Ұлттық валютаның тарихы: теңге қалай өзгерді?

9724
Фотосурет: © Sputnik / Владислав Воднев

Ұлттық валюта - теңге тарихы туралы тезистер, деп хабарлайды DKnews.kz.

Ұлттық валютаның қалыптасу тарихы

Теңгенің тарихы 1993 жылғы 3 қарашадан бастау алады. Дәл осы күні ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. 1993 жылғы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды. Ал 15 қарашадан бастап теңге еліміздегі жаңа төлем бірлігіне айналды. 

«Теңге» – тарихи атау. Орта ғасырда түркілердің күміс монеталары «денге» немесе «таньга» деп аталған. Бұл атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынған еді.

Қазақстан ақшасын шығаратын кәсіпорындардың құрылу тарихы

Алғашқы банкноталар Англияда басылып шықты.

1995 жылғы 19 мамырда Қазақстанда Банкнота фабрикасы ресми түрде ашылды. Қаражат үнемдеу үшін Банкнота фабрикасына жаңа ғимарат салмай, оның орнына «Гидромаш» АҚ зауытының бір корпусын жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданды. 

1995 жылы фабрикадан 83 миллионнан астам банкнота шығарылды, келесі жылы 104 миллионнан астам банкнота басылды. 1997 жылы Банкнота фабрикасы Қазақстан Республикасы азаматтарының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін де шығара бастады. 

Қазір мол тәжірибе мен көпжылдық машықтың арқасында Банкнота фабрикасы банкноталарды өз базасында әлемдік сапа мен технология стандарттарына сай шығарады.

Қазақстан теңге сарайы 1992 жылы Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының базасында құрылды.

Ең алғашқы монета партиясы 1993 жылы Қазақстан теңге сарайында шықты. Кәсіпорын Ұлттық банктің тапсырысы бойынша түрлі-түсті металдардан, алтын мен күмістен ұлттық валюта монеталарын шығарады. Яғни, айналымға шығаруға арналған монеталар, естелік және коллекциялық монеталар әзірленеді. Оның ішінде диаметрі 100 мм, ал салмағы 2 килограмға дейін жететін қымбат металдан соғылған proof сапалы ерекше өнімдер де бар. Сонымен қатар, кәсіпорын мемлекет наградалары мен медальдарын, сондай-ақ алыс-жақын шет мемлекеттердің тапсырысы бойынша да монеталар шығарады. 

Қазақстан теңге сарайы – Монета сарайлары қауымдастығының мүшесі. Бұл қауымдастыққа мыңжылдық тарихы бар Англияның Корольдік монета сарайы сияқты нарықтың ірі өкілдері кіреді.

«Сақ стилі» жаңа банкноталар сериясы

Банкнота дизайнын өзгерту – әлемде кеңінен тараған тәжірибе. «Сақ стилі» жаңа ақша сериясын айналымға енгізудегі негізгі мақсат – ұлттық валютаның қорғаныс деңгейін арттыру, оны пайдалануға ыңғайлы ету, сондай-ақ Қазақстанның мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау.

«Сақ стилі» жаңа банкнота сериясы дизайнының тұжырымдамасы 2022 жылы әзірлене басталды. 2023 жылғы 15 қарашада банкнота сериясы ресми түрде таныстырылды. Ал 5 000 теңгелік алғашқы банкнотаны айналымға шығару 2023 жылғы 25 желтоқсанға жоспарланды.

Серияны әзірлеген кезде отандық және шетелдік ғалымдардың, археологтардың, антропологтардың, этнографтардың, суретшілер мен реставраторлардың көптеген еңбегі мен материалы зерттеліп, қолданылды. Банкноталардың жаңа сериясы ежелгі көшпенділердің дүниетанымындағы ерекшеліктерді, олардың табиғатпен және жануарлар әлемімен байланысын бейнелейді. Сондай-ақ «Сақ стилінің» бірегейлігін айқындап, ұлт мәдениеті мен тарихын зерттеуге деген қызығушылықты оятуға арналған.

Теңгенің қорғаныс элементтері

Қазақстан Ұлттық банкі әлемдік тәжірибеде алғаш рет банкнотаға екі түсті микрооптикалық қорғаныс жіптерін енгізді. Бұл қорғаныс элементі банкнотаны ары-бері аударып қарағанда, екі түс өзара әрекеттесіп, динамика әсерін тудырады. Мұндай элементті тек қағаз немесе гибридтік субстрат негізінде жасауға болады, яғни материал полимерлік емес болуы керек.

Сонымен қатар, банкноталардың дизайнында жарқын әрі есте қалатын 3D әсерін, сондай-ақ үш өлшемді қорғаныс элементтерін қалыптастыратын оптикалық өзгермелі голографиялық элементтер қолданылды. Бұл элементтер банкноталардың «Сақ стиліндегі» дизайнын толықтырып тұр.

Жаңа сериядағы банкноталардың дизайнында банкноталарды жарамды немесе тозған деп сұрыптау үшін қолданылатын касса техникасының алгоритмдері де ескерілген.

Сондай-ақ, жаңа банкноталарда серия нөміріндегі әріптер мен сандардың биіктігі бірдей (алдыңғы серияларда әртүрлі өлшем қолданылған). Бұл банкноталарды жоғары жылдамдықта өңдейтін жүйелерді барынша дәлме-дәл етеді.

 Ұлттық валютаның марапаттары

2000 жылдан бастап Қазақстан теңге сарайы мен Ұлттық банк жыл сайын халықаралық байқауларға қатысып келеді. Осы уақыттан бері Ұлттық валюта сапасы, дизайны және оны әзірлеуде қолданылған технологиялық жаңашылдық үшін түрлі номинация бойынша 20-дан астам марапатқа ие болды.

Қазақстанның коллекциялық монеталары «Монетное созвездие» (Coin Constellation), «Жыл монетасы» (Coin of the Year), IACA Excellence in Currency Awards, Vicenza Numismatica және басқа да халықаралық нумизматикалық қауымдастықтардың марапатын алды.

Ұлттық валюта банкноталары да бірнеше рет халықаралық байқауларда жүлдегер атанды. 2007 жылы 10 000 теңгелік (2006 жылғы үлгі) қазақстандық банкнота IACA (Халықаралық валюта мәселелері қауымдастығы) байқауында «Ең үздік жаңа банкнота» номинациясында бірінші орын иеленді.

2012 жылы Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 10 000 теңгелік естелік банкнота Халықаралық банкноттар қауымдастығының (IBNS) байқауында «2011 жылғы ең үздік банкнота» деп танылды.

2013 жылы IBNS байқауында 5 000 теңгелік қазақстандық банкнота «2012 жылғы ең үздік банкноты» атанды.

2014 жылы «Күлтегін» түркі жазбасы ескерткішіне арналған 1 000 теңгелік естелік банкнота IBNS шешімі бойынша «2013 жылдың ең үздік банкноты» атанды.

2015 жылғы 1 желтоқсанда айналымға шыққан 20 000 теңгелік банкнота  2016 жылы High Security Printing Europe конференциясында (Бухарест, Румыния) 2015 жылғы ең үздік аймақтық банкнота деп танылды.

2016 жылы 20 000 теңгелік банкнота Currency Conference конференциясында (Вашингтон, АҚШ) «Валюта индустриясындағы ең үздік техникалық жетістіктері үшін» (IACA Excellence in Currency Awards) номинациясы бойынша үш финалистің қатарына кірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -