Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында соңғы екі жылда білім ордасын аяқтап, рота командиріне дейін өскен жас офицерлермен кездесу өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға профессор-оқытушылар құрамы, жоғары оқу орнының курсанттары, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери мектептердің тәрбиеленушілері мен жас офицерлердің туған-туыстары қатысты.
Қарулы күштердің сапалы жаңа офицерлер корпусын қалыптастыру жөніндегі Қорғаныс министрлігінің 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бағдарламасын басшылыққа ала отырып, жоғары оқу орындары өз түлектерінің келешегін қадағалайды.
Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары полковник Бауыржан Әбіров 14 үздік жас офицерге «Үздік маман» белгісін және бағалы сыйлықтар табыс етті.
Қарулы күштердің ардагері генерал-полковник Әлібек Қасымов түлектерді айтулы күнмен құттықтады.
– Әрбір офицер мәдениеті жоғары және өз ісінің майталманы болып қана қоймай, оны жеке құрамнан талап етуі маңызды. Барлық жағынан салмақты болуға тырысып, әсіресе қол астындағылардың әрекеттерін бағалауға қатысты мәселелерді қарастырған кезде асығыс шешім қабылдамау керек. Сонда ғана сендерге сеніп тапсырылған бөлімшелер жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, әскери тәртіптің қажетті деңгейін сақтай алады, – деді ол.
Жас офицерлердің кәсіби қалыптасуы жеке өміріндегі маңызды оқиғалармен қатар жүретіні анық. Іс шара барысында аға лейтенант Дмитрий Фоменко өзінің сүйіктісі Аринаға отау құруға ұсыныс жасады. Демек, отбасын құру арқылы Дмитрийдің сенімді тылы пайда болады да, қызметке деген ынтасы арта түседі.
Салтанатты шара Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы филиалының шығармашылық тобы дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.