Ұлттық банк теңгенің әлсіреуінің себебін атады

4774
Фотосурет: ©️ Руслан Пряников/ kapital.kz

Соңғы уақытта ішкі және сыртқы факторлардың жиынтығы теңгенің әлсіреуіне алып келді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сыртқы сектордағы жағдай әлі де күрделі болып отыр. Бұл жоғары құбылмалылық пен жаһандық экономикалық тәуекелдердің сақталуымен байланысты. АҚШ доллары дамыған және дамушы нарықтардың валюталарына қатысты нығаюын жалғастырды. DXY индексі қыркүйек айынан бері 5,5%-ға артып, 106,2 тармаққа дейін жетті. ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,1%-ға төмендеді.

Мұнай нарығында да пессимистік көңіл-күй байқалып отыр. Бұл әлемдік сұраныстың баяу қалпына келуі мен ОПЕК+ тарапынан ұсыныстың өсуі күтілуіне байланысты. Соның нәтижесінде мұнай бағасы барреліне 71-72 АҚШ доллары деңгейіне дейін төмендеді.

Ішкі валюта нарығында экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы және валюта нарығында, оның ішінде квазимемлекеттік сектор тарапынан ұсыныстың шектелуі байқалады.

Шетел валютасына сұраныстың өсуі жалпы экономикалық белсенділіктің, оның ішінде сыртқы экономикалық белсенділіктің артуына байланысты. Сондай-ақ, оған бюджет шығыстарының артуы мен квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға шығындарының ұлғаюы сеп болып отыр. Осы фактордың барлығы жиынтығында импорттың өсуіне, сәйкесінше, шетел валютасына сұраныстың артуына ықпал етеді.

Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің бұзылуы инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізіп, инвестициялық жобалардың қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның артуына алып келеді. Осыған байланысты валюта нарығындағы теңгерімділікті арттыру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысы мен Ұлттық Банктің бұйрығы әзірленіп, жақын күндері қабылданады.

Бұған дейін бұл талап 2023 жылдың тамызына дейін қолданыста болған, алайда макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған еді. Сонымен бірге, бұл талап шоктарды бәсеңдету үшін жедел қолдануға болатын тиімді құрал болып табылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -