еламан Қойшыбаев 1995 жылы 18 қыркүйекте Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі теміржол саласында жұмыс істеген, анасы үй шаруасымен және бала тәрбиесімен айналысқан.

Оқуды бітіргеннен кейін 2017 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ұлттық ұлан қатарына шақырылғае. Құқықтық тәртіп әскеріндегі қызметі кезінде түрлі жетістіктерге жетті. Отан алдындағы бір жылдық  қызметін өтегеннен кейін келісімшарт бойынша Ұлттық ұланда қалып, Ақтөбеде орналасқан 6655 әскери бөлімге әскери жасақ бастығы лауазымына тағайындалды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -