Халықаралық азаматтық авиация ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тілегенов ИКАО жанындағы Экваторлық Гвинея Республикасының Тұрақты өкілі, ИКАО Кеңесінің бірінші Вице-Президенті, авиацияны қалпына келтіру жөніндегі Кеңестің жұмыс тобының төрағасы және Сыртқы аудиторларды таңдау жөніндегі шағын топтың төрағасы, Елші Эстанислау Эсоно Ангесомоға сыпайылық сапарымен барды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесуде Қазақстанның Экваторлық Гвинеямен азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастығы және ИКАО алаңындағы өзара іс-қимыл желісі мәселелері талқыланды.
Эстанислау Эсоно Ангесомо ИКАО алаңындағы миссиясының міндеттері мен басым бағыттары және ұйым кеңесі мен авиацияны қалпына келтіру Кеңесінің жұмыс тобы туралы қысқаша айтып берді. Сондай-ақ ИКАО Кеңесіне ротация тәртібімен қатысатын, өз елінен басқа 11 ел: Ангола, Бурунди, Габон, Конго Демократиялық Республикасы, Камерун, Конго, Руанда, Сан-Томе және Принсипи, Орталық Африка Республикасы және Чад кіретін Орталық Африка субөңірлік тобының қызметі туралы хабарлады.
Экваторлық Гвинея өкілі Қазақстанның ИКАО жанынан тұрақты өкілдік құру туралы шешімін құптады, оның айтуынша, бүл қадам ИКАО стандарттарына сәйкестікті арттыру, әуе көлігінің қолжетімділігі және туризмді дамыту бағытында ұйыммен өзара іс-қимылды нығайтуға жәрдемдесетін болады.
Өз тарапынан Тимур Тілегенов әңгімелесушіні ҚР азаматтық авиация саласын одан әрі дамыту, жаңа рейстерді ашу, ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ИКАО стандарттарына сәйкестік деңгейін арттыру жөніндегі ағымдағы жай-күйі мен жоспарлары туралы хабардар етті.