Аягөз гарнизоны 10810 әскери бөлімінде қаладағы мектептердің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерімен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жиынның мақсаты – оқушылармен теориялық және практикалық сабақтарды өткізудің дұрыс әдістемесін үйрету. Патриоттық сезімді, жоғары азаматтық жауапкершілікті, моральдық - психологиялық жағдайды арттыру. Әскер қатарына шақырылғанға дейінгі жастардың әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесінің жұмыс істеуін күшейту, болашақ Отан қорғаушыларды даярлау қабілетін арттыруды болды.
Жиын Аягөз гарнизоны 10810 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бақыт Қашқынбаевтың басшылығымен өтті.
Шара барысында мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, әскери дайындықтарын сарапқа салды. Сонымен қатар болашақ отан қорғаушыларды әскерге дұрыс дайындау әдістемесіне басты назар аударылып, қазіргі уақытта мерзімді қызметін өткеріп жүрген сарбаздарға арналған жеңілдіктер мен мүмкіндіктер талқыланды.