Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдық мерейтойы атап өтілді. Университетте «Білімді қыздар – білімді ұлт» халықаралық форумы өтіп, мерейтой аясында еліміздің білім және ғылым саласына еңбегі сіңген тұлғалар, университет түлектері және профессорлық-оқытушылық құрамы марапатталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мерейтой барысында университет тарихындағы айтулы оқиға – QyzPU жаңа оқу ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Жаңа корпустың лентасын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, университет түлегі Орынша Қарабалина, және Университеттің Директорлар Кеңесінің Төрағасы Омархан Өксікбаев кесті. Министр Саясат Нұрбек университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына ғылым мен білім саласына қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, марапаттар табыстады. Ведомство басшысы университеттің тек білім беру ордасы ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қоғамға жеткізетін маңызды орталық екенін ерекше атап өтті. Министр өз сөзінде педагогикалық университеттің 80 жылдық тарихына тоқталып, осы уақыт ішінде оқу орнын тәмамдаған түлектердің еліміздің түкпір-түкпірінде ұстаздық қызметте, қоғамдық жұмыстарда, сондай-ақ өнер мен мәдениет салаларында жемісті еңбек етіп жүргенін атап өтті. Университеттің жетістіктері мен қоғамға қосқан үлесі оның ұлттық білім беру жүйесіндегі ерекше рөлін көрсетеді.
Уиверситетте Пәнаралық ғылыми зертхананың ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға химия ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедқали Матаев және Университеттің Директорлар Кеңесінің Төрағасы Омархан Өксікбаев қатысып, лентасын қиды. «Университет жас мамандарды тәрбиелеп қана қоймай, ғылым саласын дамытуға да ден қойып отыр. Үлкен ғылыми ордаға айналуына көңіл бөліп, зертханалар ашып жатырмыз. Зертханадағы оқудың 30%-ы оқу-әдістемелік болса, 70%-ы ғылыми тәжірибе жинақтауға бағытталған. Ғалымдардың осы зертханалардағы тәжірибесінің арқасында елімізде ғылыми жаңалықтар болады сенімдемін. Сондықтан бұл университет тек мұғалім даярлауға ғана емес, ғылымды дамытуға да үлес қосады», - деді Омархан Өксікбаев.
Зертханалық орталық «химия-биология-физика» бағытындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге негізделген, болашақта басқа да бағыттарды қамтиды деп жоспарлануда. Ол әртүрлі салаларда зерттеулер жүргізуге арналған заманауи құрылғылармен жабдықталған. Орталықта түрлі бағыттағы зертханалар бар: спектрлік талдау зертханасы, рентгендік фазалық талдау зертханасы, жаңа материалдарды синтездеу зертханасы, кванттық магнитометриялық зерттеулер зертханасы, электрондық құрылымдық зерттеулер зертханасы, табиғи қосылыстар химиясы зертханасы, креативті идеялар және ынтымақтастық зертханасы, биомедициналық зерттеулермен айналысатын биомедициналық зерттеулер зертханасы және жаңа биологиялық өнімдер мен технологияларды жасау үшін биотехнология және гендік инженерия бойынша зерттеулер жүргізілетін биотехнологиялық зерттеулер жасайтын зертхана.
Сондай-ақ жаңа идеялар мен креативті бастамаларға арналған «QyzPU Unispace» коворкинг орталығы ашылды.
Мерейтой аясында өткен маңызды оқиғалардың бірі QyzPU мен әлемнің жетекші университеттері арасындағы стратегиялық келісімге қол қою болды. QyzPU Michigan State University, Sussex University арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар QyzPU, Education University of Hong Kong және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті арасында ұстаздар біліктілігін арттыру академиясын құру туралы шартқа қол қойылды.