Майор Ілияс Халықовтың туыстары ұйымдастырған іс-шара Жамбыл ауданының білім бөлімі мен Жамбыл ауылдық округы әкімдігінің қолдауымен өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Халықовтар әулеті – әскери династия. Полковник Қасымбек Халықов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Оның ұлдары генерал-майор Дамир Халықов пен запастағы генерал-лейтенант Әмір Халықов Қарулы күштердің жоғары командалық лауазымдарында қызмет атқарды. Өкінішке қарай, әскери әулетті жалғастырушы «Айбын» орденінің иегері майор Ілияс Халықовтың ғұмыры қысқа болды.
Алматы облысының Жамбыл орта мектебінде өткен Ілияс Халықовты еске алуға арналған «Жас сарбаз» әскерилендірілген эстафетасына 7 команда қатысты.
Оқушылардың жарысын Ілиястың әжесі Разипа Халықова, запастағы генерал-лейтенант Әмір Халықов, отставкадағы генерал-майор Шынтас Утяпов, Ауған соғысының ардагері Бақыт Жақыпбеков және Еңбекшіарал ауылындағы орта мектептің директоры Жанна Ермекбаева тамашалады.
Оқушылар автоматты бөлшектеп-құрастыру, нысанаға ату, кедергілер жолағын еңсеру және жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию дағдыларын көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Жамбыл атындағы орта мектептің командасы, екінші орынды Ш. Уәлиханов атындағы мектеп, үшінші орынды Сүйінбай атындағы мектеп иеленді.
Эстафетаның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне запастағы генерал-лейтенант Әмір Халықов грамоталар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ жеке есепте үздік нәтиже көрсеткен оқушылар да марапатталды.
Сонымен қатар, Жамбыл атындағы орта мектепте майор Ілияс Халықов сыныбы мен атыс тирі ашылды.