Жас Отан қорғаушылар әскери қызметке бейімделуде

6787
Фотосурет: Аягөз гарнизоны

Аягөз гарнизоны 10810 және 10181 әскери бөлімдеріне Отан алдындағы борышын өтеуге келген 350-ге жуық жас сарбаз даярлық курсынан өтуде, деп хабарлайды DKnews.kz.

Осы жылдың күз мезгілінде Аягөз гарнизонына еліміздің әр аймағынан азаматтық борышын өтеуге келген жас сарбаздар Отан қорғаушылармен тең дәрежеде сапқа тұру үшін бір ай көлемінде арнайы даярлық курсынан өтіп жатыр. Жас жауынгерлерге тағайындалған тәжірибелі офицерлер мен сержанттар әскери қызметке бейімделуге көмектесіп, әскери мамандықтарға үйретеді. ​

Жоспарға сәйкес жас сарбаздар саптық, тактикалық, атыс, денешынықтыру, медициналық дайындық сабақтарын оқып, әскери жарғыларды, сондай-ақ жалпы күн тәртібін меңгеруде. Әскери борышын атқару барысында жас сарбаздар ізгі қасиеттерді бойларына сіңіріп, табанды әрі төзімді болуды үйренуде.

 - Әскерге алынған сарбаздар жас жауынгерлер курсынан өтіп, олар ҚР Қарулы Күштерінің тарихын, әскери істің негіздерін үйреніп, сап дайындығы сынды түрлі дайындықтан өтуде. Батылдық пен қырағылық, әскери антқа адалдық туралы түсінікпен танысу жұмыстары жүргізілуде, – деді 10181 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ержан Қошқаров.

Бүгінде борыштарын өтеуге келген жас жауынгерлер арнайы дайындықтан өткеннен кейін қараша айының соңында Отан алдында адал болуға ант беріп, алдағы бір жылдық қызметтеріне кірісетін болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -