Қауіпсіздікті нығайту: құқық бұзушылықтың алдын алу

5533
Фотосурет: Сенаттың Баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Көкшетау қаласында Ақмола облыстық полиция департаментінде көшпелі отырыс өткізді. Сенатор Нұрлан Бекназаровтың төрағалық етуімен өткен отырыс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру аясында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне арналды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Көшпелі отырысқа Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, облыстық сот, прокуратура және полиция департаментінің басшылығы, Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

 

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров өз сөзінде азаматтардың құқықтарын қорғау және еліміздегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде алдын алу жұмысының маңыздылығын атап өтті. Алдын алу шаралары қылмысқа қарсы күрестің маңызды бөлігі ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың қауіпсіздігінің кепілі екені айтылды.

«Алдын алу шараларын қолдану құқық бұзу деңгейін төмендетіп қана қоймай, мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда адам мүддесі мен қауіпсіздігі бірінші орында болатын құқықтық орта қалыптастыру бұрынғыдан да маңызды. Құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заңды әзірлеу және қабылдаудың маңызы зор» Нұрлан Бекназаров

Отырыс барысында 2024-2028 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасы бойынша әзірленген кешенді шаралар талқыланды. Олар құқықтық базаны жаңғыртуға, полиция жұмысын қызмет көрсету үлгісіне көшіруге,  бірінші кезекте азаматтар қажеті көзделетін және басты мәселе адам болатын басқару үлгісін енгізуге бағытталған. Құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін жағдайды анықтауға және жоюға байланысты мәселелерге ерекше назар аударылды.

Ақмола облысы полиция департаментінің өкілдері мен өңірлік мәслихат депутаттары бірлескен алдын алу шараларының нәтижесін жариялады және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғаудағы алдын алу шараларын күшейту қажеттігі атап өтілді.

Депутаттар сонымен қатар қалалық ІТ мектеп лицейі мен  № 2 учаскелік полиция пунктінде болып,  полицияда қолданылатын бейнебақылау жүйесімен және цифрлық жобалармен танысты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -