«Адал ұрпақ»: Түркістан облысындағы ерікті мектеп клубтарының слеті

11561
Фотосурет: Gov

«Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне 10 жыл» мерекесіне орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті, Облыстық білім басқармасы және «Жалын» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық слеті өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жиында сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Әсілбек Сәбит жастарға тілестігін білдірді.

– Болашағымыздың іртетасы – бүгінгі өскелең жас ұрпақтың қолында екендігі белгілі. Сондықтан, егемен еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін жас буынның тәрбиесі тұнық, елге деген сүйіспеншілігі берік болуы қажет. Соның ішінде, бүгінгі іс-шараның берері мол. Әділдікті ту етіп, адалдықты биік қойған жастарымыздың әрдайым мерейі үстем болсын! – деді Превенция басқармасы басшысының орынбасары.

Түркістан облысының білім басқармасының «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы» КММ директоры Бақытжан Ешенқұлов сөз сөйлеп, «Адал ұрпақ» еріктілер мектебі клубтарының жас өрендеріне сәттілік тіледі.

Патриоттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оған қарсы тұруға дайын тұлғаларды тәрбиелеу мақсатында Түркістан қаласы, А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейінде өткен слетке жалпы білім беретін ұйымдардың 9-10 сынып оқушыларынан құралған «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының мүшелері және әскери жетекшісі қатысты.

Түркістан облысына қарасты барлық аудан, қалалардан келген 16 команда екі кезең бойынша сынға түсті.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Түлкібас ауданының клубы, ІІ орынды Түркістан қаласы мен Жетісай ауданының командалары иеленді. Ал ІІІ орыннан Бәйдібек, Сарыағаш, Төлеби аудандарының клубтары көрінді. Жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар мен грамоталар беріліп, дайындаған әскери жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -