Белгілі қазақстандық кәсіби боксшы және әлем чемпионы, Қазақстанның атынан әлемдік аренада ауыр салмақта өнер көрсетіп жүрген Еділ Қожамбердиев ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Кеңес Одағының батыры гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөліміне барып, жеке құраммен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шара барысында ұландықтарға боксшының өмір жолы, оның спорттық жетістіктері және болашаққа жоспарлары туралы айтылды. Кездесудің басты мақсаты — әскери қызметшілерді чемпионның жарқын жеңістер жолындағы қажырлы еңбегі арқылы шабыттандыру.
Сарбаздар белсенді түрде сұрақтар қойып, пікірлерімен бөлісті және спортшының өмірлік сабақтары туралы көбірек білуге мүмкіндік алды. Көптеген сарбаздың осы кездесуден кейін боксқа деген қызығушылығы артты. Еділ Қожамбердиев әскери қызметшілерге жауапты қызметтері үшін алғыс білдіріп, өзінің алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
"Қазіргі жетістігім — менің ғана еңбегім емес, жақындарымның, командамыздың және халқымыздың қолдауының нәтижесі. Рингтегі шайқастар тек физикалық күшті емес, сонымен бірге ақыл-ой күшін де қажет етеді. Бұл маған мақсаттарға жетуге және қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Сіздердің қызметтеріңіз тәртіпті, батылдықты және әскери борышқа адалдықты қажет ететін үлкен еңбек. Мен мұндай қасиеттер қызметтеріңізде өте маңызды екеніне сенімдімін. Сізге табандылық және сәттілік тілеймін!" Еділ Қожамбердиев
Мотивациялық кездесуден кейін чемпион тіпті кәсіпқойлар арасында құрметке ие болатын бірнеше бокс техникасы мен әдістерін көрсететін шағын шеберлік сыныбын өткізді.
Еділ Қожамбердиевтің спортқа деген сүйіспеншілігі бала кезінен-ақ байқалған. Ол Майк Тайсон мее Мұхаммед Әли сияқты аңыздардың мансабына тәнті болып, жастайынан өзін жан-жақты дамыта бастаған. Мектеп жылдарында кикбоксингпен айналыса бастаған ол өз арманын жүзеге асыруға батыл қадамдар жасады. Табандылық пен шыдамдылықтың арқасында спортшы Азия және Әлем чемпионаттарына қатысып, жоғары шеберлігін көрсетті. 2017 жылдан бастап ол халықаралық аренада Қазақстанның атынан кәсіби боксқа өтті.
Іс-шара соңында чемпион қолтаңбасын қалдырып, ұландықтармен естелік суретке түсті. Аталмыш кездесу көптеген сарбаздар үшін ұмытылмас күн болды және спорт пен армияның ортақ мақсаты — елінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға қабілетті рухы мықты адамдарды тәрбиелеу арқылы біріктіргенін дәлелдеді. Өз кезегінде, 5571 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстап жөніндегі орынбасары подполковник Ұлықбек Қараев құрметті қонаққа "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әмриевтің атынан алғыс хат табыс етіп, жеке құрамға бөлгее уақыты мен қолдауы үшін алғысын білдірді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Еділ IBA бойынша әлем чемпионы, WBA және WBC бойынша Азия чемпионы, UBO бойынша құрлықаралық чемпион және WBC Middle East, WBC Turan нұсқалары бойынша халықаралық деңгейдегі чемпион.