Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Петропавлдағы әскери бөлімге барды

8338
Фотосурет: Ұлттық ұлан

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында 6637 әскери бөліміне барды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Ол бөлімнің жеке құрамымен кездесіп, материалдық-техникалық базасымен және казармадағы мерзімді қызмет сарбаздарының тұрмыстық жағдайымен танысты.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысына ахуалды "Орталық" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сәкентай Шекарбеков пен әскери бөлім командирі полковник Досан Күркенов таныстырды.

 Бірінші кезекте Бас қолбасшы әскери бөлімнің инфрақұрылымымен танысып, әскери қызметшілердің казармалық үй-жайларын және материалдық-техникалық базаның жай-күйін тексерді. Сондай-ақ қару-жарақ пен техниканы тексеріп, жеке құрамның жауынгерлік дайындығын және олардың кәсібилік деңгейін бағалады.

Осыдан кейін генерал-майор Аңсаған Балтабеков әскери техникалар, жанар-жағармай материалдары мен оқ-дәрілер сақталатын қоймаларды тексеріп, оларды сақтау кезіндегі қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударды. Ол жауынгерлік қызмет кезінде сақтық шараларын қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, асхана мен медициналық пункттің, мәдени-демалыс орталығының жағдайын көріп, әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді.

"Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету-бұл жай ғана міндет емес, үлкен абырой. Сіздер еліміздің сенімді қалқанысыздар, оның тыныштығы мен тұрақтылығын күн сайын қорғаудасыздар. Сондықтан біз бөлімдер мен бөліністердің жауынгерлік дайындығын, әскери қызметшілердің қызмет ету және тұрмыс жағдайларын, әскердегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауды әрқашан назарда ұстайтын боламыз" Аңсаған Скендірұлы

Жұмыс сапарының соңында ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді Бас қолбасшы жеке марапаттады.

Айта кету керек, бүгінгі таңда 6637 әскери бөлімі өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Жеке құрам полиция қызметкерлерімен бірлесіп қала қауіпсіздігін қорғауға, қылмысқа қарсы күреске, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсенді қатысады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -