Абыройлы қызметке – лайықты құрмет

27434
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Отан алдындағы әскери борышын өтеу әрбір ердің азаматтық борышы. Ал енді сол міндетті абыроймен атқару – жігіттің жүрегін түкті, ерік-жігерін мықты етеді. Конституциялық құқыққа сәйкес, біздің елде енді ғана мұрт тебіндеп шыққан бозбалалар өздерінің «жігіт» атанғанының айқын дәлелі ретінде Отан қорғау қызметіне қатыстырылып, міндетін мінсіз атқарады.

Ұлттық ұланның Алматы қаласында орналасқан 5571 әскери бөлімінде әскери қызметін жыл бойы өткерген сарбаздарды әскери міндеттіліктен босатып, өз отбасыларына шығарып салу шарасы салтанатты жағдайда өтті. Ұшқан құстың қанаты талып, тұлпардың тұяғы тозатын кең байтақ Қазақстанның үкенді-кішілі қала, кенттері мен елді-мекендерінен келген жүздеген сарбаз аталған әскери бөлімде қызмет етіп, қоғам тыныштығын қырағылықпен күзете білді.

Сонымен қатар, олар ата-ана, бауырларынан жырақта жүріп, өз беттерінше өмір сүруге бейімделді десек те болады. Мәселен, әскердегі ең басты ұстаным, ұранның бірі – «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұғымға салсақ, бұл жауынгерлік рухты жани түсетін сөз екенін байқаймыз. Айталық, әскердегі әрбір сарбаз – бір-біріне бауыр. Әскери бөлім олар үшін үлкен бір қарашаңырақ десек те болады. Сарбаз сондай шаңырақтың бір мүшесі атанып, өз киіміне әркім өзі күтім жасай жүріп, тәртіпке бағынып, уақытын пайдалы өткізуге ұмтылады. Мұның сыртында Отан алдындағы борышын жырақта жүріп өтеп жатқан сарбаздың сағынышы меңдеп, санасы сергіп, көңілі толқитыны тағы бар.

Міне, бұл «әскер барған» сарбаздарға ғана тән рухани тәлім-тәрбие, сөзбен айтып жеткізе алмайтындай рухани азық екені сөзсіз. Осының бәрі де айналып келгенде адам жанын ізгілікке жетелей түсетін, сағыныш сезімі арқылы жаныңды рақатқа бөлейтін тәрбиенің тетіктері.

Сонымен, 5571 әскери бөлімінде 2023 жылдың екінші шақырылымы бойынша өзге облыстардан келген 600-ден астам жауынгер Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарды. Өткен жылы әскери бөлім территориясына табандары тиген бұл сарбаздар осы уақыт аралығында есейе түсіп, дене пішімдері де ширай түскені сырт көзге бірден байқалады. Алаң ортасында қаз-қатар тізіліп тұрғандары да, әскери бөлім командирі полковник Мақсат Баймағұловтың жалынды сөздерін қуаттай түсіп, уралап қошемет көрсеткендері де, ән айтқан қарулас достарының құрметіне риясыз қол соғулары да осыны аңғартатындай.

- Сіздер өз міндеттеріңізді адал орындап, батылдық таныттыңыздар, әскери қызметтің барлық ауыртпалықтарын табандылықпен көтердіңіздер. Еліміздің алға ұстаса – айбары, қолға ұстаса найзасы сіздерсіздер! Осы әскери өмірден алған тәлім-тәрбиелеріңіз алдағы азаматтық өмірлеріңізге өз септігін тигізетініне сенімдімін, - деді бригада командирі полковник Мақсат Баймағұлов.

Бұл күні жауынгерлер үшін өз үйлеріндей болып кеткен казарманың алдындағы алаңға әскери бөлімнің барлық жеке құрамы салтанатты сап түзеп, шараға толық қатысты. Сап түзеген алаңның алдыңғы шебінің қарсы бетіндегі мінберде әскери бөлімде ұзақ жыл еңбек етіп зейнетке шыққан азаматтар да тұрды. Олардың барлығы да өз үйлеріне аттанғалы тұрған сарбаздарға сәт-сапар тілеп, ақжолтай ниеттерін жаудырды.

Сонымен қатар, Ұлттық ұлан жауынгерлері қоғамдық тәртіпті қадағалау қызметінде Полиция департаментінің өкілдерімен тізе қоса еңбек ететіндіктен, құқық қорғау органдарының жетекшілері де қызмет барысында өзін үлгілі етіп көрсеткен сарбаздарды марапаттауға келген болатын. Атап айтқанда, қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында айрықша қырағылығымен көзге түскен сарбаздарға қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев пен бөлім командирі полоквник Мақсат Баймағұловтың атынан Алғыс хат, командирлік сағат сынды бағалы сыйлықтар және әскери бөлімнің жазылып қойылған Жауынгерлік Туы жанында естелікке түскен суреттері табыс етілді. Сондай-ақ, жиын аясында ардагерлер қауымының атынан Ұлттық ұлан ардагері запастағы майор Берік Алмағамбетов те сөз сөйлеп, отбасына оралғалы жатқан сарбаздарға ризашылығын білдіріп, жалынды тілегін жеткізді.

- Сарбаздар, сіздерге алдағы өмірде өз қабілеттеріңізді дұрыс қолдана отырып, туыстарыңыз бен жақындарыңыз үшін нағыз тірек боласыз деп сенемін. Сіздер Отанымыздың гүлденуі үшін қолдарыңыздан келгенше еңбектенетіндеріңізге сенім артамын, - деді ардагер.

Сөзінің соңында ардагерлер атынан қызметтерінде біліктілігімен ерекше көзге түскен жауынгерлерге «Отан қорғаушының анасы» төс белгілерін табыстады.

Осылайша, Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқарып, еліне адал қызмет еткен сарбаздар жауынгер рухын оятатын асқақ әндерін әуелете шырқап, алаң ортасынан салтанатты шерумен жүріп өтті. Содан соң, әрбір взвод сарбаздары бөлім командирі және ардагерлерімен естелік суретке түсіп, мерзімді қызметтен босатылып, қуанышқа кенеліп жатты.

Подполковник Бақыт Әліпбаев, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -